29.02.2024, 11:45
Оқылды: 56

Пейілі тарылмаған халыққа мың алғыс!

Виталий Ан, еңбек ардагері, Алматы қаласы:

383354956_6769493579793780_143662678201461620_n

Фото: Виталий Анның facebook парақшасынан

– Ұзақ жыл бойы Ақ Жайық өңірінде қызмет еттім. 2000 жылдары Бөрлі ауданында һәм Ақсайда, 2007 жылдан бастап Орал қаласында тұрдым. Дәрігерлік қызметімді атқара жүріп, қоғамдық жұмыстармен айналыстым.   Балалар үйлеріне көмек қолымды созып, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға  барымша көмек еттім. Содан шығар, 1 наурыз – Алғыс айту күні маған жанның мерекесі, біреуге титімдей жасаған жақсылығымызға разылық білдірілетін, ісімізге  есеп беретін ерекше күн се-кілді көрінеді. Оралда жүргенімде апта сайын балалар қалашығына баратынмын. Онда 176 бала тәрбиеленіп жатты. Қазақ халқына алғысымды білдіру үшін балалар үйінен екі қазақ баласын бауырыма бастым. Ағалы-інілі Асхат пен Мақсат Ароновтарды туған балаларымдай тәрбиелеп, бойымдағы бар жақсы қасиеттерімді, дағдыларымды сіңіруге тырыстым. Асхат менің ізімді қуды. Алдымен медициналық колледжде оқып, одан кейін облыстық ауруханада массаж жасаушы болып   тәжірибе жинақтады. Қазір ол Оралдағы №6 емханада балақандарға массаж жасайды. Өңірдегі үздік массажшылардың бірі. Пандемия кезінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Дәрігерлік міндетін кезекші болып үзбей атқарды. Сол жанкешті еңбегі үшін 25 жасында «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Екі ұлымды үйлендірдім. Асхат пен келінім Жұлдыз маған Әйкерім, Әлинұр есімді тәп-тәтті немере сыйлады. Екінші ұлымнан да немерелерім бар. Еліміздің батысында менің тағы бір үйім пайда болды.

 Қазақстанда туып-өстім, дәрігер мамандығына оқыдым. Менің балаларым осы жерде өсті. Бір кездері Бөрлі аудандық мәслихатының депутаты болып, халық аманатын арқалағанымды мақтан етемін. Корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі болдым. 2012 жылы БҚО-дағы корей қауымдастығының   бастамасымен Оралда «Қазақ халқына мың алғыс!» атты мемориал тұрғыздық. Онда аялы алақанда тұрған жүрек бейнеленген. Тағдыр жазуымен туған жерінен күштеп қоныс аударған ата-бабамызды жыл сайын осы жерде еске алып, олар көрген құқай мен солақай саясаттың зардабын кейінгі жас толқынға жеткізіп жүрміз. Біз бүтін құртты бөліп, жарты құртты жарып жеген қазақ халқына жер ауып келген корейлерді қамқорлап, пана болғандары үшін әркез алғыс айтамыз.

2019 жылы Владимир Хон есімді досым екеуміз Ақжайық ауданындағы Жаңабұлақ ауылына қонаққа бардық. Сонда жас ғалымның осы Жаңабұлақта бұрын кәрістер (корейлер) көшесі болғанын зерттеп, анықтағаны айтылды. Расында сондай көше болыпты. 1937 жылы күздің қара суығында 41 корей отбасын   елді мекеннің сыртына түсіріп кетіпті. Маң далада қалған байғұстар қайда барарларын білмей, балалар мен әйелдерін ортаға алып, бір-біріне сүйеніп түнейді. Оның үстіне түнге қарай қалың қар жауып, үстерінен басып қалады. Ертеңіне оларды бір малшы тауып алыпты. Қараса, қар басқан төмпешіктің астынан бу шығып жатыр екен. Содан қар астынан 162 адамды алып шығып, ауылға әкепті.  Ауылдағылар оларды әр үйге бөлісіп алып, қыстан аман шығуларына қамқорлық жасайды. Ол кезде қазақ халқының өзі де жоқтықта өмір сүрді, бірақ пейілі тарылмады. Көктем шыға кәрістер үй салып, егін егеді. Жайықтан су тартып, күріш өсіреді. Содан 1949 жылға дейін Жаңабұлақта тұрыпты. 1949 жылы көшіп-қонуға рұқсат берілген соң ғана олар өзге ағайын-туыстарын іздеп, басқа өңірлерге көшіпті. Тағдыр жазуымен Жаңабұлаққа қоныс тепкен 162 адамның бірі Владимир Николайұлының анасы еді. Осы оқиғаны естіген досым Владимир Хон қатты толқыды. Ол содан бастап жаңабұлақтықтарды өзінің бауырлары санайды. Досым екеуміз аға ұрпақтың, ата-аналарымыздың тері тамған, көз жасы төгілген күріш алқабына барып, тәу еттік. Сол жердің бір уыс топырағын алып, Ақсайдағы музейге экспонат етіп қойдық.

Қазақ еліндегі ассамблея институты – әлемдегі теңдесі жоқ құрылым. Ел ынтымағы үшін қызмет етеді. Осы айтулы күні мен барша батысқазақстандықты мерекемен құттықтап, барша қазақ халқына тағдырдың айдауымен жат жерге келген корейлерді және өзге де этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, мейірімге бөлеп, қамқор болғандары үшін алғыс айтамын.

Иса Цацаев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» ҚБ-ның басқарма  мүшесі:

Цацаев1

– Мен – өз Отанынан күштеп жер аударылған халықтың ұрпағымын. Біз, біріншіден, Алланың қалауымен, екіншіден, қазақ бауырлар, сіздердің арқаларыңызда аман қалдық. Менің әкем Махмуд: «Балам, есіңде сақта, біз, бәріміз болмасақ та, көпшілігіміз қазақтардың көмек-қолдауының арқасында тірі қалдық. Олар бізбен балаларының қолындағы соңғы бір үзім нанды бөлісті», – деп үнемі айтып отыратын. Қазақтарға сол кезде аң, адам жегіштер келе жатыр деп айтылған. Алайда жергілікті халық орталарына кімдердің келгенін түсінген. Халықты алдау мүмкін емес болса керек. Бауырмал халықтың арқасында менің ата-анам мен олардың замандастары аман қалды. Депортация кезінде менің анамның аяғы ауыр болған. Ол Қазақстанда 1944 жылы мамыр айында босанды. Жол азабын көріп, тұрмыс тауқыметін тартқан анама сәбиді бағу оңай болмаған. Анамның қиналып жүргенін көрген қазақ әйелі өзінің баласымен қатар менің ағамды да емізген. Бұл туралы анам оған ұдайы айтып отырды. Менің ағам бұл отбасының балаларын өзінің бауырларындай көрді. Өмірінің соңына дейін араласып, бір-бірін қатты құрметтеді. Ағам осыдан үш жыл бұрын өмірден өтті.

Егер қазақ халқы көмектеспесе, мыңдаған, жүз мыңдаған шешен өмір сүрмеген болар еді. Мен де, менің замандастарым да болмас едік. Әкемнің және оның құрдастарының аманаты бойынша ата-анамның, сіздер көмектескен барша адамның атынан сіздерге, қазақ бауырлар, тағзым етемін!

Николай Анципрович, еңбек ардагері, Бәйтерек ауданы:

f3b0a084-8216-4cac-87c0-7c0f60197986-e1678960345424

– Кең байтақ қазақ елі ұлт пен талай ұлыстың отанына айналды. Қазақстанға өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде келген барлық адам жергілікті халықтың қонақжайлылығының арқасында осы жерден пана тапты.

Өткен ғасырдағы саяси оқиғалардың салдарынан Арқа мен Ұлытау, Қаратау мен Бурабай арасында емін-еркін көшкен қазақ ұлты өз жерінде аз болып қалды. Соған қарамастан жергілікті халық өзіне ғана тән мәрттік пен мейірімділігінің арқасында көп ішінде жоғалып кетпей, тарих сахнасынан өз орнын тапты. Қанша зұлмат кезеңді басынан кешірсе де, тағдыр сынына мойымаған қазақ өткен ғасыр соңында тәуелсіздігіне қол жеткізді.

Өз қолым өз аузыма жетті деп өзгені өгейсітпеген қазақ елінің мейірімділігі Тәуелсіздік жылдарында да айқын көрініс тапты. Тағдыр жазуымен қоныстанған әр этносты бауырым деп таныды. Біртұтас халық елімізді қиын-қыстау заманнан шығару жолында аянбай еңбек етті. Тоқсаныншы жылдардың басындағы саяси-экономикалық жағдайдың қандай болғанын көзбен көрдік. Қиындығын бір кісідей сезіндік. Қандай қиын жағдайға тап болсақ та, бірлік пен татулықтың арқасында тығырықтан шығар жол таба білдік. Оның барлығы ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында қабылданған оңтайлы шешімдердің арқасында мүмкін болды.

Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні мерекесі мен үшін ерекше күн. Өйткені мен – көпұлтты мемлекетте тұратын көпұлтты отбасының отағасымын. Өзім – белорусь, жолдасым – молдован, келінім – қазақ. Тоқсан рулы қазақтың бірлігі мығым ел болғанын тарихтан білеміз. Қазақтың татулық сүйгіштігі оның даласын мекендеген өзге ұлтқа да жұққандай. Өйткені біздің елде этностар арасында алауыздық жоқ. Вася мен Ваноның, Микола мен Мергенбайдың да арасында қимастық, достық сезімі бар. Елдегі бірлікті ту еткен, ұлттар арасындағы достықты дәріптеген Алғыс айту мерекесі – мейірімділік пен татулық күні. Ал кең байтақ Қазақ-стан –бейбітшілік пен келісім елі.

Нұр көктемнің алғашқы күні қазақ даласын рақмет сөзі шарлайды. Елімізді мекен еткен барша ұлт пен ұлысқа мейірімділігін аямаған қазақ ұлтына алғысым шексіз.

Дайындағандар: Гүлбаршын Әжігереева

Ясипа Рабаева

 Түгелбай Бисен

f1a09dc2-2c21-486b-9a7a-a887e063f7f2

Фото: inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале