Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде. Жоғары оқу орны мен Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті арасында ішкі істер органдарына кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.
Екіжақты ынтымақтастық - жастарға кәсіби бағдар берумен қатар бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға да сеп болмақ. Меморандум аясында оқу үрдісін жетілдіруге және құқық саласында тәжірибе мен ақпарат алмасуға бағытталған іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бағдарламаларын іске асыруға, білім алушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, студенттердің таңдаған мамандық бағыты бойынша ішкі істер органдарында қызмет етуге құлшынысын молайту мақсатында кәсіптік бағдарлау жүйесін дамытуға ниетті. Сондай-ақ университет «PlastNet» пластмасса жинайтын және өңдейтін кәсіпорындар желісінің хатшылығы қызметін атқаратын «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығымен әріптестік орнатуға уағдаласты. БҚИТУ «The Coca-Cola Foundation» халықаралық қорының қолдауымен пластикті қайта өңдеу және «Иә деп айт!» әлеуметтік бастамасы аясында құрылған «PlastNet» пластмасса жинайтын және өңдейтін кәсіпорындар желісінің жұмыс істеуі аясында ынтымақтастықты нығайтуға келісті.
Ынтымақтастық Қазақстанда қайталама шикізатты, оның ішінде пластмассаны жинау және өңдеу үлесін арттыруға жәрдем көрсету, қайталама шикізатты, оның ішінде пластмассаны жинау және өңдеу мәселелерін бірлесіп шешу үшін қажетті шараларды, оның ішінде рұқсат етілмеген орындарға және қалдықтарды бірлесіп жинауға арналған контейнерлерге пластикалық қалдықтардың шығарылуының алдын алу бағыттары бойынша жүзеге аспақ.
Жайнар Жайдарбек