20.01.2024, 16:00
Оқылды: 153

«Дипломмен ауылға!» жобасы: Ауыл жастармен көрікті

Жүзеге аса бастағанына биыл он бес жыл толатын «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы қажетті еңбек ресурстарымен ауылдық аймақтардың кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталғаны белгілі. Соның аясында жастар қатары Бәйтерекке келіп, жұмысқа орналасып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

IMG-20240117-WA0100

«Дипломмен ауылға!» жобасы бастау алған тұста әлеуметтік қолдау тек денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының мамандарына көрсетілгені аян. Кейінірек олардың қатарына агросекторлық бағытта білім алғандар, мемқызметкерлер де енді.

Мамандардың айтуынша, жобаға қатысқысы келетіндер үшін жалғыз критерий – бұл тек дипломның болуы. Жоба мамандарға олардың жасына, білім деңгейіне және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесіне байланысты әлеуметтік қолдау шараларын көрсетудің шектеулерін көздемейді.

IMG-20240120-WA0043

- Бұл бағдарлама – енді ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекет тарапынан берілген үлкен мүмкіндік. Жастар содан қапы қалмаулары керек. Университетті тәмәмдаған көптеген жастардың жұмысқа орналаса алмай жүретіні белгілі. Көбі өз мамандығымен еңбек жолын бастай алмай жүр. Қарапайым жұмыскер болып, сауда орындарында және басқа да жерлерде жұмыс істеп жүргендер де аз емес. Жас мамандарды ауданымызға тарту мақсатында біз құзырлы құрылымдармен бірігіп «Жас маман ауылға» секілді жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелері секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Міне, сондай кездерде «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары туралы да түсінік береміз. Жалпы аталмыш бағдарламаның тиімдігі сол, жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақы мен баспана алуға жеңілдетілген несие ұсынады,-дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жанар Ғұбашева.

Ресми мәлімет бойынша, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында былтыр ауданға келген 65 жас маманға үй сатып алуға 332 311 мың теңге бюджеттік несие берілді. Ал 199 адам 44 850 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алды.

Игілікті бағдарламаның арқасында әлеуметтік жағдайын оңалтқандар жастардың бірі – Махаббат Ибраимова. Бүгінде аудандық кітапхананың әдістемелік бөлімі меңгерушісі болып қызмет атқаратын ол – Бөкей ордасы ауданының тумасы. 2022 жылы М.Өтемісов атындағы БҚУ-ды “Кітапхана ісі” мамандығы бойынша тәмамдап, алты ай “Жастар практикасы” бойынша Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірім кітапханасында жұмыс жасаған. Былтыр Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің орталық балалар кітапханасына кітапханашы болып орналасыпты. Кейін әдістемелік бөлім меңгерушісі лауазымына тағайындалды. «Жас болсам да маған үлкен сенім артып, қолдау көрсеткен ОКЖ басшысы Жеңісгүл Қалиқызына алғысым шексіз,-дейді ол. - Жаңа ортаға сіңісіп кету қиынға соққан жоқ. Ынтымақ, бірлігі жарасқан ұжымда әріптестеріммен бірден тіл табыстым. Жұмысқа орналасқаныма алты ай өткен соң “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша баспана және 340 000 теңге көлемінде жәрдемақы алдым. Бұл мен үшін үлкен көмек болды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осы мол мүмкіндікті жас мамандар тиімді пайдалана білгені жөн деп ойлаймын. Бағдарлама аясында берілетін бір реттік жәрдемақы, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие, айлық жалақыға 25 пайыздық үстемақы секілді көмек алған біз сияқты жастар ауылды өнімді еңбек етіп, ауылды көркейтуге күш салары анық».

Казталовта дүниеге келіп, білім нәрімен ауданымыздың Щапов ауылында сусындаған Гүлзамира Мұратбаеваның да Мичурин ауылдық округінде спорт нұсқаушысы болып еңбек етіп жүргеніне көп болған жоқ. Ол да аталмыш бағдарлама шеңберінде үйлі болған. Оның ойынша, бүгінгі заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. Бүгінде жастарды қолдауға арналған, ауылға шақыратын мемлекеттік бағдарламалар бар. Алайда, кейбір ауылдық жерлерде инфрақұрылымының тиісті деңгейде болмауы, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға қажетті жағдайдың жасалмауы олардың толыққанды жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғаны анық. Құдайға шүкір, Миуринде жағдай ондай емес. Бұл ауыл қаланың дәл іргесінде. Қалалық қоғамдық көліктер ауылға қатынап тұрады. Жалпы ол бұл бағдарламаның игілігін көріп отырғанына қуанышты. Енді оның өтеуі ретінде жастық жалынмен еңбек етіп, ауыл спортының дамуына өзіндік үлесін қосу.

Қазіргі таңда маман жетіспей отырған саланың бірі – медицина. Сол кадр тапшылығын азайтуға септесу ниетімен туған жеріне оралған Жанаргүл Жүсіпова аудандық аурухананың учаскелік медбикесі қызметінде тер төгіп жүр. «Былтыр жас отбасы ретінде баспанаға ие болдық,-дейді Жанаргүл Мұхаммадқызы.- «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысып, туған жерімде қызмет етіп жатқаныма өте қуаныштымын. Жалпы бұл бағдарламаның дипломын енді алып, үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін тиімділігі көп. Жұмыс істейтін адамға ауылда да барлық жағдай жа¬салған. Бастысы, өзіңе сену керек. Қалада пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргенше мемлекет тарапынан ұсынылған көмекті пайдаланған дұрыс. Әрі ауылда шыңдалып, мол тәжірибе жинайсың. Өзіме қызметім ұнайды. Ауыл халқының пейілі кең, танып алған соң бір-біріне құрақ ұшып тұрады. Жастар бұл бағдарламаның маңыздылығын түсініп, ауылға көптеп тартылғаны жөн».

Басқаны қайдам, облыс орталығының дәл қасында орналасқан, қаламен қатынау аса қиынға соқпайтын, яғни барлық ауылдық округқа қатқыл табанды жол тартылған, басқа да коммуникациялық мүмкіндігі жоғары, бір сөзбен айтқандағы ауылдарының ажары аса кемімеген ауданымызға жастар көшін бұру анау айтқандай қиынға соқпайтын сияқты.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале