22.01.2024, 14:30
Оқылды: 57

Декларация заман талабы ма?

Қазақстандықтар үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларация тапсыру енгізілді.

телефон

Бұл 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізіледі. Қазіргі таңда 2021 жылы басталған міндеттеменің үшінші кезеңі басталды. Заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайы белгіленген тәртіп бойынша өздері жайлы толық мәліметті ұсынуға тиіс. Ол қалай жүзеге асырылады және мақсаты не? Осы сауалдар төңірегінде Тасқала ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Анар Өтегенмен сұхбаттастық.

– Анар Асқарқызы, алдымен жалпыға бірдей декларация туралы түсіндіріп өтсеңіз?

– Мемлекеттің басым міндетінің бірі – салық салуды нақты және сауатты басқару. Өйткені бұл процестің ұйымдастырылу деңгейіне елдің салық саясатының тиімділігі байланысты. Салық салу – мемлекеттің ең көне функциясы және экономикалық-әлеуметтік даму жолындағы қоғам дамуының негізгі шартының бірі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайту мақсатымен жеке тұлғалардың табысына салық салуды толық көлемде әкімшілендіру міндетін шешудің маңызды шарты – халықтың табысы мен мүлкін жалпыға бірдей декларациял.

– Жалпыға бірдей декларацияның негізгі міндеті мен мақсаты қандай?

– Көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көрінісімен күресу үшін жеке тұлғалардың табысы мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ салық пен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту.

– Декларациялау неше кезеңнен тұрады?

– 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар жалпыға бірдей декларация істеуге кезең-кезеңімен өтіп келеді. Алғашқы кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары, яғни 580 мың адам тапсырды. Екінші кезең 2023 жылы басталып, жалпыға бірдей жүйеге дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, спорт саласы және олардың жұбайлары, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері және ұлттық компаниялардың қызметкерлері мен олардың жұбайлары тартылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнес өкілдері мен олардың жұбайлары, басшылар мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары) және жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырады. Биыл 3,9 миллион жеке тұлға декларация тапсырады деп жоспарланып отыр. Төртінші кезеңде, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған санаттағы азаматтар, мысалы, жеке құрылымдар қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар тапсырады. Яғни келер жылы 6,4 миллионнан астам жеке тұлғаны қамту көзделді. Азаматтық кодекстің нормасына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлға болмағандықтан, 2024 жылы олардың басшыларына декларация ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды (АК 43-бабының 3-тармағы). Сондай-ақ 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке тәжірибемен айналысатын адамдар ұсынбайды.

– Декларацияны ұсыну мерзімі мен тәсілдері туралы айтып өтсеңіз?

– Декларацияны 2024 жығы 15 қыкүйекке дейін тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет. Егер электронды түрде тапсырса, Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеуші кабинеті» web-порталы арқылы (cabinet. salyk.kz), «Электронды үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-salyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асыра алады. Ал қағаз жүзінде тапсырса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына баруға немесе  пошта арқылы да тапсыруға болады.

– Декларация тапсырмаған жағдайда қандай шара қолданылады? Бір сөзбен айтқанда, жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі туралы баяндап берсеңіз...

– Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 272-бабына сәйкес алғашында ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайтадан бұзатын болса, 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 51 750 теңге мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған. Сонымен қатар декларацияны толық емес және анық емес мәліметті бірінші рет ұсынғаны үшін 10 350 теңге, яғни 3 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген. Одан бөлек салық салу объектілерін жасырғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 275-бабымен жыл ішінде алғаш рет төленбеген салық сомасынан 200 пайыз, қайталап бұзғаны үшін 300 пайыз мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

– Егер адам декларация тапсырған кезде қате жіберсе, оны артынан түзей ала ма?

– Азаматтар кез келген қате немесе анық көрсетілмеген мәліметті Салық кодексінде көрсетілген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация тапсыру арқылы дербес жоюға құқылы.

– Жеке тұлғалардың кірісіне салықтық бақылау қалай жүргізіледі?

– Бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығысына мониторинг жүргізеді. Оның ішінде декларацияның болу-болмауы тексеріледі. Декларацияда кіріс пен мүлікті көрсетпеу және кірісті төмендету фактісі анықталады. Одан кейін камералдық бақылау қорытындысы бойынша құқықбұзушылықты жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

 – Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және деректердің таралып кетуіне жол бермеу үшін қандай кепілдік бар?

– Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтің сақталуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді. Сонымен қатар декларацияларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қоса алғанда, дербес жауап беретін қызметкерлердің шектеулі тобы қол жеткізе алады.

 – Ақпартты толықтай бөлісіп, сұрағымызға нақты жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале