Теректі ауданына ақын, балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының БҚО филиалы төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, қарымды қаламгер Бауыржан Ғұбайдуллин келді. Теректі ауданының құрметті азаматы Бауыржан Файзоллаұлын аудан әкімнің орынбасары Қалаубек Теміров қарсылап, қош келдіңіз айтты.
Қаламгер сапарын өз туған ауылы Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылынан бастады. Аталмыш елді-мекендігі негізгі мектепке бас сұғып, оқушылармен кездесті.
Жалпы, Қызылжар – аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдардың қатарында. Қазіргі таңда 60-тан астам түтін бар. Ауылдағы білім ошағы 2023-2024 оқу жылын 37 баламен бастапты. Мектеп оқушылары Бауыржан Файзоллаұлымен жүздесіп, оның қолтаңбасын алды.
- Сіздердің қазіргі міндеттеріңіз – сапалы білім алу. Қызылжарды сақтап қалатын да сендерсіңдер. Ол үшін осы сыныпта отырған әрқайсысыңыз өз салаларыңның ең үздігі болуға тиіссіңдер. Мен де осы алақандай ауылда жүріп, үлкен армандарға құлаш ұрдым. Бірақ қандай қызметте жүрсек те, ауылды, өскен ортаны ұмытпауымыз керек,-деді қаламгер.
Одан кейін Бауыржан Ғұбайдуллин Қызылжар ауылының тұрғындарымен дидарласты. Кездесу барысында көктем айында өтуі жоспарланған Ұлттық құрылтай хақында, оның биылғы жылғы көтеретін жүгі турасында әңгіме өрбіді.
- Әр құрылтайдың өзіндік маңызы бар. Оған тарих дәлел. Мысалы, орта ғасырда киелі Тараз топырағы, Талас өзені жағасында өткен құрылтай. Ол құрылтайдың қорытындысында Алтын Орда өз алдына дербес мемлекет болып қалыптасты. Ордабасыда өткен құрылтай сыртқы жауға үш жүздің басын қосып, тойтарыс беру мәселесін алдыға тартумен тарихта қалды. Өткен ғасырдың басында Орынборда өткен құрылтайда қазақтың ұлттық мүддесін қорғайтын Алаш партиясы құрылған еді. Дәл осы Орынборда өткен тағы бір құрылтайда Қазақ автономиясы жарияланған-тұғын. Егемендіктің елең-алаң жылдарында тағы бір құрылтай өтті. Ол – Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы деп аталды. Баршаңызға мәлім, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан соң 2022 жылы Ұлытауда құрылтай болды. Былтырғы құрылтай Түркістанда оздырылды. Биыл жоспар бойынша құрылтай Атырау облысында, нақтырақ «аспан астындағы мұражай» саналатын Сарайшықта өтпекші. Сарайшық кезінде гүлденген шаһар болған. Ол жерде қазақтың бақандай алты ханы жерленген. Біздегі Жайық қалашығының замандасы саналады,-деді Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Файзоллаұлы.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары Қызылжар үшін өзекті саналатын бірқатар мәселелерді көтерді. Оның ішінде ең бастысы – ауылдағы білім ордасы саналатын мектепті сақтап қалу. Бүгінгі таңда ауылда 20-ға жуық үй қаңырап бос тұр. Жастарды ауылға тарту – қиынның қиыны. Себебі, ауылда жастар уақытын тиімді өткізетін орын жоқ. Мәдениет үйі, спорттық алаңдар – Қызылжар халқы үшін арман күйінде. Медициналық пункт те ауылдың ең шетінде орналасқан. Оны орталыққа жақындату жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер қатарында. Ауылға келген жас мамандар Үкіметтен берілер көтерме жәрдемақыны да ала алмай келеді.
- Бұл Қызылжардан Социалистік Еңбек ері, тіпті қос бірдей ауданның құрметті азаматы шыққан. Түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген жерлестеріміз бар. Солардың басын қосып, ауылды сақтап қалуға жұмыстану керек. Ауылдастар бірігіп арнайы қор ашайық. Соған түскен қаржыны есептеп, ұйымдасқан түрде керегімізге жарату керек. Қазір «Қаладан ауылға» деген бағдарлама іске қосылды. Осы бағдарламаның игілігін Қызылжар ауылы да көруі тиіс. Мен аталған мәселелерді тиісті мінберлерде көтеретін боламын. Біздің ауылымыз «құрбандыққа шалынатын» ауыл емес, - деді Бауыржан Ғұбайдуллин өз сөзінде.
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz