6.02.2024, 15:45
Оқылды: 66

Грант алып, кәсіп ашты

Еңбек етемін деген жанға мемлекет барынша қолдау білдіруде. Соның ішінде соңғы жылдары мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант алуға ниеттілер қатары артты. Бұған дейін армандап, шамамен жоспарлап қойған жандарға бизнесін бастауға мол мүмкіндік бұл грант. Бүгінгі кейіпкеріміз Айнұр Байниязова да тігін тігіп, кәсібін жүргізіп отыр.

Мақаламызға арқау болып отырған Айнұр Амангелдіқызы тігін саласында кәсіп ашуды текке таңдамаған. 2002-2005 жылдары оқу орнында тігінші мамандығын тәмамдаған. Кейін «Мария» тігін шеберханасында қызмет еткен. 2006 жылы Ақсайға қоныс аударғаннан кейін де мамандығына адалдық танытып, ісмерлігін жалғастырған.

− Ақсайға көшіп келген жылдары Жаңғақ Аймағамбетова апайдың көп көмегі тиді. Қалаға жаңадан көшіп келгенде ол кісі мені жұмысқа алды. Содан 2018 жылға дейін жұмыс істедім. Енді 2007 жылы тұрмысқа шығып, кейін декреттік демалыста болдым. Дегенмен мүмкіндік бар кезде жұмысқа шығуға тырысатынмын. Ортаншы балам ерекше болып дүниеге келді. Көп күтімді қажет ететін болғандықтан тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Баламды ем-дом шараларына апарып жүргенде мемлекеттік грант туралы білдім. Міне, осы кезде менде іштей грантты қалай да жеңіп алып, кәсібімді дөңгелетуім керек деген мақсат пайда болды, − дейді кәсіпкер.

3

Расымен, мемлекеттік грантты иеленсе, кәсіптің қыр-сырын меңгерсе сүйікті ісімен айналысып, сол арқылы отбасылық экономикаға оң үлесін қосатыны анық. Міне, осыны түсінген Айнұр Байниязова қалай болғанда да жобаға қатысуға бел буады. Өз сөзінде, бұл бастамада өмірлік жары көп көмектескенін, қолдау білдіргенін жеткізді кейіпкеріміз. Сонымен қатар грант алудың оңай болмағанын, бірнеше қиындық кездескенін де жасырмады.

«Алдымен «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алдық. Кейін мемлекеттік грантқа өтініш беру үшін бизнес-жоспар толтырдық. Қалай болғанда да үлкен жауапкершілікті қажет ететіндіктен жоба қорғау кезінде қиналғанымыз рас. Бірақ қалай болғанда да грант иегері атанамын деп өз-өзіме серт бергенмін. Міне, соның нәтижесінде бүгінде кәсіпкер атандым», − дейді Айнұр Амангелдіқызы.

5

Кейін гранттың қаржысын қорғаған жобасы аясында тігін тігу ісіне қажетті құрал-жабдықтарды алуға жұмсаған. Оның ішінде сапалы тігін машинасы, оверлок, үтіктер мен шығын материалдарын алған. Алғашқыда тек киімдерді қайта жөндеп жүрген кәсіпкер уақыт өте келе заманауи перделер тігіп бастаған. Одан бөлек, мектептегі екі сыныптың оқушыларына арнайы қазақи мектеп формасын тігіп берген. Баласы ерекше күтімді қажет ететін болғандықтан тапжылмай жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса да тапсырысын уақытылы орындау тырысатын кәсіпкердің бүгінде тұрақты тұтынушылары да жоқ емес.

− Кәсіп болған соң кеңейту жоспарда болады, әрине. Бастысы баламның денсаулығы жақсарып кетсе деп тілеймін. Үйде отырсам да осылай еңбек етіп, жұмыс істеуіме мүмкіндік берілгені үшін де шүкіршілік етемін. Жолдасым да қашанда қолдау көрсетіп, көмегін тигізіп отырады. Балаларым да тігіншілікке қызығып, көмек береді. Отбасылық қолдаудың маңызы зор. Міне, осы қолдаудың нәтижесінде грант иегері атандым, кәсіп аштым, − дейді тігінші.

Еңбектің алға жетелейтіні сөзсіз. Ал қиындықтарға қарамастан мақсатына қарай қадам жасап, бүгінде жемісін көріп отырған Айнұр Байниязова көпке үлгі. Ол өз ісі арқылы үйде отырып та еңбек етуге және сол арқылы ақша табуға болатынын дәлелдеп отыр. Сонымен қатар қызмет, қаржы деп жүріп отбасылық өмірді ысырып қоймай, бір шаңырақтың түтінін түтетіп, бала тәрбиелеп отырған бақытты ана.

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале