27.02.2024, 10:00
Оқылды: 146

Тау бұлағынан шабыт алған...

Қазақстанның Халық суретшісі, Ш. Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кескіндемеші, график-суретші Әбілхан Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол 1945-1956 жылдар аралығында Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болған.

Түрксіб (1969)

Түрксіб (1969)

Алматыдағы Мемлекеттік өнер музейі мен Шымкент қаласындағы өнер және дизайн колледжі Қастеев есімімен аталады. Он жыл бұрын өзі тұрған үй мұражайға айналды. Көрнекті дарын иесіне арналған халықаралық ғылыми конференциялар мен дербес сурет көрмелері атаулы күндерге орай өткізіліп отырады.

Әбілхан Қастеев шығармашылығы – қазақтың ұлттық өнері мен мәдениетінің баға жетпес байлығы. Ол – пейзаж, портрет, сондай-ақ тарихи жанрларда жемісті еңбек етіп, қарындаш, акварель және майлы бояу­мен қарқынды жұ­мыс істеген тұлға. Қастеев сомдаған асыл дүниелер қазақ мәдениеті мен өнерінің жауһар­лары санатында әлі талай ғасыр өз көрерменін тәнті ете береді.

Әбілхан Қастеев замандастарынан сәл ілгері, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары шығармашылыққа келді. Ол 1904 жылы Талдықорған облысының Жаркент ауданына қарасты Шежін елді мекенінде өмірге келген. Әкесінен ерте айырылып, сегіз жасынан еңбекке араласып, ауыл байының малын бағады. Дарынды бала күні бойы табиғатпен сырласып, таудың әсемдігін, тау бұлағының сылдырын естіп, мөлдірлігін көріп, қоршаған ортаның сұлулығын жан дүниесіне сіңіріп өседі.

Табиғатпен етене жақын өскен Қастеев сезімдерін тау тастарына, қайың қабығы мен ағаштарға бейнелеп жүреді. Бірақ дініміздегі тыйымдарды ескерген ауыл ақсақалдары бұл баланың әрекетін қолдамай өзгешелеу, қазаққа жаттау көрінген «күнәһар кәсібін» айыптайды. Қарғадай Қастеев өзін ақтап, суреттерін ақын өлеңдерімен салыстырып, айтысып та жүрген.

Қазіргі қоғамда кеңестік кезеңді айыптайтындар бар, ол орынды да болар. Бірақ бір сәт әділеттілік тұрғысынан қарап көрсек, оның жағымды жақтары да, нәтижелі тұстары да болды. Жаңа әлеуметтік көзқарастардың арқасында көптеген көркемдік, актерлік, музыкалық және басқа да бағыттағы талантты адамдар өздерінің қабілеттерін танытып, сол арқылы ұлттық мектептер мен өнердің жаңа түрлерін қалыптасып өркендеуіне зор мүмкіндіктер алды.

1926 жылы аудан орталығы Жаркентке жұмысшы болып орналасқан жас Әбілхан өзі армандаған бейнелеу өнеріне бар ынтасын қойып, қолы қалт еткенде сурет салуды ермек етіп, майлы бояумен жазып көруге де талпыныс жасайды. Кәсіби сауаты болмаса да, көргенін қағаз бетіне ерінбей түсіре береді. Түс пен масштабты, кеңістіктегі фигура мен заттарды сезініп, оны композициялық тұрғыдан жазықтық бетіне дұрыс орналастыруға деген ұмтылыс суретшінің алғашқы туындыларынан-ақ көрінеді. Ол қазақтың дәстүрлі тұрмысында ұшырасатын ерекше көріністерге жанашырлықпен Һәм ұқыптылықпен қарап, киіз үй интерьерін, ондағы текеметтер мен алашалардың, түскиіздер мен басқұрлардың түстерін сүйіспеншілікпен мұқият өрнектейді. Арасында әпкелері мен туыстарын кескіндейді, портреттердің ұқсастығына назар аударады.

Амангелді сарбаздары (1970)

Аманкелді сарбаздары (1970)

Әр адам тағдырында оның бір басты қасиеті қылаң береді. 1927 жылы Қазақстанда сол жылдардағы ең маңызды нысан – Түрксіб теміржол магистралінің құрылысы басталады. Алып құрылыс және жаңа тәжірибе алу мүмкіндігі талапкер суретшінің назарын аударып, ол 1928 жылы бүкіл елге әйгілі теміржол салуға барады. Осы ретте Қастеевтің көкжиегін кеңейтуге деген құштарлығы оның сурет салумен ғана шектелмейтінін көрсетеді.

Түрксіб теміржолының құрылысына қарапайым жер қазушы болып жұмысқа орналасқан болашақ суретші ересектерге арналған кешкі мектепті бітіреді. Араласатын ортасы кеңейіп, оның дарыны мен сурет салуға деген құштарлығы айналасындағылардың назарына ілігеді. Жаңа достардың кеңесіне құлақ асқан Қастеев Алматыға барып, Николай Хлудовтың жеке өнер студиясына оқуға түседі (1929-1931).

1920 жылы Верный қаласына Жетісу облыстық басқармасы бөлімшесінің сызбашысы болып келген Николай Хлудов қазақ халқының тұрмысы мен табиғатына назар аударды. Көптеген дарынды шәкірт дайындады, өнерге баулыды, өзі де акварель бояуымен жауһар дүниелер жазды. Оның реалистік мәнерге деген адалдығы, сондай-ақ алғашқы қазақ суретшілерінің кәдуілгі шынайы көзқарастарға бағдарлануы еліміздің ұлттық көркемсурет мектебін қалыптастырудың алғашқы жылдарында шешуші рөл атқарды. Олай дейтініміз, С. Чуйков, А. Бортников, В. Уфимцев және басқа да ХХ ғасырдағы қазақ және қырғыз өнерінің мақтанышына айналған көптеген тамаша суретшілер өздерінің алғашқы арнайы білімдері мен дағдыларын осы Хлудовтан алды. Мұнда Қастеев орыс және Батыс Еуропа суретшілері картиналарының репродукцияларын көріп, әлемдік классикалық өнермен алғаш рет танысу мүмкіндігіне ие болады.

Әбілхан Қастеев алғашқы кездесуі жайлы өнертанушы Е. Вандровскаяға берген сұхбатында: «Өзімнің мақсатымды айтқаннан кейін Хлудов менің келуіме таңданыспен қарады және қуанды. Қазақстанға қоныс аударғанына біраз жыл болса да, алғаш рет суретші боламын деген қазақты көргенін айтты. Ол отбасымды, сурет салуға қалай келгенімді тәптіштей сұрады, суреттерімді мақтады, бірақ майлы бояуды керосинмен жазбауымды айтып, сулы бояумен жұмыс істеуге кеңес берді. Кетерінде маған бір қорап акварель бояуын, қылқалам мен қағаз сыйлады және аптасына екі рет келіп тұруымды ескертті» деп еске алған.

1931 жылдан Әбілхан Қастеевтің өмірі көркемөнердің ажырамас бөлігіне айналды. Ол Қазақ орталық мұражайында суретші ретінде қызмет істей бастады. 1932 жылы туған жеріне Жаркентке оралып, ауыл клубына маңдайшалар мен ұрандар жазып, портреттер салады. Бірақ жас дарын ауылда қалып қоймай, Алматыға оралуды армандайды.

Студияда оқып, майлы бояу техникасының қыр-сырын игергендіктен болар, ол қазақ халқы өмірінің сұлулығы мен поэзиясын бүкіл әлемге паш ететін туындылар жазуға талпынатын. Сөй­тіп жүргенде, 1934 жылы қазақ ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың портретін жасауға республикалық конкурс жарияланды. Қастеевтің байқауға ұсынған бірнеше акварельде­рінің ішінен, табиғат аясында киіз үй жанында отырған Абай бейнесі сақталған. Қарапайым композиция болғанымен бұл пейзаждағы портрет болды. Кейіннен осы бағыт Қастеев кескіндемелерінің кілтіне айналады. Бұл байқауда суретші Құрмет грамотасымен марапатталады және Алматыдағы халық таланттарының І слетіне қатысу құқығы беріледі.

Әбілхан Қастеев бірте-бірте осылай сурет көрмелеріне қатысу арқылы өз шеберлігін шыңдап, бейнелеу өнеріндегі өзінің беделді орнын айқындайды, республика бейнелеу өнерінің бойына қан жүгіре бастайды.

1932-1933 жылдары ұйымдастыру бюросы, ал 1936 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы қазақ­стандық суретшілердің ұйымдастыру комитеті құрылады. Көркемсурет студиялары жұмысы мен көрмелер өткізудің басы-қасында Ә. Қастеев жүрді. 1937 жылы Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданған ол суретшілік деген кәсіпті елге мойындатқандай болды. Сөй­тіп, бейнелеу әлемі жас жігітті өзіне біржола баурады. Осы саладағы білімі мен дағдыларын жетілдіруге деген ұмтылысы, КСРО-ның болашақ Халық суретшісі Әбілхан Қастеевті Кеңес елінің астанасы Мәскеуге жетеледі, онда ол атақты И. Бродскийдің шеберханасынан тәлім алды (1934-1936).

1940 жылы Әбілхан Қастеев Суретшілер одағының І сиезіне қатысты. Соғыс кезінде ол ҚазТАГ-та жұмыс істейді, тылдағы колхозшылардың соғыс және еңбек тақырыптарында плакаттар мен композициялар жасайды. 1942 жылы Алматыда оның алғашқы жеке көрмесі өтті, онда суретшінің 143 туындысы қойылды. Ә. Қастеевтің шығармашылық мұрасында портреттік жанр маңызды орын алады. Ол салған Ш. Уәлиханов, Ж. Жабаев, А. Иманов, Ғ. Мұратбаевтың портреттері адамның мінезі мен сыртқы келбетінің ерекшеліктерін көрсетуге, жеке тұлғаны тарихи оқиғалармен және өз заманының рухымен байланыстыруға ұмтылуымен ерекшеленеді.

1950-1960 жылдары ол «Жаңа Қазақстан», «Қазақстан жерінде», «Қазақстан байлығы», «Қазақстан жері мен адамдары» сияқты акварельдік циклдар жазып, елдегі ауқымды экономикалық өзгерістерді жырлады.

1973 жылы өмірден өткен Әбілхан Қастеевтің бейнелеу өнеріне деген шынайы көзқарасы, ерен жұмыс қабілеті бай көркемдік мұраны қалыптастыруға ықпал етті. Жоғарыда сөз еткеніміздей, оның елге қалдырған мұрасына баға жетпейді, халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындылар қазір музей қорында сақтаулы. «Мектепте» (1930), «Түрксіб» (1932), «Жамбылдың портреті» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Жас Абай» (1945), «Биік таулы Медеу мұз­айдыны» (1954), «Гүлдеген алма ағашы» (1958), «Ме­нің Отаным» (1959), «Жайлаудағы аутодүкен» (1963), «Аманкелді сарбаздары» (1970), «Қапшағай ГЭС-і» (1972) сияқты полотнолары дарынды суретшінің реалистік тұрғыда, биік эпикалық қарыммен бедерлеген көркем шежіресі.

Біз бұл мақаламызда суретшінің барлық өмір жолын тізіп жазуды мақсат тұтпай, тек Қазақ ұлттық бейнелеу өнері мектебінің негізін қалаушы ретіндегі орнын, өнерге талпынысын сөз еттік. Ойымды «Құдай бақты барлық адамға бірдей береді. Оны ұстай алу – өзіңнің құзырыңдағы іс. Ұшырып алсаң, өзіңнен басқа ешкімді кінәлама» деген Әбілхан ағаның сөзімен түйіндегім келеді. Қастеевті Қастеев еткен де дәл осы ұстаным, дәл осы пәлсапа болса керек.

P.S. «Атамекен» өнер ордасындағы көрме залының қорында суретшінің «Алғашқы қар» (1945) және «Тау баурайында» (1951) атты шағын акварельдік картиналары сақтаулы.

 

Қуандық Мәдір,

«Атамекен» өнер ордасы көрме ұйымдастыру

бөлімінің басшысы, «Тұран» халықаралық

көркемөнер сыйлығының лауреаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале