29.02.2024, 12:15
Оқылды: 58

Тиыннан теңге, мыңнан миллион құраған түркістандықтар

Түркістан сапарынан түйген ой

Өткен аптада Батыс Қазақстан облыстық «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен Түркістан облысында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуын өз көзімізбен көріп қайттық. Сол себепті сапар барысында алған әсеріміз бен оңтүстіктегі ағайынның тынымсыз тірлігін аудан тұрғындарына жеткізуді жөн көрдік.

8e4666d8-a08d-49f0-8aca-94bfe3548823

Тәжірибе алмасу мақсатымен ұйымдастырылған сапарда 40-тан астам облыстық делегацияның ішінде Тасқала ауданынан Достық ауылдық округі әкімі Хафиз Ахметов, Мерей ауылдық округінің әкімі Орынбек Насимуллин, Қазақстан ауылдық округінің әкімі Ернар Ибрагимов және осы жолдардың ауторы болды. Ақпанның 14-інен 15-іне қараған түні Түркістан топырағына табанымыз тиді. Мақсатымыз – екі күннің ішінде Сауран, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Отырар, Төлеби аудандарындағы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсіп бастағандардың іс-тәжірибесімен танысу. Уақыт тығыз.

Жер шалғай. Нысан көп. Елімізде сәтті жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы Түркістан облысы тұрғындарының тұрмысын жақсартуға үлкен септігін тигізіпті. Өткен жылдан бері өңірде 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылып, 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алған. Тағы бірі наубайхана ашып, шағын кәсіпкерлікті дамытып  жатыр.

Балық та байлық. Түркістан облысындағы алғашқы сапарымыз Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылындағы балық шаруашылығынан бастау алды. Жалпы, Түркістан облысы кейінгі кезде балық шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп келеді. Оның дәлелі, 2023 жыл өңірдегі балық шаруашылығын дамытушыларға инвестициялық демеуқаржы (субсидия) ретінде республикалық бюджеттен 226 млн теңге берілген. Одан бөлек балықтың жеміне 30%, шабағы мен аналығын сатып алуға 25% демеуқаржы төленген. Сонымен қатар былтыр жобалық құны 8 млрд 135 млн теңге болатын 97 жаңа шаруашылық ашылды. Оның 35-і «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылып, балық өсірушілер саны 127-ден 224-ке жеткен. Нәтижесінде өңір шаруалары 10 мың 400 тонна тауарлы балық өндіріпті. Біз барған Жасур Муминов деген азамат «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8,5 млн теңге несиеге 16 кубтық төрт дана бассейн, аэраторлар, генератор, насос, балық жемі мен 10 грамдық шабақтар сатып алған. Бір бассейнде 1500 дана форель балығының шабағын өсіріп жатыр. 10 грамдық шабақты тауарлық деңгейге (350 грамға) жеткізу үшін кемінде алты айдай бағып, күтеді екен. Тауарлық деңгейге жеткенде бір бассейнде шамамен 500 келі балық өсіп шығады. Форель шабағының  біреуі нарықта 80-100 теңге болса, тауарлы балықтың бір келісі 2800-3000 теңгені құрайды екен. Бұл азамат балықты бассейнде өсіріп отырса, екінші барған жерімізде кәсіпкер балықты ауласындағы жасанды тоғанда өсіруді қолға алған. Бір гектар көлемдегі тоғаннан 10 мың тоннаға дейін балық алуды көздеп отыр. Мұндағы негізгі назар аударатын нәрсе: қажет көлемдегі оттегінің жетуі, судың уақтылы тазалануы және жем мөлшерінің (1х1,5) жеткілікті көлемде болуы. Балық шаруашылығы бойынша Түркістан облысы қарқынды дамып келе жатқанын жоғарыда айтып өттік. Біздің өңірде балық шаруашылығы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан қолдау болатынын жеткізгіміз келеді. Жоғарыдағы Жасур Муминовтың тәжірибесі негізінде балық өсіру үлкен қаражатты талап етпейтінін байқауға болады.

Тары да бабын тапса, табыс көзі «Ауыл аманаты» жобасы аясында негізі қаланған «Алға Бам» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі Отырар ауданының Балтакөл ауылында орналасқан. Аталмыш кооперативтің 43 құрылтайшысы, 80 мүшесі бар. Балтакөл ауылының тұрғындары негізінен тары өсіріп, өңдеуге маманданған. 2023 жылы «Алға Бам» АШӨК 24,9 млн теңге көлемінде несие алған. Оның 4,9 млн теңгесіне 14 бас ірі қара алып, бордақылауға қойса, 20 млн теңгеге тары өңдеу құрылғыларын сатып алған. Тары өңдеу цехындағы жұмыс дайын өнім шығарғанша келесі үдерістерден өтеді: суға пісіру – қуыру – сұрыптау – қапшыққа салу. Осылардың  ішіндегі ең қиыны және уақыт алатыны – тарыны пісіру мен қуыру. Цех жанында тарыны пісіру мен қуыруға арналған алты қазандық орналасқан. «Алайда бұл цехтың толыққанды қызмет етуі үшін аздық етеді» дейді кооператив басшысы Сабыржан Досжанов. Сондықтан олар мынандай тәсілді қолға алған. Кооператив мүшелеріне орылған тарыны беріп, олар тарыны өз аулаларында пісіріп-қуырады. Цехқа өткізілген бір тонна қуырылған тары үшін әр отбасы 40 000 теңге төлем алады. Цех басшысы қасиетті Рамазан айының жақындап қалуына байланысты дайын өнімге сұраныстың артып отырғанын, алдағы уақытта тарыны қапшықтап емес, шағын бір келілік, жарты келілік қо-раптарға салып сатуды көздеп отырғанын, балтакөлдіктер үшін тары – табыс көзі екенін жеткізді. Тары туралы әңгімемізді наубайханамен сабақтасақ. Сарыағаш ауданында шағын сарайда қарапайым ғана тәсілмен (бір газ пеші, бір миксер) күніне 300 дана нан (лепешка) пісіріп отырған кәсіпкерді де көрдік. Құс шаруашылығы Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» АШӨК құрамында 12 адам еңбек етеді. Негізгі бағыты – бройлер етін өндіру. Жалпы, жоба құны 71,6 млн теңгені құраса, «Ауыл аманаты» бойынша оған 27,6 млн теңге бөлінген. Біз барған уақытта құс өсіру және өңдеу цехы санитарлық карантинде екен.

Бірінші партия бройлер сойылып, етке тапсырылған. 15 сотықтан аспайтын шағын кеңістікті барынша пайдаланған шаруашылықта 50 тонна құс етін шығаруға мүмкіндік бар. Бройлер балапанын өздері шығару үшін үш дана өндірістік инкубатор сатып алған. Олардың әрқайсысының 1200 балапаннан 5000 балапанға дейін  шығару мүмкіндігі бар. Бройлер балапанын 40-45 күн өсіріп, етке өткізеді. Өңірдегі құс шаруашылығына қатысты тағы бір кәсіпорын – Сарыағаш ауданы, Күркелес ауылында орналасқан «Лайбекова К.Ж» ЖК жұмыртқа науасын (лоток) шығаратын цехы. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 8600,0 мың несие алып, Қытайдан бұрандалы компрессор алдырған. Бір күнде 35 000 дана науа дайындайды, бір данасын 20 теңгеден тапсырады. 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кәсіпорын халықтан қағаз-картон қалдықтарын қабылдап, өндіріске пайдаланып  отыр.

Еліміздегі кенжелеп қалған өндірістің бірі – жеңіл өнеркәсіп екені белгілі.

Үстіміздегі киім-кешектің барлығы – шетелдік өнім.

Сапар барысында сарыағаштық Талғат Мамыровтың кәсібімен танысып, көңіліміз марқайып қалды. Құркелес ауылында орналасқан «Мамыров» ЖК «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 8,6 млн теңге несиеге шұлық тоқитын машиналар сатып алған. Күніне орта есеппен 100 данадан кем емес шұлық шығарады. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ересектерге арналған бір шұлықтың бағасы – 250 теңге, балаларға арналған шұлық бағасы – 200 теңге. Тоқу құрылғыларын Өзбекстан арқылы  Қытайдан  алдырған.

f2b01265-5e3c-4cc0-836a-3c2a2d2e6215

«Той – халықтың қазынасы» дегендей, тойдың көптігі кейбір кәсіп иелеріне нәсіп болуда. Соның ішінде қыз жасауымен айналысатындар үшін таза табыс әкелетіні анық. Қарнақтық Ажар Қалдыбаева – қыз жасауына көрпе-жастық, халық тұтынатын өзге де бұйымдарды тігіп отырған кәсіп иесі. Бұл кәсіпкерлік нысаны да бағдарлама аясында несиеге жүн түту аппаратын, жамылғы көрпе тігетін жабдық, төсек көрпе тігетін құрылғы сатып алған. Осы арқылы халық сұранысына сәйкес түрлі көлемдегі көрпе-жабындарды тігіп, сатады.

Бақша да байлық көзі. Біздің өңірде «Қаратөбеге барсаң, әншімін деме, Жаңақалаға барсаң, күйшімін деме» деген тәмсіл бар. Сол сияқты Сарыағашқа барсаң, диқанмын деу артық екен. Сарыағаш ауданына кіргеннен күнге шағылысқан, ат шаптырым аумақтағы аулалар пайда бола бастады. Бажайлап қарасақ, оның бәрі жылыжайлар екен. Екі үйдің бірі емес, он үйдің тоғызында жылыжай бар десек, қателеспейміз. Бұл – тек ауыл ішіндегі жеке қосалқы шаруашылықтағы жылыжайлар.

ba3ae6ab-25c7-4e98-b4e0-6ec2dbbecda3

Ал ауыл сыртындағы өндірістік жылыжайлар мен егінжайлар көз сүріндіреді. Сапар барысында Жартытөбе ауылындағы «Муроджан» ЖК-ның иесі Муроджан Ассабадиновтың кәсібімен таныстық. Жылыжайда бес адам тұрақты, 5-6 адамды күнделікті жалдамалы жұмыспен қамтыған. Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды көріп байқағанымыз, біз ауламызда 10 шақты ірілі-ұсақты мал ұстасақ, олар кем дегенде 10 сотық жерге бау-бақша отырғызып, нәпақасын жерден іздейді екен. Қымыздың буына балқып, «Бақша байлық – бір айлық» деп аталарымыз айта салған мәтел мәнін жоғалтқанын оңтүстіктегі ағайын дәлелдеп-ақ тұр. Басқарма төрағасы Ержан Нұржанұлы осында көріп, білгенімді елге апарып, жүзеге асырамын дейтін адам үшін қажет ақпарат берілгенін, аудандардан нәтиже күтетінін тілге тиек етті. «Табиғатты қорғау мақсатымен, мысалы, жұмыртқа науасын өндіру үшін картон, қағаз қабылдаса, пластикті өңдеп, қалам, сызғыш, сөмке, түрлі құты, шелек, табақ, ыдыс түрлерін шығаруды неге қолға алмасқа? Ең бірінші, әрине, кәсіп ол – табыс, сонымен қатар тұрмыстық қалдық азайса, ауа ластануы азаяр еді. Немесе осындай шұлық тоқитын кәсіпорын өз өңірімізде ашылса, себебі шұлық – тез тозатын, үнемі сұранысқа ие киім түрі», – деп ол өз ойын жеткізді. Екі күндік сапарда талай ауыл-елді аралап, біраз кәсіп иесімен таныстық. Көрген-білгенімізді көкейге түйіп, өзімізде жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздік. Тиыннан теңге, мыңнан миллион құраған түркістандық тұрғындардың табандылығына таңдай қақтық. Әрине, мұның барлығына ауыл тұрғындарының ынта-ықыласы мен ерік-жігері қажет екенін түйсіндік. Көз қорқақ болғанымен, қол батыр, ағайын. Сондықтан берілген мүмкіндікті құр жіберіп алмай, оңынан пайдаланайық.

 

Мэлс Нәріков,

Мереке ауылдық округінің әкімі,

Тасқала ауданы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале