2.02.2024, 11:45
Оқылды: 56

Жер учаскелері заңсыз берілген бе?

Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. Аталған департаменттің басшысы Берік Есенғалиевтің мәлімдеуінше, 2023 жылы 75,3 мың гектар жер учаскесі бойынша жоспардан тыс 235 рет тексеріс жүргізілген.

ЖП дала казталов (3)

Көрнекі фото: zhaikpress.kz

Cоның нәтижесінде 48,7 мың гектар жер учаскесіне қатысты заңнаманы бұзу деректері (мемлекет меншігіндегі және пайдалануға берілмеген жер-ді өз бетінше иелену, жерді бүлдіру, жер учаскелерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау, бау-бақша салу және саяжай тұрғызу үшін берілген жер телімдерінің игерілмеуі, меншік иелерінің және жер пайдаланушыларының жерді пайдалану жөніндегі міндеттерді орындамауы) анықталған. Департамент тарапынан тиісті шаралар қабылданғаннан кейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің 10,8 мың гектары игеріліп, 1,0 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған.

– Департамент атқарушы құрылымдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасы бойынша қабылдаған шешімдерін жіті бақылайды. Орал қаласы, Бәйтерек, Теректі ауданы әкімдігі, жер қатынастары бөлімдері және Орда ауылдық округі әкімдігі тарапынан қабылданған шешімдер қаралды. Қорытындысында 114 заңбұзушылық анықталып, 17 нұсқама берілді. «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ БҚО бойынша филиалы 6 мәрте жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, төрт заңбұзушылықты анықтады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 10 мамырдағы №178 бұйрығына сәйкес 2023 жылдың екінші жартыжылдығында Орал қаласы, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы және Казталов аудандары әкімі аппараттарына, жер қатынастары бөлімдеріне жалпы аумағы 14,3 мың гектарды құрайтын жер телімдері бойынша 81 қаулыға қатысты заңбұзушылық анықталып, 10 нұсқама берілді. Қазіргі уақытта нұсқама талаптары орындалуда, – дейді Берік Абатұлы.

Департамент басшысының баяндауынша, 2022 жылдан бастап бүгінге дейін өңірімізде пайдаланылмай жатқан немесе заңнаманы бұза отырып берілген 513,6 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылығына арналған жерлер мемлекетке қайтарылған. Ең басты мәселе – жайылым тапшылығын азайту. 2022-2023 жылдар аралығында мемлекет меншігіне қайтарылған 163,9 мың гектар жер конкурстық тәсіл арқылы ауыл тұрғындарының малын жаю мақсатында берілген. Биыл пайдаланылмай жатқан 110 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жоспарлануда. Жыл басталғалы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабы – мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену және 337-бабы – жерді бүлдіру дерегі бойынша жалпы 101 әкімшілік хаттама толтырылып, 26,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Сонымен қатар жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде прокуратураның талабы бойынша 2022-2023 жылдар аралығында анықталған заңбұзушылықтарды жою мақсатында 71 нұсқама берілді. 2015-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұзып, сауда-саттық (конкурстар) өткізбестен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы ауданы 144,8 мың гектар жер туралы 86 қаулының заңсыз қабылданғаны белгілі болды. Департамент жергілікті атқарушы құрылымдардың заңсыз шешімдерінің күшін жою мақсатында сотқа талап-арыз жолдап, нәтижесінде сот шешімімен 34,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде 6 субъектіге қатысты 3 азаматтық іс бойынша ҚР Жоғарғы сотына жолданған департаменттің кассациялық шағымы қанағаттандырылды. Қазіргі таңда көлемі 28,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жер учаскесін мәжбүрлеп алу жөнінде кассациялық шағым ҚР Жоғарғы сотында қаралуда. БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен игерілмей жатқан 1 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі мәжбүрлі түрде қайтарылды. Ал 4,1 мың гектар жер учаскесіне қатысты 4 талап-арыз аталған сотта қаралуда. Алдағы уақытта заңбұзушылықты жою туралы нұсқама талабы белгіленген мерзім ішінде орындалмаған жағдайда департамент тарапынан тиісті шаралар қабылданып, сот шешімімен жер учаскелері мәжбүрлі түрде алынады. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмек, – деді Берік Абатұлы.

Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың мәлімдеуінше, 2015-2018 жылдар аралығында жер қатынастары саласындағы заңнамаларда орын алған кейбір өзгерістерге, оның ішінде жерлерді конкурс арқылы беруге қатысты нормалардың нақтыланбауына байланысты жергілікті атқарушы құрылымдар ҚР Жер кодексінің 43-бабын және аудандық жер комиссияларының қорытындылары мен жерге орналастыру жобаларын басшылыққа алып, тиісті шешімдер қабылдаған. Бұл кейбір жергілікті атқарушы құрылымдардың шаруа қожалықтарына жер учаскелерін беру туралы шешімдері мен жалға беру туралы келісімшарттарының заңдылығын тексеру барысында анықталған. Осы мәселе жайында Нұржан Ерболатұлы 26 қаңтар күні облыс әкімдігінде өткен брифингте егжей-тегжейлі баяндап, ҚР Жер кодексі талаптарының бұзылуына нақты себеп болатын факторларға тоқталды. Негізінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы беру туралы арнайы 43-1 бап ҚР Жер кодексіне 2018 жылы 4 мамырда енгізілген. Ал осы конкурстарды өткізу туралы арнайы ереже 2018 жылы 20 желтоқсанда бекітілген.

– Осы мәселе бойынша 2023 жылы 23 желтоқсанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар жолданды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында да осы түйткіл  талқыланды. ҚР Мәжіліс депутаттары да мәселенің шешімін табуға тырысуда. Мұндай заңбұзушылықтар Ақмола және қазіргі Абай облыстарында да анықталған. Биылғы 15 қаңтардан кейін ҚР Жоғарғы сотынан ешқандай хабарлама келмеді. Жоғарғы сот та, Ауыл шаруашылығы министрлігі де әлі күнге сауалымызға нақты жауап беріп, кесіп-пішіп ештеңе мәлімдеген жоқ, – деді Нұржан Ерболатұлы.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале