Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен "Орал сазы" фольклорлық ансамблі мен "Ән қанатында" вокалды аспаптар ансамблінің бірлескен “Этно – Модерн” атты концерті өтті.
"Орал сазы" фольклорлық ансамбліне Асқар Кенжеғалиев, "Ән қанатында" вокалды аспаптар ансамбліне Валерий Полубабкин жетекшілік етеді. Бұл этнофольклор мен эстраданың бірлескен жанрындағы концерттік бағдарламаның авторы, ансамбль жетекшісі, мультиаспапшы – Аслан Ғұмаров. Кеште оның авторлық туындыларымен қатар, күйлер, саундтректерден попуррилер орындалды. Сондай-ақ Дархан Құлбабаев, Ернар Өмірәлі, Майра Хайдарова, Жаңылсын Хасанова, Қанат Төлепқалиев, Марат Сарбупеев, Жаскелең Ғайсағалиев, Ақмарал Ахметова, Айдана Орынғалиева халық әндерін, ретро және 80-90 жылдардағы әндерден попуррилер орындап, халықтың қошеметіне бөленді.
Көрермен ансамбль мүшелерінің әншілерді сүйемелдеп, аспаптарды аса шеберлікпен ойнап отырғандарына тәнті болды. Әуелете шырқаған өнерпаздарға халық қосылып, әндетіп отырды. Тыңдарман концерттен көтеріңкі көңіл күй, тамаша әсер алғанын ыстық ықыластары мен қошеметтерінен байқадық. Расымен де, ұлттық аспаптардың кез келген жанрдағы туындыларды осындай заманауи стильде жеткізе алғаны тәнті қылмай қоймайды.
Концерт соңында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының ұжымына шығармашылық табыстар тілеп, ауданымызға келіп, осындай керемет кеш өткізгені үшін алғысын білдіріп, ықылас гүлі мен марапатын табыстады.
Және Шыңғырлау ауданының жан-жақты дамуына елеулі үлес қосып, мәдениет саласына қашан да қолдау көрсетіп жүрген, осы концертке демеушілік еткен, "Жарас" шаруа қожалығының басшысы Мирболат Тасмағанбетовқа да аудан әкімі алғысхатын табыстап, өз ризашылығын білдірді. Көрермен де өз алғысын ақ тілектерімен жеткізіп жатты.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz