Былтыр облыста 477 адам қызылша жұқтырған болса, биыл бір ай ішінде аталмыш дертке 50 адам шалдыққан. Қазіргі таңда 70-тен астам науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Олардың дені – екпе алмағандар мен вакцина алуға жасы жетпеген балалар. Сейсенбіде аталған ауруханада санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, аурушаңдық деңгейі бірқалыпты болғанымен алдын алмаса, дерт дендеп кетуі мүмкін.
Осы күні облыс әкімі жанындағы оперативті штаб мүшелері ауру өршіп кетпеуі үшін барын сала жұмыстанып жатыр. Ауруханаға түскен науқастардың 90 пайызы – екпе алып үлгермеген, одан бас тартқан және белгілі бір көрсеткіштеріне байланысты екпе алуға болмайтын тұрғындар. Сол себепті әкім жанындағы оперативті штаб негізінен екпе алуға үгіттеу жұмысымен айналысады.
Қызылша дертін жұқтырғандардың көбі – Орал қаласының тұрғындары. Одан кейін Бөрлі, Бәйтерек аудандары тұр. Бірақ эпидахуал облыс орталығында ғана тұрақсыз. Осы күні баласы науқастанып, ауруханаға түскен жандардың бірі – Диана Сапарова. Оның алты айлық баласы қызылша жұқтырған. Айтуынша, алдымен баланың қызуы көтерілген. Үйде өздігінше ем-дом жасағанымен, дерт дес бермепті. Амалы таусылған соң «Жедел жәрдем» шақырған. Баласы қызылша жұқтырғанын ауруханаға келген соң бір-ақ біліпті. Қазір баланың дене қызуы түскен. Жағдайы жақсарып келеді.
– Ауырған кезде бізге жағдай жасаған, қажетті ем-дом жүргізген дәрігерлерге алғысымыз шексіз. Үлкен балаларым кішкентай кезінде екпе алды. Ал кенжеміз вакцина алатын жасқа жете қоймаған еді. Өкінішке орай, сырқаттанып қалдық. Уақтылы көрсетілген емнің арқасында жағдайымыз тұрақталды, – деді қала тұрғыны Диана Сапарова.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында Дианадан бөлек тағы 70-тен астам науқас ем алып жатыр.
Олардың үшеуі жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Негізінен, 1 жасқа дейінгі балаларға жұғатын қызылшаны уақтылы емдемесе, оның салдары энцефалит, вирусты пневмония, конъюнктивит, ми зақымдануы сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін.
– Бұл аурудан қорғанудың жалғыз жолы – уақтылы екпе алу. Сондықтан барша ата-анаға қызылшаға қарсы екпе алу керек екенін айтқым келеді. Біздің ауруханада тек балалар емес, ересектер де ем алып жатыр. Олардың нобайы уақытында екпе алмағандар. Бізге күніне 10-15 науқас келіп түседі, – дейді дәрігер-инфекционист Назым Қабденова.
Уақтылы профилактикалық ем-дом жасамаған жағдайда қызылша соңы ауыр дертке соқтыратынын айтқан дәрігерлер бұл ауруға бейжай қарауға болмайтынын ескертті.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев облыста қызылшаға қарсы екпе алуы керек адам саны 50 мыңға жуықтайтынын айтты. Олардың 35 мыңы ғана вакцина алған.
– Қазір эпидахуал жақсы дегенмен, кез келген уақытта нашарлауы да жақсарған үстіне жақсара түсуі де ықтимал. Сол себепті екпе салу жұмыстарын ыждағаттап жатырмыз. Егерде мектептер мен оқу орындарындағы жағдай күрделене түссе, жекелеген сыныптар, жағдай ушыққан мектептер мен балабақша жұмысын тоқтату туралы мәселе көтеріледі, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.
Жұрт денсаулығына алаңдаған мамандар әр адам өзі мен баласының денсаулығына қажетті деңгейде қараған жағдайда ғана түрлі аурулардың алдын алуға болатынын айтады.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz