Бүгін Жәнібек ауданына «Ауыл аманаты» бағдарламасы және халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларын түсіндіру бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Асан Нарымбаев, басқарманың еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Айнұр Қазмұқанова, облыстық қоғамдық даму басқармасының жауапты өкілі Жалғас Жиенғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Ринат Мұсағалиев келді.
Нағыз ауылды көркейтуге арналған жоба мен жұмыспен қамту туралы жауапты жұмысты егжей-тегжейлі түсіндіруге һәм насихаттауға келген жұмыс тобын аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов қарсы алды. Олар бірден «Ауыл аманаты» арқылы кәсібін дөңгелеткен жандардың шаңырағына барды.Атап айтсақ, Жәнібек ауылының тұрғыны Ерсұлтан Қанатов бағдарлама арқылы 8 бас ірі қара малын алып, бүгінде алған малдары бұзаулап, адал еңбекпен жемісін жеп отыр. Ол бұл кәсіпті ағасымен бастаған. Яғни, өзі вахталық қызметке кеткен кезде сиырларға ағасы бас-көз болады. Осылайша ол мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, жанына бауырын алып, отбасылық бизнеске қадам басты. Екінші бас сұққан Бейімбет Жұмаевтің үйі болды.
Ол 68 бас қой алып, мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Қазіргі таңда қойлары төлдеп, мәз-мейрам болуда. Бағдарламаның нәтижесіне сүйсінген басшылар Бейімбет Абуұлына сәттілік тіледі. Жәнібек ауылының тағы бір тұрғыны – Ақтілек Төлегенов. Үйінен әкесі шығып, шаруашылық жұмысымен таныстырды. Ақтілек Ғалымжанұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен 26 бас қой алған.
Мал шаруашылығын қолға алған кәсіп иелерімен пікір алмасып, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Олардың мақсаты айқын екендігі бірден байқалды. Мемлекет тарапынан берілетін көмектер мен қолдаулар жайында сұрап, түрлі жобалар мен бағдарламаларға тағы да қатысып көруге ниеттерін білдірді. Бастысы - жүздерінде күлкі, қоралары ірі қара мен қойға толы. Жобаның аудан тұрғындарына айтарлықтай әсер еткенін байқаған жұмыс тобы Ұзынкөл ауылына атбасын бұрды. Ауыл әкімі Назар Шәріпов кіреберістен күтіп алып, ауылдың тыныс-тіршілігін қысқаша баяндады. Ұзынкөлде де еңбекқор жастардың көптігі қуантты. Сағынбек Хайыров 44 бас ұсақ мүйізді мал алған. Онымен тоқтап қалмайтынын жеткізген ол жоспарларымен бөлісті. Сағынбек Мейірханұлының:
-Неге асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендетпеске? Осындай жобалар мен бағдарламаның арқасында болашаққа жоспар құрдым. Негізгі жоспарымның бірі - асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алу. Шымкент, Ақтау сияқты қалалардың, оны былай қойғанда көршілес аудандардың кәсіпкерлері шығарған небір тұқымдарға қызығып қараймыз. Енді өзіміздің аудан бойынша іске кірісетін уақыт жетті. Қолдау табылса, аянып қалмаймын,- деген сөзі көңілге жылылық сыйлады.
Жоспары нық жалындаған жастың туысы, ұзынкөлдік Медет Дәуешов те таңғалдырды. Ол 57 бас ұсақ мүйізді алып, бағдарламаның игілігін көруде. Медет Ерболатұлының бір топ қойының қорасында әңгіме өрбіткен облыстан келген жауапты басшылар «бәрекелді» деп тарқасты.
Кейін ауыл мектебінің мәжіліс залында жиын өтіп, бағдарламаға ниетті ауыл тұрғындарымен жүздесті. Еркін бағыттағы кездесуді Мирболат Бауыржанұлы бастап, жұмыс тобының мүшелеріне сөз берді. Айнұр Мұханбетқалиқызы жұмыссыздар үшін әлеуметтік жұмыс орындар, «Жастар тәжірибесі», «Күміс жас» жобасы, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы, ұрпақтар келісімшарты мен кәсіптік оқытуды ұйымдастыру туралы тарқатты. Ринат Сабекешұлы болса, бағдарламаға тиісті құжаттар жайында, жалпы ережелері турасында Заң аясында жеткізді. Ұзынкөл ауылының тұрғындары көптеген мәселе көтерді. Жүздесуге қатысушылардың біразы «Ауыл аманатына» құжат жинаудың әбігерін жарыса айтты. Жұмыс тобы ретке келтіретіндерін, аудан әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов биылдан бастап өзі қадағалайтынын ескертті.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz