Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанынан былтыр Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен студенттер мен жастарға арналған «Тілдесу алаңы» ашылған болатын.
Бүгінгі таңда студенттердің ұсыныстарына сай «Тілдесу алаңында» қоғамда айтары бар танымал тұлғалармен түрлі форматтағы кездесулер, жаңа кітаптар мен жобалардың тұсаукесерлері өтіп жатыр.
«Тілдесу алаңының» кезекті қонағы - ұлағатты ұстаз, айтыскер, ақын, қарымды қалам иесі, танымал қоғам қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Парасат» орденінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Дариға Мұштанова. Мерейлі жасы өңірімізде атап өтіліп жатқан Дариға Ғазезқызы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр жинағының, педагогикалық жазбалардың және прозалық кітаптардың авторы.
Алдымен сөз алған педагогика ғылымдарының докторы, пррфессор, «Тілдесу алаңы» жобасының авторы Светлана Бахишева қадірлі мейманға білім ордасының профессор-оқытушылары мен студенттері атынан ыстық ықылас білдіріп, Дариға Мұштанованың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп берді. Кездесу тақырыбының «БІЗ...» деп аталуы тегін емес. Ақын қоғам тынысы, уақыт талабы, өмірдің түрлі сәттері туралы сырласып, жастарды толғандыратын түрлі мәселеге қатысты пікір білдірді. Студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Кеште тосынсый да болды. Дариға Мұштанованың өлеңіне ән жазған «Парасат» орденінің иегері, Хадиша театрының актрисасы, режиссер Нұргүл Жұбатова тырнақалды туындысын БҚИТУ студенттері алдында алғаш рет орындады.
Кеш соңында тәрбие ісі жөніндегі проректоры Аянбек Абекешев университет әкімшілігі атынан алаң қонағына ризашылығын білдіріп, құттықтау адресаты мен арнайы сыйлық тарту етті.
БҚИТУ баспасөз қызметі