8.02.2024, 22:30
Оқылды: 89

Бөгелек боранның бейнеті...

Шыңғырлауда айтып келмейтін ауа-райының әлегі аудан тұрғындарын біраз әбіржітіп тастады. Жапалақтап жауған қардың қапелімде дүлей боран боп соғарын ешкім күтпеген, алайда екілене соққан жел екпіні әуелі жарықты сөндіріп, барлық жылу беретін, сумен қамтушы, түнгі режимде жасайтын мекемелер жұмысын тоқтатты.

IMG-20240208-WA0094

Бұл кеше түнде болған жағдай. Сағат түнгі 00:40-та кейбір ауылдық округтерде жарықтың өшіп қалғаны туралы хабарлар түсе бастады, таңғы 06:20-да аудан толық жарықсыз қалды. Аласапыран боп атқан таң көпшіліктің жұмысқа баруын қиындатып, көшедегі көлік қозғалысын кідіртті. Халықты әуре-сарсаңға түсірген төтенше жағдай бойынша аудан әкімдігінде шұғыл штаб жиыны өтіп, жедел тапсырмалар берілді. Барлық негізгі стратегиялық маңызы бар мекемелер автономды электр қуатын беру құралдарына қосылып, күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Аудан бойынша барлық мекемелер төтенше жағдайдың мейлінше ауыртпалықсыз өтіп кетуіне күш салды. Ішкі істер бөлімі ауданнан сыртқа шығуды шектеп, боранды күнгі жолаушылар қозғалысын болдырмады. «Шыңғырлау Комтехсервис» аласапыран боранмен араласа жүріп, көшелерді қардан тазарту жұмыстарын тоқтаусыз жүргізді. Ауылдарда да, аудан орталығында да абоненттерге газ берілуі тоқтатылған жоқ. Сумен қамту да солай. Жалпы алғанда жағдай тұрақты болды, тек электр қуатының берілмеуі ғана бірқатар қиындықтарды туғызды.
Аудан бойынша электр сымдарының тозғаны, электр станциялары мен трансформаторлардың ескіргені аз айтылып жүрген жоқ. Оларды жаңалау аса көп мөлшерде қаржы және уақытты қажет ететін күрделі жұмыс. Аудан басшылығы бұл жұмыстарды үздіксіз жүргізіп, күн тәртібіндегі басты назарға қойған. Аудандық электр қуатын таратушы мекеме азғантай ұжымымен күндіз-түні жұмыс жасады. Дүлей боранмен алыса жүріп үзілген сымдарды жалғап, көшелерге ішінара жарық беріліп тұрды.
Кінәлауға дайын тұратын жосықсыз мінезіміз бар ғой, бірақ сырттағы алапат боранда осы Сіз бен бізге жағдай жасаймын деп жүрген қаншама қарапайым еңбек адамдары, аудан және бөлім басшылары, ауылдастарымыздың жүргенін де ескеріңіз, қадірменді көпшілік! Сіз қайта үйде, бала-шаға, немеренің қасында, жылы жерде отырсыз, ал қаншама өзіңіздей азаматтар көзінің жасы мұрнының суына қосылып, кешегі ызғырықта далада жүрді, әлі де жүргенін ескеріңіз!
«Жарық жоқ, жылу болмай жатыр, көше қар» деп байбалам салу, әлеуметтік желіге жүктеп айбарақ ету әрине, оңай, бірақ ешкім де қол қусырып отырмағанын да білген жөн!
Жарықтың сөнуіне себеп те көп болды, мысалы Бөрлі ауданының электр стансасының істен шығуына байланысты жарық көзін уақытша көршілес Ресейдің Соль-Илецк ауданынан тартуға шешім қабылданды. Осының нәтижесінде аудан орталығы мен Ащысай ауылына жарық берілді. Ал, Ақшат, Қарағаш, Алмаз, Ақбұлақ ауылдық округтері Қаратөбе ауданының жарық көздеріне қосылды.
Қазір барлық ауылдық округтерге жол аршылып, жол қатынасын реттеуге күш салынып жатыр. Жалпы, ТЖ кезінде аудан кәсіпкерлерімен келісілген (оның ішінде 11 азық- түлік дүкендері, 1 киім-кешек, 3 дәмхана мен 2 қонақүй бар) келісімшарт бар. Бұл нысандар қандай да төтенше жағдайда халыққа тоқтаусыз және жағдайға сәйкес қызмет көрсететін болады.
Адам шығыны болған жоқ. Шыңғырлау-Ақсай бағытында көлігі тұрып, боранда қалып қойған бір азамат аман-есен құтқарылды.
Барлық ауылдық округтермен байланыс бар қазір, қыстақтардағы жағдай да қалыпты.

Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале