Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен ұлы ақын, ұлт мақтанышы, қазақтың кемеңгер ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында ІІ республикалық «Шәкәрім оқулары» байқауының аудандық кезеңі өтті.
Нұржанар Меңдешева мен Ақерке Ғабдуллина мүшәйраның шымылдығын ашып, Көпжасар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Кәрима Дарханқызы ақынның жүріп өткен жолдары мен өмірбаяны жөнінде «Шәкәрім мұрасы мәңгілік мұра» атты кітап көрмесіне шолу жасады.
Бағын сынап келген қатысушыларға Жаңақала аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ақмарал Сапарова, аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Райгүл Рамазанова және аудандық мәслихат депутаты, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Азамат Бақиев төрелік етті. Аталмыш байқау 3 кезеңнен құралды. Ережеде көрсетілгендей, үміткерлер ақынның 20 өлеңін жатқа оқып, өмір жолынан қойылатын сұрақтарға жауап беру керек болатын.
Жиылған оқырман мен оқушылардың арасынан оза шыққан Есен Орақбаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Ұлпан Елеукен (жетекшісі А.Мырзағалиева) ІІІ орынды қанжығасына байласа, талай сахналардың төрінен бой көрсетіп жүрген мектептен тыс жұмыс орталығындағы «Жыр-тұмар» ақындар мектебінің оқушысы Ақбаян Ғилымхан (жетекшісі С.Қарекенова) ІІ орын алды. Қатысушылардың арасынан ең жоғарғы ұпай санымен алға шыққан Дина Нұрпейісова атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Ақжайна Амангелді (жетекшісі Н.Габдрахманова) жүлделі І орынды иемденіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Барлық байқау қатысушыларына алғысхат, естелік сыйлық берілді. Тартысты дода барысында аудандық кітапханашы Ақерке Ғабдуллина тілдік тұлға - Шәкәрім бабамыздың әні мен сөзіне жазылған «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін тебіренте шырқады.
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz