24.02.2024, 13:00
Оқылды: 77

"Ұлттық сезім" жобасына көшімдіктер де қатысып жатыр

Елімізде ұлттық нақыштағы белгісі бар заманауи киім-кешек киюді, әшекей-бұйымдарды насихаттауды, патриоттық сезімді дамытуды мақсат тұтқан "Ұлттық сезім" жобасына көшімдіктер де өз үлесін қосуда.

IMG-20240224-WA0045
- Көптен бері жұмыста, кеңседе тұрақты түрде ұлттық киім киюді іштей ойлап жүрген едім. «Ұлттық сезім» флешмобын естіген соң, одан біз де қалыс қалмайық деп ұжымдағы әріптестеріме айттым. Біз мемлекеттік мекеме болғаннан соң өзгелер бізден үлгі алып, бой түзеуі керектігін де жеткіздім. Олар бірауыздан қолдады. Сөйтіп округтегі үш мектеп, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, өрт сөндіру қызметі, коммуналдық сала қызметкерлері атсалыса бастады. Білім ұясында тек мұғалімдер емес, оқушылар да ұлттық киім киюде. Ешбір сөзге келместен, балаларына ұлттық киім алып беріп жатқан ата-аналарға да ризамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында, иә болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты» деген болатын. Бүгінде ауылымыздағы тігіншілер ұлттық нақыштағы киім тігуді қолға алып, тұрғындардың тапсырыстарын орындауға кіріскендеріне қуаныштымыз. «Ұлттық сезімнің» наурызда аяқталатынына қарамай, біз ұлттық киім киюді жалғастыра береміз. Сөйтіп оны күнделікті жұмыс киімі етіп қалдыру ойда бар, - дейді Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин.

IMG-20240224-WA0046
Бұрын Көшімде де өзге ұлт өкілдерінің көп болуы себепті ұлт мәдениеті кенжелеп қалғаны рас. Егемен ел атанып, қандастарымыздың қатары көбейген соң ұлттық құндылықтарға жіті мән беріле бастады. Жыл өткен сайын мектептегі қазақ сыныбында оқитын шәкірт саны артып келеді. Мәселен, былтыр оқу жылы басталғанда Үлкен Шаған мектебінде тарыдай болып кірген балалар екі қазақ сыныбын толтырды. Бұрын соңды мұндай болған жоқ еді. Одан бөлек ауылда қазақша таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Мәселен, Көшім мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер бар. Ақсу ауылындағы ұлты орыс кітапханашы барлық іс-шарасын қазақ тілінде өткізіп жүр. Мұның бәрі Көшімде қазақтың төл мәдениеті мен тілінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңа қарқында дами бастағанын анық көрсетсе керек.

Анна Хан, Көшім ауылы әкімі аппаратының жетекші маманы:

IMG-20240224-WA0048
-Басшымыз, ауыл әкімінің ұсынысын біз ауыздан қолдап, ұлттық киімді күнделікті түрде жұмысқа киіп келіп жүрміз. Ұлтымның кәріс болғанынан соң ба кәзекейді кигенде бәр мені қазақ деп ойлап қалады. Сөздің шыны керек, кәзекейді көбіне Наурыз мерекесінде киетінмін. Енді оны және өзге де қазақтың киім, әшекейлерін тұрақты түрде қолданысқа енгізетін боламыз. Жалпы ауылымыздың тұрғындары да қазақтың ұлттық киімдерін сатып алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатқанына қуаныштымын. Әлеуметтік желілерге салынған суреттерімізді көріп киімді қайдан алғанымды сұрап, қызығушылықтарын танытып жатқан таныстарымыз да бар. Жалпы қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем еместігін баса айтқым келеді.

Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы
Көшім ауылы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале