«Өз ағасын ағалаған – Қолда барды бағалаған»
(халық даналығы)
Есмырза әулетінің қазіргі үлкені, алдымыздағы ағамыз Рысқали Бірғалиұлы Исмурзин – бүгінгі мақаламыздың кейіпкері. Жас келген сайын әр ағаң туралы өзіңше ой түйесің. Әрқайсыcының өзіндік орны бар екенін түсінеміз.
Бізге қараған ағайын негізінен атақоныс Саралжында қоныс тепті. Кеңес кезеңінде Қаратөбе басында жалғыз Рысқали ағам ғана еңбек жолын бастаған екен. Ұзақ жыл сондағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметте маңдай терін төккен азамат ілкіде жас отбасыларға арналған жатақхананы құтты қоныс етті. Мұны неге баса айтып отырмын?
Сол жылдары ауылдағы ызғын ағайын өздерінің жеке шаруаларымен аудан орталығына ағылып келіп жататын. Өзімізге қараған туысқандардың арасынан Қаратөбенің басындағы жалғыз үй болғандықтан ағамыздың шаңырағы сондағы «заезжий двор» болды десем, еш қателеспейтін шығармын.
Аудан орталығында ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларда «Ағаның үйі – ақ жайлау» деп сонда бас тірейтінбіз. Осының бәрі бала жүрегімізде қалды. Ауданға анда-санда келетін жасөспірім бізді былай қойғанда, Саралжындағы күллі тума-туыстың сол кездері жатақхананың аядай екі бөлмесін үзбей «тапағанын» еске түсірсем, қазақтың ғасырлардан жалғасқан қонақжайлық қасиеті, ағайындылардың бір-біріне түрлі жағдайда көмек қолын созуы, туысқандық қарым-қатынасқа адалдықты білдіретін бауырмалдықты еске түсіреді.
Осы ретте Рысқали ағамның бақ-мерейі шалқыған отбасылық өмірінің бал жылдарына қысқаша барлау жасайық. Біздің бала кезімізде аға-жеңгеміздің киім киісі, жүріс-тұрысы, өз-өздерін ұстауы, олардың аудан басындағы әлеуметтік-тұрмыстық өмірі ауылдағы ағайыннан кәдімгідей ерекше еді. Бір сөзбен айтқанда, олардың өмірінен қала мәдениетінің белгісі ап-анық көрінетін.
Кеңес заманында құндыз (норка) бөрікті немесе құндыз жағалы қысқы киімдерді екінің бірі кие бермейтін. Үстерінде сол заманның үлгісі бойынша әдемі тігілген сәнді киімдер оларды өзгелерден кәдімгідей даралап тұратын. Осындайда қазақтың «Адам көркі – шүберек» дегені еске түседі.
Олардың кішкентай бүл-діршіндерін жетектеп Мәскеу мен Ленинградта туристік саяхатта қыдырып жүрген күндері, сол сияқты КСРО-ның курортты қалалары Сочи мен Кисловодскіде отбасымен демалуы – совет заманындағы ауыл қазақтары үшін сирек кездесетін жайт еді. Қазақ «Берсең балаға бер» дейді. Бұдан біз бауыр еті балаларына бақытты балалық шақ сыйлаған ардақты әкені көз алдымызға елестетеміз. Сайып келгенде, мұның бәрі жеңгеміз Салтанат екеуінің өз дәуірі мен дәуреніне сай – олардың отбасылық өмірінің шуақты күндерінен сыр шертеді.
Ағамыз туралы әңгіме қозғалғанда тағы бір еске түсетін нәрсе – ол кісінің баяғының сал-серілерінің сарқытындай көрінетін сән-салтанаты. Бозбала шақта көзімізбен көре қалғанымыз, әу бастан ән-жырға жақын, оның үстіне келісті һәм көрікті ағамыз уақытында жиын-тойдың сәніне айналған-тұғын. Жасаңдау шағында Қаратөбе ауданында Исмурзиндер әулетінің ансамблін құрып, ол ауданды былай қойғанда облыстық сахналарда өнер көрсетіп жүрді. Ол кісінің той-топырларда шиыршық атып, бас құда ретінде «Шегенің ариясын» шырқап, ортаның гүлі болып жүргенін замандастары әлі ұмыта қоймаған шығар. Өзінің айтуы бойынша ата салтымен 60 шақты келінге бас құда болып барып, оларды құтты орнына қондырыпты. Басқасын айтпағанда, әкем марқұм өзім мен туған інім Нөкөн үйленгенде ағамды құда қылып жіберген-ді.
Бірғали Есмырзаұлы
Қазақ «әулеттің визиткасы» ретінде қашанда бас құда қылып жөн-жосықты білетін, ел-жұртын ұятқа қалдырмайтын беделді адамын жіберетіні белгілі...
«Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» демекші, өзінен кейінгі інілері мен балалары, яки, бауырларымыз Исмурзиндердің жас буыны әлі күнге дейін аудан мен облыста сахнаның сәні болып жүр.
* * *
Осы ретте көңілі дархан, қонақжай ол кісінің айтқан мына бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Ағамыз 1988-2008 жылдары Бүкілодақтық Қызыл Крест және Қызыл Ай қоғамының аудандық төрағасы қызметін абыроймен атқарған-ды.
Бірде қасында аудармашысы бар, өңірімізге гуманитарлық көмек әкелген швейцариялық азаматшаның Қаратөбеге жолы түсіпті. Содан жұмыстастар арасында елге келген мейманды ата салтымыз бойынша «кім қонақ қылады?» деген сұрақ туындапты. «Қонақ келсе, құт келеді» деп санайтын қонақжай Қаратөбенің қонақ күтудегі тек қана өзіне тән клас-
сикалық үлгісі бар емес пе?!
Содан жатжұрттық қонақты үйге ертіп келіп, Салтанат жеңгеміз дастарқанды ұлттық тағамдармен (бесбармақ, қазы-қарта, жал-жая, қаймақ-май, құрт-ірімшік, тары-талқан, қымыз-қымыран, т. б.) сықыстырып, бөктіріп қойса керек. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген алыстан келген құдайы қонақ «ұлт-
тық кухнямызға» таң-тамаша қалып, «Мына тағам өте тәтті екен, бұл неден жасалады, мұны қалай сақтайды, т. б.» сан түрлі сауалдармен ағамды әбден «тергеуге» алыпты.
Қазақ: «Жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» дейді. Мәселе, ағамыздың алған-бергенін, ішкен-жегенін жіпке тізу емес. Мақсат – ағамыздың қазақтың қонақжайлық деген асыл дәстүрін берік ұстанған азамат екенін айшықтау.
* * *
Ағамыздың тағы бір қыры – ескіліктің әңгімелерін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жетік білетіні. Той-топыр мен садақа-сақпыттан қалмайтыны. Тауып айтатын тапқырлығы. Естіген нәрселерін ұмытпайтын құймақұлақтығы мен әңгімешілдігі.
Көпбалалы отбасында өскен ағамыз ес білгеннен-ақ, өзінен кейінгі тәй-тәй басқан ініарындастарына қамқор болып, ата-анасына бір кісідей көмектескен сияқты. Біздің туысқандардың арасында жиі айтылатын ағамыздың аузынан шығыпты деген мынадай бір қанатты сөз бар: «Бала баққан жақсы ма, әлде өлген жақсы ма»?! деген. Ол кісінің «бала күтушілік» қызметке ерте араласқанын осыдан-ақ көре беруге болады.
Барлық адам – пенде. Ұлы философтардың айтуынша, артықшылығы бар адамның кемшілігі де бар. Сәйкесінше, кемшілігі жоқ адамның артықшылығы да жоқ. Олай деуге себеп, ағамыздың кейде шыңғырған шындықты айтамын деп, жанған отқа өзі барып түсіп, кейбір жандарға жеккөрінішті болатыны бар. Осы орайда бірде Мәулен Салахаден досымның: «Көп жағдайда Рысқали ағамыз бетің бар, жүзің бар демей, көпшіліктің алдында ойын батыл, ашық жеткізіп, айналасына жаманатты болып жатады» дегені еске түседі.
«Су сұраса сүт берген, айран берген, Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!» демекші, отанасы Салтанат жеңгеміз қашан келсем де, «Жәкөн, сыбағаң әзір тұр» деп, бар жылы-жұмсағын аузыма тосып, «хан баласы ақсүйектей» тәрбиелейді.
Иә, жеңгей екеуі – үлпершектей ұл, қызғалдақтай қыз тәрбиелеп, оларға жоғары бі-лім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере-жиен сүйіп отырған жарасымды жанұя! 70 жас мерейтойыңыз құтты болсын, аға! Атам қазақ: «Ағаның бары білінбейді, жоғы білінеді» дейді.
Сіз Есмырза атамыздан өрбіген үш ұлдың бүгінгі ұрпақтарының ішіндегі ең үлкенісіз! Әулетіміздің қазіргі бәйтерегісіз! Жаратқан иеміз-дің берген жасын жасап, қазыналы қариямыз боп арамызда отыра беріңіз!
Жаңабек Жақсығалиев,
Орал қаласы