30.01.2024, 12:15
Оқылды: 42

Кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығы өкілдеріне екі бағытта қолдау-көмек көрсетеді. Оның біріншісі – экономикалық бағыттағы түйткілдерді (оның ішінде шағын кәсіпкерлікті, саланы және адам капиталын дамыту, жобаларды қолдау), екіншісі – құқықтық мәселелерді шешуге көмектесу (кәсіпкерлікті құқықтық қорғау, тауардың шығу тегін сертификаттау). Өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев әңгімелейді.

159188c6-1e49-4653-8458-e5dfe50536a9

– 2023 жылы өңірлік палата мыңға жуық жобаны қолдап, рұқсат құжаттарын алуға көмектесті. Мамандар 1300-ден астам кәсіпкерлік субъектісіне кеңес берді. Жобаларға қолдау көрсету мақсатында кәсіпорындарға 40 мәрте барып, бағыт-бағдар сілтеді. Палатада бухгалтерлер клубы жұмыс істейді. Биылдың өзінде клубтың 12 отырысы өткізіліп, бухгалтерлерге қатысты 24 түйткілді мәселе қаралды. Тауар өндірушілерге көмек көрсету мақсатында палата жанынан құрылған салалық кеңестерге тиісті салада жұмыс істеп, табысқа жеткен кәсіпкерлер басшылық етеді. Былтыр сол кеңестердің 32 отырысы өтті. Онда 95 түйткілді мәселе көтерілді. Қаралған мәселелердің 52-сі бизнестің пайдасына шешілді. Өңірдегі өндірістік кәсіп-орындарды аттестациялау жұмысы да жүргізілуде. 2023 жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы 17 тауар өндірушіге кәсіпорын қызметі туралы төлқұжат алуға жәрдемдесті. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 2 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісіне кеңестер беріліп, қаржыландыру, кәсіпкерлікті тіркеу және рұқсат беру, жер телімдерін, лицензиялар алу мәселелері бойынша 477 өтінішке қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері кәсіпкерлікті бастауға ден қойған азаматтарға бизнес-жоспар әзірлеуге, бухгалтерлік және салықтық есептерді жүргізуге, түрлі есеп түрлерін дайындауға көмек көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн. Одан басқа оларға мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңестер береді.

Өңірлерде «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталығы» іске қосылып, өткен жылы бұл орталықтың қызметіне 500-ге жуық әйел жүгінді. Былтыр «Атамекен» ҰКП «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» жаңа тетігін іске асыруды қолға алды. Соның аясында өңірлік палаталар агроөнеркәсіптік кешені саласындағы кәсіпкерлерге сүтті, етті бағыттағы ірі қара мал өсіру, сүтті өңдеу бағыттары бойынша бейіндік оқу ұйымдастырады. Өңірдегі 56 тұрғын осындай қысқа мерзімді оқу курсын аяқтады.

Адами капиталды дамыту бөлімі жас ұрпақпен жұмыс істеуге көңіл бөледі. Бөлімдегілер дуальді оқыту жүйесін енгізуге атсалысуда. Өткен жылы кәсіпкерлер палатасының көмегімен облыстағы 117 кәсіпорын 26 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен 2,5 мыңға жуық студентті бірлесіп оқытуға келісімшарт жасады. 2022-23 оқу жылында дуальді оқыту жүйесімен 934 студент оқу бітірді. Олардың жұмыспен қамтылу деңгейі 76 пайызды құрады. Кәсіптік бағдар беру іс-шаралары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіледі. 2023 жылы палата мен оның аудандық филиалдары 7-9 сыныптағы 1800 оқушыға 50 кәсіпорынға 114 экскурсия ұйымдастырды. Адами капиталды дамыту бөлімі өз бастамасымен кәсіпкерлер палатасында, колледждер мен университеттерде дәрістер оқып, табысты кәсіпкерлерді спикер ретінде шақырады.

Өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі 151 өтінішті қарап, олардың 85-іне (56,3%) оң шешім шығарылды. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының жалпы шамасы 1 млрд 069 млн 408 мың 374 теңгені құрады. Қаралған өтініштердің 24,5%-ы инвестиция және несиелеуге, 15,2%-ы – жер-құқықтық қатынастар саласына, 13,2%-ы салық салуға қатысты болды. Палата диалог алаңын ұйымдастыру арқылы дауларды сотқа дейінгі тәртіпте шешуге жағдай жасайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлерге дау-дамайдың палатада шешілгенін құптайды. Өйткені кәсіпкерлер құзыретті құрылымдар өкілдерінен өздерін мазалайтын сұрақтарға жауап алады. Палата өз алаңында кәсіпкерлік субъек-тілері арасында кездесулер ұйымдастыра отырып, ешбір тарапты жақтамайды. Біздің міндетіміз – мүмкіндігінше әр кәсіпкерлік субъектісінің мүдделерін қанағаттандыратын шешімге келуге көмектесу. Бөлім қызметкерлері кәсіпкерлік субъектісі қатысушылардың бірі азаматтық сот істеріне қатысады. Биыл палата өкілдері сондай 11 сот отырысына қатысты. Сот шешімдерінің 70%-дан астамы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді.

Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі өңірлік палата жанынан жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің хатшылығы болып табылады. Өткен жылы кеңестің 12 отырысы (оның ішінде 4 көшпелі отырыс) өткізіліп, онда 28 түйткілді мәселе қаралды. Түйткілді мәселелерді талқылау қорытындысы бойынша бизнес жағдайын жақсартуға және осы саладағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған 148 ұсыным әзірленді. Сол ұсынымдардың 85,8%-ы мемлекеттік құрылымдар тарапынан қолдау тауып, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі жыл басынан бері 33 түйткілді мәселені (22-сі республикалық, 11-і облыстық деңгейде) анықтады. Өңірдегі кәсіпкер-ліктің түйінді мәселелерінің сипаты әр түрлі болып келеді. Олардың ішінде жекелеген тауарларды әкелуге рұқсат беру рәсімін жоюға немесе экспортқа өтінім беру тетігін оңайлатуға, шағын несие сомасын бекіту кезінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның елді мекендердегі жылжымайтын мүлік бағасының анықтамалығын қолдануына қатысты мәселелер бар. Одан басқа жастарға берілетін шағын несие шамасына, уәкiлеттi мемлекеттiк құрылымның жер учаскесiн жалдау мерзiмiн ұзарту бойынша мемлекеттiк қызмет көрсету стандартын (қағидаларын) әзiрлеу және қабылдау, электр қуатының тапшылығына байланысты мәселелер шешімін табуда.

Орталық құрылымдар деңгейінде түйткілді мәселелерді шешу қажеттілігіне байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныстар жіберіледі. Жоғары палата түйткілді мәселелер тізіліміне батысқазақстандықтар көтерген 9 мәселе енгізіліп, жыл ішінде оның бесеуі бойынша аталмыш палата бастамасымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Өткен жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі жергілікті атқарушы және өкілді құрылымдардың 133 нормативтік-құқықтық актісінің жобасын зерделеп, 12 жобаның мазмұнына ескертулер мен қорытынды ұсынды. Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары мен ескертулерін жергілікті атқарушы құрылымдар бизнестің мүдделерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде ескереді.

Тауардың шыққан жерін сертификаттау бойынша жұмыс нәтижелеріне келсек, 5525 тауарды экспорттауға, 441 ішкі айналымға сертификат берілді. Өңірдегі 34 кәсіпорын тауарлар мен қызметтердің ассортиментін тұрақты толықтыратын өндірістік сертификаттарға ие болды. Өңірдегі кәсіпкерлер мен кәсібін енді бастаған жастар облыс экономикасын ілгерілетуге үлестерін қосатыны сөзсіз. Ал палата бизнес өкілдерінің мұң-мұқтажын жоғары жаққа жеткізіп, кәсіпкерлер мен билік арасындағы алтын көпір қызметін атқара береді.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале