8.02.2024, 17:15
Оқылды: 93

«Ауыл аманаты» жобасы: халық игілігін көріп отыр ма?

Бүгінде Тасқала ауданы Мерей ауылында «Ауыл аманаты» жобасымен 16 адам несие иеленсе, соның ішінде екі отбасы мал шаруашылығын қолға алып отыр. Соның бірі – Мерей ауылының тұрғыны Қайырбек Хайруллин. Ол осы жоба арқылы 4 миллион 600 мың теңге көлемінде несие алып, ісін бастады. Несие қаржысына сегіз бас сүтті сиыр алып, кәсібін дамытуда. Мерей ауылының және бір тұрғыны Меруерт Жайлыбаева да жеке кәсіпкер атанды. 5 миллион 100 мың теңге қаражатқа тоғыз бас сүтті сиыр алып, сүтін сауып, өнімдерінен пайда көруде.

b7f93502-0f7c-49ce-80d8-230bc43c9db6

Былтыр «Ауыл аманаты» бойынша сенім білдірілген өкіл «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ ұсынған мәліметке сүйенсек, жалпы 471,5 млн теңгеге 74 өтінім қабылданып, соның 72-і (466,2 млн теңге) қаржыландырылған. Қазіргі таңда 445,4 млн теңгесі (69 өтінім) игерілді. Яғни 95,8 %-ы жоба мақсаты бойынша жүзеге асырылуда. Ал қалған үш өтінім иесі өз еркімен несие алудан бас тартты. Шежін ауылдық округінде «Ер Сәті» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, үй іргесінде жылыжай құрылысы басталды. Қазіргі таңда қаңқасы (каркас) тұрғызылды. Екі ауыл тұрғынына 10,3 млн теңге қаражат беріліп, екі сән салонына қажет құрылғылар алынды. Бір кәсіпкер балаларға арналған кафетерий ашу үшін 5,8 млн теңге көлемінде несие алды. Енді бірі 2,9 млн теңгеге арнайы металл соғатын қондырғы алып, жұмысын жандандыруда. Ал 65 тұрғын 426,4 млн теңгеге 2664 мал сатып алды. Жалпы сүтті бағыттағы ірі қара – 458, соның ішінде тауарлы ірі қара – 330, асыл тұқымды ірі қара – 128 бас. Жобаға тасқалалық Меңсұлу  Сахипкерейқызы да қатысыпты. Өзінің шағын кәсібін дамыту мақсатымен «Ауыл аманаты» аясында 8 млн 6 мың теңге қаражат алып, ісін жүргізіп отыр. Бет күтіміне арналған аппарат пен құрал-жабдықтар алып, халыққа қызмет көрсетуде. Меңсұлу Сахипкерейқызының тұрақты тұтынушысы да көп.

IMG_5043

Айта кетсек, 2022-2023 жылдары халық табысын арттыру бағытында қарқынды жұмыс атқарылып, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін жұмыс жүргізілді. 2022 жылы мемлекеттік қолдауға, яғни 612 600 және 1 225 200 теңгеден 56 адам 65 548 мың теңге қаражатқа (жас, көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алушы, жұмысқа жарамды мүгедектер, асыраушысынан айырылған және мүгедек баланы тәрбиелеуші), ал 2023 жылы 400 АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейін мемлекеттік қолдауға, яғни 690 000 және 1 380 000 теңгеден 32 адам 30 360 мың теңге қаражатқа (көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алушы, жұмысқа жарамды мүгедектер, асыраушысынан айырылған және мүгедек баланы тәрбиелеуші) қол жеткізді. Грант иегерлерінің бірқатары ауыл шаруашылығын дамытып, аудан халқына таза сүт және ет өнімдерін ұсынуда. Олардың қатарында логопедиялық кабинет, дәнкерлеу ісі, тігін өндірісі, клинингтік қызмет көрсету, жол бойындағы тамақтану орны, көлік жөндеу қызметі, биогумус өндірісі және тағы басқа қызмет түрін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар.

Ауыл тұрғыны Ақұлпа Каналиев 2023 жылы аудандағы мансап орталығына жолықты. Өзі тұрмыста, көпбалалы отбасы. Кәсіпкерлік негізінің онлайн курсынан өтіп, кейін мемлекеттік грантқа үміткер ретінде өтініш берді. Комиссия мүшелерінің оң шешімін алып, ісін бастады. Кәсіпкердің қолға алған кәсіп түрі – кондитерлік өнімдер өндіру. Бүгінгі күні тапсырыс қабылдап, жұмысын жандандыруда. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастыру үшін қажет қаражат көлемін нақтылау мақсатымен барлық ауылдық округте скрининг жүргізілді. Скрининг қорытындысында аудан бойынша 2024 жылы кәсібін бастағалы жатқан 52 әлеуетті несие алушы анықталды. Солардың 39-ы мал, біреуі құс, екеуі өсімдік шаруашылығы, үшеуі техникалық базаны жаңарту, жетеуі шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында екен. Қажет қаражаттың жалпы сомасы 436,1 млн теңге.

Назерке Шайхолла,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале