31.01.2024, 17:50
Оқылды: 72

Ақтаудың асыл азаматтары кімдер?

Сайынның батырлығы

 

Халқымызда «Ерлікке қашанда орын бар» деген қанатты сөз бар. Бейбіт күнде де жүректі жандар, ерлік жасауға дайын азаматтар кездесетінін уақыттың өзі дәлелдейді.

Бұл өзі Ақтау өңірінде болған уақиға болатын. Күздегі күндердің бірі әдеттегі жұмыспен басталды. Сайын алып «К-700» тракторына тіркемесін тіркеп шөп жиналған орынға ертелете жетті. Жұмысына адал жігіт ертелетіп шөп тиеп шығып, айтылған жеріне тезірек апарып тастауды ойлап тұрған-ды.

Бұлай боларын кім білген. Өзен жағалауына жақын орналасқан шөп жиналған орынның қолайсыздығы бары да белгілі болатын. Тіркемесін шөпке толтыруға жақындаған сәтте күтпеген жағдай болды. Шөп маялаушы трактор (стогамет) ыңғайланып тіркемеге салмақшы болған сәтте шегінген бойы шалқалай құлап, күзгі суы мол Шыңғырлау өзеніне күмп ете қалды. Сол бойында шым батып кете барды.

Болған жайды тез аңғарған Сайын шапшаңшыл мінезіне салып, тез шешім қабылдады. Шыңғырлаудың суына шомылып өскен, өзі жақсы жүзетін батыл жігіт тез шешініп трактор батқан суға секірді.

Трактордың терезесін сындырып, есін жыя алмай жатқан тракторшыны судан суырып алып, жағалауға қарай сүйрей жөнелді. Жанталаса жүріп аман-есен жағаға шығарып алады. Шығарған адамы жерлес інісі Жақсылық Жалмағанбетов еді. Халық қатты риза болып, алғыстарын жаудырады. Сөйтіп ай-күн аманда атпалдай азаматтың өміріне қауіп төніп, ауылдасының көмегі арқасында бәрі жақсы аяқталады. Ерлік пе? Сөз жоқ, әрине ерлік. Мұз аралас суық сулы, ағынды өзеннен, трактор ішінен өз өмірін қатерге тіккеніне қарамай, жас жігітті құтқару кез-келген кісінің қолынан келе қояр ма екен? Әй, қайдам...

Адамға сондай батырлық қайдан келеді.

 Ер басына күн туса, етігімен су кешер,

Ат басына күн туса, ауыздықтан су ішер, - деген сөз бар. Ал қарапайым ел азаматы Сайын Құрманғалиевті ерлікке жетелеген не екенін білу үшін өмірбаянына зер салудан бастағанды жөн көрдік.

Сайын 1958 жылдың 22 қыркүйегі күні Шыңғырлау ауылында дүниеге келген. Ата-анасы 1962 жылы қоныс аударып, Белогор ауылына көшіп келеді. 1976 жыдлы мектепті аяқтағаннан соң сол кездегі ұран болған шұбартаулықтар бастамасымен совхозда құрылған «Самал» комсомол-жастар бригадасына мүше болып қабылданып, шопан таяғын қолына алып, еңбек жолын бастайды. Торатбастың баурайында, Марксизм маңайында далада достарымен бірге қиялға, арманға толы айларын өткізеді. Сол жылы күзде Совет Армиясы қатарына шақырылып, әскерге аттанады. Әскерге бару - әр азаматтың қасиетті борышы саналатын ғажайып кездер болатын. Әскерге кетушіні ортаға алып бозбала мен бойжеткендер гитарамен, сырнай әнімен аудан орталығына дейін шығарып салушы еді-ау, улап-шулап. «Через две зимы, через две весны»,-деп әндететін, ауыл мен достарды сағынатын, қардай бораған хаттар жолдайтын жарқын жастық жылдар да өте шығады. Әскерде жүргенде ПП 60515 бөлімінің басшысы майор Кузьменконың алғыс хаты ауылдағы әке-шешесін қатты қуантады. Барлық ауылдас та қуанып қалады.

 Әскери борышын Чехословакияда өтеп ауылға оралып, бейбіт еңбеккек белсене аралысып кетеді. Әр түрлі жұмысты атқарып жүріп кейін темір тұлпар тізгінін қолына алады. Жас келсе, іске дегендей, жастық жігермен құлшына еңбек етіп, өндіріп іс жасайды. Қай жұмысты да тиянақты атқарып, совхоз басшыларының көзіне түседі, мақтауға ілігеді. Үгіт бригадасында белсенді мүше болып, концерттерге қатынасып, түрлі шаралардың ұйымдастырушысы да болған еді-ау. 1982 жылы Сабияға үйленіп, үлкен өмірге қол ұстасып аттанған еді.

Өнікті еңбегі үшін 1984 жылы ВДНХ медалімен марапаталады. Ел Президентінің Алғыс хатын иеленеді. Кейінірек 1995 жылы астық жинау науқанында жеткен жетістіктері үшін «ИЖ» маркалы мотоциклді сыйлыққа алған-тұғын. Сайын 1995 жылы совхоздағы кәсіподақ комитетінің төрағасы болып та сайланады. Алайда шаруашылық ыдырап, жаппай көші-қон басталған тұста отбасымен Березов ауылына қоныс аударуды ұйғарады.

«Ақсайавтотранс» компаниясындда жұмысын бастаған ол механих ретінде Атырау, Ақтөбе жағында компания атынан жұмыс істеген еді. Елжанды азамат, жақсы жар, қадірлі әке, бейбіт күннің батыры Сайын Игібайұлы 2007 жылы өмірден озды. Артындағы екі ұлы елде еңбек етуде. Асылзат, Перизат, Аңсар атты немерелері атасының өнегесін еске ұстап Сайынның атына сай биіктерден көрінеді деп ойлаймыз.

 

Бауыржанның батылдығы

 

 Әдеттегідей көктемнің күндерінің бірі болатын. 1995 жылдың сәуір айы. Бауыржан зайыбы Қарашашпен ауыз су алу үшін ауыл колонкасыа келді. Шыңғырлау өзені тасып жатыр. Биылғы тасуының қарқыны күшті, әлі басылар емес. Су алатын жерден өзен де, өзендегі көпір де алақандағыдай көрініп тұр.

Бауыржан

 Өзеннің ағысын тамашалап жүрген ауыл адамдары, бала-шаға да осында. Жылдағы көрініс қой, өзен тасуы бәсеңдегенше ағы-жығы болады да жатады.

 Бидондағы судың толуын күтіп тұрған Бәкең мен бәйбішесінің де көздері сол  жақта.

Кенет... Өзен басы у-шу бола қалды. Бұл не? Бірдеңе болған сыңайлы.

 Табиғатынан шапшаң Бауыржан өзенге қарай жүгірді. Келсе халық абыр-сабыр. Көпірден өзенді қарап жүрген кішкентай қыз суға құлап кеткен. Абыр-сабыр содан екен. Бауыржанның көзі суда батып-шығып бара жатқан қызыл пальтолы қызға түсті. Ешкім қозғала алмай тұр. Бауыржан құтқару керектігін тез түсінді. Тайға мініп келіп тұрған Талғат Жұмағұловтың тайын сұрап алып, тасыған өзенге қойып кетті. Су салқын, әрі ағысы да қатты екен. Су молайып алған, өзеннің де ені үлкейіп кеткендей. Ағын судағы қыз жеткізер емес.

 Әбден жақындай берген кезде қыз бір батып көрінбей кетті. Тай да шаршаңқырап қалғандай. Бауыржан атынан түсіп, су ішінен қызды іздей бастады. Курткасына қолы іліккен ол су ішінен қызды көтеріп алып шықты.

- Ап-ауыр екен. Киімімен құлағасын ба, әрі су да өте салқын. Өте қиын болды. Қызды жағаға әрең алып шықтым, - деп еске алады Бауыржан.

 Жаға тұрған халық жинала қалды. Мұқаш деген ауыл азаматы көп көмек етті. Қызға жаттығулар жасап, уқалап, аяғынан жоғары көтеріп тұрған кезде әрең дегенде дыбыс шығарып, қыз баланың аузынан су кете бастады. Көзін ашып айналаға қарайды.

- Қыздың тірілгенін көргеннен кейін курткамның ішіне қысып алып, үйіне қарай беттедік. «Скорый» да келе қалды. Есік алдында жүрген анасы алаңсыз шаруасымен жүр екен, шошып кетті, жылап жатыр. Айтпақшы, жолда қыз жылап, мазасыздана бастады. «Қорықпа, Гүлмира деп қоямын», - деп еске алады Баукең.

Барлық оқиға осы. Қысқа уақытта ғана өтіп шыққан. Бауыржан Купешовтің батылдығының арқасында қызғалдақ ғұмыр жалғасты. Ауыл азаматының ерлігінің негізі-елжандылық пен бауырмалдылықта екенін сезіндік. Кез-келгеннің қолынан келмейтін керемет ерлік емес пе? Оны істеп отырған - Ақтаудың азаматы.

Бірде Ақсайда жүрген Баукеңді жас келіншек сәлемдесіп тоқтатады. Сұраса келе жаңағы келіншек кезінде өзі құтқарған Гүлмира екен. «Сізді өлгеншге ұмытпаймын, сіз маған екінші өмір сыйладыңыз», - депті ол.

 Алғыстың төресі осы емес пе? Ел алғысына бөленіп, елеулі өмір сүру осы шығар.

 

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале