16.02.2024, 15:15
Оқылды: 64

Қазталов ауданына өндіріс орындары қажет

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасын көтеруге және халықтың табысын арттыруға бағытталған негізгі 10 бағытты айқындап берді. Президентіміз айтқан екінші бағытта Жаңа инвестициялық кезеңді бастау туралы нақты көрсетілген.

Close up of a meat industry worker gathering packed meat on a conveyor belt.

Фото: istockphoto.com

Яғни елімізге тың инвестициялық жобаларды тару арқылы елдің даму тұрақтылығын сақтап, одан әрмен қарай экономиканы өркендету. Ол үшін сыртқы және ішкі инвестицияны көбейту керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмыспен жаңадан құрылған Инвестициялық штаб айналысатынын жеткізді. Дегенмен алысқа бармай-ақ, әр өңірге ивестиция тартуға болады. Бұған да Президетіміз: «Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек», - деп турасын айтып отыр.

Ал біздің өңірде инвестиция тарту үшін не істей аламыз? Бұл жерде жергілікті әкімдердің менеджерлік қабілеттері сынға түспек. Мысалы, Казталов ауданында шағын бизнесті дамытатын өндіріс көздері жоқтың қасы. Саудадан басқа, шұжық, түшпара, сүт өнімдерін өңдейтін өндіріс жоқ. Қазірге күндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы осындай өндіріс ошақтарын ашуға зор мүмкіндік беріп отыр. Әттең, белін бекем буып, тәуекелге баратын кәсіпкер табылмауда. Егер жергілікті жерде ет, сүт өнімдері өндіріліп, тұрғындарға сатылса, өнім нарығы мен оған керекті шикізат та табылары сөзсіз.
Былтырғы жылы өңіріміздің оңтүстік аудандарында мекен ететін киіктердің шамадан тыс көбеюіне байланысты реттеу жұмыстары басталды. Сол кезде ауданымызда киікті соятын, етін, терісін, мүйізін сақтайтын жер болған жоқ. Соның салдарынан киік еті облыс орталығы мен көрші облыстарға сатылды. Ал жергілікті халықтан сұраныс болғанымен, киік еті саттыққа шығарылмады. Басты себеп – мал соятын, сақтайтын орынның болмауы. Осы жерде ойлану керек секілді. Бүгінде екі миллионнан асып кеткен ақбөкендерді реттеу жұмыстары жыл сайын жүзеге асады. Ендігі кезекте ауданымызға ірі инвестор тартып, ірі мал сою алаңы мен ет комбинатын неге ашпасқа?! Сол кезде, біріншіден, жергілікті халық жұмыспен қамтылады, екіншіден, жергілікті өнім өндіріледі. Киік етінен түрлі өнім жасауға болатынын Арқа өңіріндегі ет комбинаты дәлелдеп берді. Сонымен қатар киіктің терісін, мүйізін өңдейтін өндірісті де ашуға болады.
Бізде қазір азық-түлік сататын сауда нысандарын аралап көрсеңіз, халық тұтынатын негізгі өнімдер еліміздің басқа аймақтары мен шетелден келеді. Жергілікті азық-түлік өнімдері жоқ деп толықтай айтуға болады. Әзірге ауданымызда бау-бақша дақылдарын есепке алмағанда, сүт, ет өнімдерін сатып, өткізе алмай қалды деген адам жоқ. Табиғи таза өнімге сұраныс әркез жоғары.
Казталов ауданының негізгі бағыты мал шаруашылығы болғанымен, қолдағы малдың өнімін өңдей алмай отырмыз. Мал басы да күн санап артып келеді. Сол төрт түліктің арқасында жағдайын түзеп жатқандар да жоқ емес. Бірақ біреуі де өндіріспен айналыспайды. Осы жерде ірі, орта шаруашылықтардың инвестициясын өндіріс ошақтарын ашуға бағыттау керек.
Ауданымыздағы инвестиция тартуға қатысты бір мысалды ауыз толтырып айтуға болады. Былтырғы жылы аудан орталығында «Sandyq» супермаркеті ашылған болатын. Сауда нысанын аудан жұртшылығына жақсы таныс кәсіпкерлер Махамбет және Гүлнәр Тайгареновтар ашып отыр. Кәсіп иелері өздерінің жиған-тергендерін далаға жібермей, аудан орталығына салды. Осы жерде жергілікті әкімдердің еңбегін атап өткен жөн. Олар кәсіпкерлерді инвестицияны ауылға салып, сауда нысанын ашуға үгіттеген болатын. Бір сөзбен айтқанда, инвестор тартты. Нәтижесінде халыққа қолжетімді бағамен әр алуан тауар ұсынылып, аудан орталығындағы дүкендердің шарықтаған бағасын түсіруге негіз болды. Кәсіп иелері де табысқа кенелді, біраз жұмыссыз тұрғынды жұмыспен қамтыды. Аталмыш бизнестен түскен салық жергілікті бюджетті толықтырды. Ал жергілікті бюджетке түскен қаражат сол елді мекеннің бір мәселесін шешуге жұмсалатыны анық.
Міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасын көтерудің және халық табысын арттырудың негізгі бағыттарын атап көрсеткен болса, сол бағыттағы жұмыстарды аудан көлемінде де орындауға болатынына көз жеткізді. Ендігі кезекте дұрыс жоспар құрып, жүйелі түрде жұмыс жасайық!

Нұр Рахман,

Қазталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале