9.02.2024, 20:00
Оқылды: 74

Жастарға ауылда мүмкіндік бар

Бүгінде елде жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Бұл мәліметті бос сөз емес, арнайы сайттарда жарияланған мәліметтерге сүйеніп айтып отырмыз.

евгени ералиев (1)

Мысалы, kaz.nur.kz сайтында «Сарапшылардың мәліметінше, 2023 жылдың бірінші тоқсанында елімізде жұмыссыз отырған адам саны 453,5 мыңды құрап, өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 0,1 пайызға артқан. Қалалардағы жұмыссыз отырғандардың саны бір жылда 0,9 пайызға өсіп, 278,7 мың адамды құрады. Ал ауылдық елдімекендерде, керісінше 1,2 пайызға азайып, 174,8 мың адамға жеткен. Осылайша 2023 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық 4,8 пайызды көрсетіп тұр (бұрын 4,9 пайызды құраған). Ауылдарда бұл көрсеткіш 4,9 пайызды (бұрын – 4,8 пайыз), қалаларда – 4,7 пайызды (бұрын – 5 пайыз) құраған» деген мәлімет берілген.

Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі бары сөзсіз. Әсіресе, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жастардың еңбекке араласуына мүмкіндік береді.

- Былтыр Теректі ауданы бойынша 114 адам «Жастар тәжірибесінен» өтті. 30 адам алғашқы жұмыс орнына жолдама алды. Биыл «Жастар тәжірибесінен» 135, «Алғашқы жұмыс орнында» 22 жас өткізу жоспарланды. Бұл бағдарламаларға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Айлығы – 30 АЕК, яғни, 110 760 теңге. Биыл бір ай ішінде «Жастар тәжірибесіне» оқу орнын тәмамдаған 3 жас маманды, «Алғашқы жұмыс орнына» 2 адам жолдап үлгердік,- дейді осы бағдарламалары жүргізіп отырған аудандық Мансап орталығының маманы Жанаргүл Жақия.

IMG-20240209-WA0045

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша Долин ауылдық округі аумағындағы «Райымбек» шаруа қожалығына күні кеше жұмысқа орналасқан Евгений Ерғалиев:

- Мен өзім ауыл тұрғынымын, үйде мал ұстаймыз. Сондықтан қожалықта жұмыс жасау мен үшін қиын емес. Өзім де мал шаруашылығымен айналыссам деген жоспарым бар. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама арқылы мал шаруашылығын жүргізу оқуына қатысамын. Әзірге осы жерде ауладағыдай 4-5 бас емес, көп малды күтуге машықтанамын. Мемлекет тарапынан жастарға, өз ісін ашамын дегендерге көмек берілетіні қуантады. Мен сол мүмкіндікті толық пайдалануға тырысамын,- деп жоспарымен бөлісті.

Жастар қалаға қарай тартып, ауылда жұмыс қолы азайғаны рас. Шаруа қожалықтары малшы, механизатор іздейді. Ал қолының қаруы бар, ауыл тұрмысына төселген жастардың көбі ырду-дырдуына елітіп, қалада күндік табысқа қарап күнелтеді. Мемлекеттік бағдарламалардың берерін пайдаланса, жастардың пәтер сағаламай, ауылда мал ұстап, нық аяғына тұрар мүмкіндіктері бар.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале