19.02.2024, 16:04
Оқылды: 62

Атамекен сахнасында тұңғыш рет 300 теректілік өнерпаз өнер көрсетті

Оралдағы «Атамекен» өнерордасына Теректі ауданынан бір уақытта 300 өнерлі жас аттанды. Бірі – Шағатайдан ат арылтып жетсе, бірі – сонау Шалқар жағасынан келді. Тұтас бір аудан тегістей қамтылды. Осы орайда балаларды дайындаған жетекшілер мен оларды қолдаған ата-аналар қауымына үлкен алғыс білдіруіміз керек шығар.

2 кц

Хош.. Өнер ордасының төрі ән мен күйге бөленіп, ғажап би сахна сәнін келтірді. Қазақстанды айтпағанда, алыс-жақын шет мемлекеттерді мойындатқан «Жұлдыз» үлгілі би ансамбілінің (жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» Жанар Тайшыбаева, хореограф Дана Махамбетқызы) жас деңгейлеріне қарай жасақталған барлық дерлік тобы бірде Жайықтай тулап, бірде Ақжайықтан ескен самал леп секілді ырғала биледі. Күні кеше Македония мемлекетінде талайды тамсандырған Айсезім Тілекқабыл (жетекшісі Гүлназ Құсайынова) украин әні «Зозуляны» әуелеткенде зал сілтідей тынды. Концерттің шымылдығын ашқан Подстепный ауылының «Сұлу» би тобына да (жетекшісі Жансұлу Ақмурзина) үмітпен қарадық. Сарыөмірлік Марғұлан Елемес (жетекшісі Юлия Ақбергенова) «Батырлар ұранын» шырқағанда, ол әнді шағатайлық «Рухты жігіттер» тобы (жетекшісі Әсел Абулхасимова) бимен көркемдегенде залда делебесі қозбаған, қиқулап, арқаланбаған жан қалмаған шығар. Сонымен қатар халықаралық, республикалық ән байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы үлгілі «Өркен» вокалдық ансамблі (жетекшісі Гүлназ Рақымғалиқызы, репетитор Бақтыгүл Қабашева), Ақжайық ауылының «Жас дарын» дуэті (жетекшісі Ислам Мұрат), «Нұр-Ай» вокалдық тобы (жетекшісі Нұрбол Құрымғалиев), Покатилов ауылының «Арайлым» тобы (жетекшісі Светлана Садовская), Ақсоғым ауылының «Ару» вокалдық тобы (жетекшісі Жаздагүл Айтқалиева), Подстепный ауылының «Тұмар» тобы (жетекшісі Әйгерім Шайхиева, Эльдар Сатқанов), Ақсуат ауылының «Айналайын» вокалдық тобы (жетекшісі Азета Мусина), Подстепныйдың өнерлі балаларынан құралған тағы бір топ «Ақсұңқар» эстрадалық вокалдық ансамблі (жетешісі Әйгерім Шайхиева) орындаған әндеріне қошемет ерекше болды. Долин ауылының «Толқын» би тобы (жетекшісі Надежда Слета), Ақжайық ауылының «Ақбота» би тобы да (жетекшісі Құралайсұлу Каздукова) тым тәуір өнер көрсетті. Концерттік бағдарламада мәртебелі поэзияға орын берілді. Халықтық «Дат» театрының балалар үйірмесі оқушылары (жетекшісі Ақниет Мақсотова) Қадыр ақынның шығармашылығына шолу жасаса, Сарыөмір ауылының өлеңге жақын өрендері Хамза Есенжанов хақында жазылған туындыларды нақышына келтіріп оқып берді.

3 кц

Домбыраның үнінен жетер не бар дейсіз, шіркін?! Теректі ауылының «Тел қоңыр» ансамблі (жетекшісі Дәурен Жұмағалиев), Жайық ауылының дәстүрлі ән үйірмесінің тәрбиеленушілері (жетекшісі Жеңіс Қайыров) және Ақжайық ауылының қос таланты - Аяш Айғалиева мен Ділназ Исмағұл (жетекшісі Бейбіт Қажғалиев) терме орындаса, «Ақсұңқар» домбырашылар ансамблі (жетекшілері Әйгерім Шайхиева, Лариса Сексенбаева, Дина Ғаббасова) халық күйі «Тепең көкті» күмбірлетті.

Ауданның кішкентай өнерпаздары дайындаған концерт Айсезім Тілекқабыл, Марғұлан Елемес, Сезім Бекқайыр және Ерәлі Бисенғалидің орындауында «Теректі толқыны» әнімен түйінделді.

8 кц

Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова сахнаға көтеріліп, ауданның барша кішкентай өрендеріне алғысын білдірді. Аудан басшысы мәдениет саласындағы бірқатар елеулі жетістікке тоқталып, өнерпаздарға ықылас гүлін ұсынды.

«Әттең» деген тұс...

 

Иә, концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өрбіді. Балалар тырысты, облыс орталығы халқына керемет көңіл күй сыйлауға ниеттенді. Алайда «әттең» деген жағдаяттар да болғанын жасырып қайтеміз.

6 кц

Оның бірі – Оралда ұйымдастырылған, үш жүз баланың басын қосқан шараға облыс басшылығынан бірде-бір адамның келмеуі. Тіпті, мәдениет саласына жауапты басқарманың да басшылық құрамы төбе көрсетпеді. Өңір басшысы жүрсе тайлы-тұяғымен ілесе шабатын шенділер, эстрада жұлдыздары келсе ебіл-дебілі шығып жүгіретін ел ағалары бала дегенде неге үнсіз қалды? Бітпейтін жиындарда галстукке «қылғынып» қалғып-мүлгіп отыру дағдыға айналған кезеңде ауылдан шыққан таланттардың арқасынан қағып, бір ауыз жылы сөз айту – ең қиын шаруа ма? Айтып-айтпай не керек, Оралдан шіренген шенеунікті де, жастарға жауапты мекеме өкілдерін де көзіміз шалмады. Облысты айтып, көмей жыртамыз-ау. Қала берді ауданға қарасты ауылдық округ әкімдері де өз ауылдастарын қолдап келмегенін де байқадық. Бұл – немқұрайлылық па, әлде, «бала ғой» деп елемеу ме?

5 кц

«Болар баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақ едік қой. Әлде, «сахна бердік, есікті жауып өздерің концерт қоя беріңдер» дегеннің сыйқы ма? Түсінбедік...

 

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале