20.02.2024, 9:45
Оқылды: 55

Бір медпункттің құны – 85 миллион теңге. Қаражат облыстық бюджеттен бөліне ме?

Жуырда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Мәслихаттың кезекті X сессиясында қаралатын  мәселелер талқыланды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев жүргізген отырысқа облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, депутаттар, тиісті басқарма басшылары мен өкілдері қатысты.

18e8af8c-4a44-4b30-8998-bb22422ae41f

Мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндаған облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевке депутаттар сауалдарын қойды. Өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Облыстық бюджеттен әр салаға бөлінетін қаражаттың мөлшерін талқылады. Мәселен, депутат Мереке Ғабдуалиев мәдениет саласын дамыту үшін бөлінетін ақшаның қайда жұмсалатынын нақтылауды сұрады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің айтуынша, облыстық филармония әртістері костюмдерінің жаңартылмағанына 7 жылдан асқан.  Биыл күзде Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Өңірдің мәдениет саласының 120 қызметкері бас қала төрінде төрт іс-шара ұйымдастырмақ. Сол үшін 93 млн теңге бөлінген. Әртістерге 80-ге жуық костюм тігілмек. Елорда төрінде облыстың мәдениет күндері өтіп, бес киіз құрылады.

Мәслихат депутаты Тұрарбек Тілемісов көктемгі су тасқы­нының алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынғанын, қаражаттың қаншалықты жеткілікті бөлінгенін сұрады. «Көктемгі су тасқынына дайындық басталып кетті. Су ағатын жолдар қар мен мұздан тазартылуда. Резервке 5,8 млрд теңге салынды. Бұл ақша кез келген төтенше жағдайдың алдын алуға немесе оның салдарын жоюға қарастырылды. Біз табиғатқа тәуелдіміз, десек те адамдарды жазатайым оқиғадан сақтау үшін барынша жұмыс жүргізілуде», – деді облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов. Депутаттар білім саласы бойынша өңірде неше инклюзивті білім беру кабинеті бар екенін, әлі мұндай қанша кабинет керектігін сұрады. Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның сөзінше, өңірде мұндай бес кабинет жұмыс істейді. Оның төртеуі – Оралда болса, біреуі – Теректі  ауданындағы Подстепный ауылының №1 жалпы орта білім беретін мектебінде. Бір кабинет бір мезгілде он баланы ғана қабылдайды. Өңірде аутизмге шалдыққан балалардың саны өсіп келеді. Бұл кабинеттер ата-аналар тарапынан сұраныс болған жағдайда ашылады. Бүгінде Орал қаласына қарасты Зашаған кентіндегі №10 мектепте және Ақсай қаласындағы №2 мектепте осындай кабинет ашу ұсынылған.

dea1889d-def8-4e14-9613-d4d982f69eea

Облыста 5 ауылдық елді мекенде әрқайсысы 85 млн 757 мың теңге тұратын модульді медициналық пункт салу жоспарлануда. Бұл қаражат облыстық бюджеттен сұралып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановтың айтуынша, нысанның аумағы 98,4 шаршы метр болмақ. Ғимаратты қоршау, абаттандыру және заманауи құрал-жабдықтар алу осы қаражат есебінен жүргізілмек. Депутаттар осындай қомақты қаражатқа салынатын нысанның қандай артықшылығы барын сұрады. Мәселен, Тұрарбек Тілемісов ауылда 85 млн теңгеге нысан салу тым қымбат деді. Ол ауылдық жерлерде екі кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен 8 млн теңгеге және 16 млн теңгеге екі медпункт салғанын тілге тиек етті. Тілепберген Каюпов егер бұдан аз қаражатқа әрі барлық талапқа сай медпункт салып беретін кәсіпкерлер болса, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға болатынын айтты. Жалпы бюджеттен бөлінген 425 млн теңгеге бесеу емес, 10 медпункт салатын мердігер табылса, бұл мәселені қайта қарауға болатынын жеткізді. Ал облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің сөзінше, республикада тастан салынатын бір медпункттің құны – 156 млн теңге. Өңір бюджетінің қаражатын үнемдеу мақсатында модульді медпункт салуға шешім қабылданған. Жалпы облыстағы бес емес, 50 медпунктті жаңалау қажет.

Отырыста облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 100% көлемінде ынталандыру үстемеақылар белгілеу жөнінде айтылды. Аталған басқарманың басшысы Талғат Нығметовтің баяндауынша, жалақы төмен болғандықтан орталықта білікті кадрлар тұрақтамауда. Мысалы, 2021-2023 жылдары 42 маман өз еркімен жұмыстан шыққан. Олардың 74 пайызы – кәсіби  білікті маман, яғни теологтар, дінтанушылар, психологтер. «Бұл қоғамдағы конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау саласындағы міндеттердің сапалы жүзеге асуына кері әсерін тигізуде. Сол себепті штаттың сапалық құрамын арттыру және кадрларды тұрақтандыру мақсатында қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемеақылар беруді сұраймыз», – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар отырыста мәслихаттың «Облыстағы ауылдық жерлерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе талқыланды. Былтыр облыстық мәслихаттың депутаттары атқарушы билікке шалғай аудандарға баратын дәрігерлерге 10 млн теңге көлемінде қаражат бөлу туралы ұсыныс жолдаған. Соның нәтижесінде облыстық бюджеттен шалғай аудандарға баратын әр маманға 8 млн теңгеге дейін қаражат бөлінбек. Жиын барысында облыстық мәслихаттың екі тұрақты комиссиясын құру туралы және басқа да бірнеше шешіміне өзгеріс енгізу ұсынылды. Ал «Теннистен облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі» МКҚК мүліктік кешен ретінде сенімгерлік басқаруға беру», мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру іс-шараларынан туындаған мәселелер ҚР Жоғарғы сотында қаралады. Бұл мәселе Жоғарғы соттың шешімі шыққанға дейін сессияның күн тәртібінен алынып тасталды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале