Көктемнің алғашқы күні – 1 наурызда Қазақстан халқы Алғыс айту күнін атап өтеді. Бұл күн – қазақтардың ынтымағы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші десек, қателеспейміз. Бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өйткені сонау зобалаң заманда тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай ұлтты қазақ бауырына басып, өзім деп қабылдаған болатын. Қазақстандықтар еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін талай қиындықты бастан кешсе де, өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді. Оған өзімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері куә. Айтулы күнге орай өзге ұлт өкілі болса да, қазақ ортасында тәрбиеленіп, бүгінде бір шаңырақтың келіні атанған Лия Северянқызымен сұхбаттасқан едік.
– Лия Северянқызы, қай жердің тумасысыз? Қазақстанға қалай келдіңіз?
– Мен 1986 жылы 4 қазанда осы Тасқала ауданына қарасты 2-Шежін ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Сондықтан менің туған жерім – Қазақстан. Осы жердің байырғы тұрғынымын десем, артық болмас. 2008 жылы көршілес Амангелді ауылындағы қазақ отбасына келін болып түстім. Екі қызым, бір ұлым бар. Біз көпұлтты отбасымыз. Себебі әкемнің ұлты – грузин, анам – белорус, ал жолдасым – қазақ. Әкем көп жыл бау-бақшамен айналысты. Ауылды жеміс-жидек, көкөніспен қамтамасыз ететін. Анам дүкенші болып жұмыс істеді. Кішкентай кезімізден бастап ата-анам бізді еңбекке баулыды. Жаз мезгілінде барлығымыз сол бақшада еңбек еттік. «Еңбектің наны тәтті» демекші, одан қор болған жоқпыз. Қайта, жұмысқа төселіп, ысылдық.
– Қай тілде білім алдыңыз? Отбасыңызбен қай тілде сөйлесесіз?
– Бірінші сыныпты қазақша оқыдым. Содан кейін екінші сыныпқа келгенде орысша оқыдым. Мектеп кезінде қазақша өткен байқау, жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрдім. Қазақ тіліне жүйрікпін. Себебі менің ортам қазақ тілді болды. Жанжағымдағы құрбы-достар, көршілеріммен қазақша сөйлескендіктен, маған оны үйрену қиын болған жоқ. Жалпы, үйде болсын, жұмыста болсын, қазақша сөйлейміз. Қазақша ән айтатын өнерім бар. Қыздарым да қазақ тілінде өлең айтып, домбыра тартады.
– Өз шаңырағыңызда қандай салт-дәстүрді ұстанасыз?
– Менің ата-анам, апаларым мен аға-інілерім – бәрі де қазақ тілін жақсы біледі. Өзім қазақтың келіні болғасын, барлық салт дәстүрді сақтаймын. Жұма күндері марқұмдардың рухына арнап жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштауды да ұмытпаймын. Наурыз тойында қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, ырым-тыйымдарын да ескеріп отырамын.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Әйел адам болғасын, көп уақытты асүйде өткіземін. Тәтті тағам, әсіресе, торттар, пирогтар пісіргенді жақсы көремін. Бала тәрбиесіне де көп көңіл бөлемін. Қолым қалт етсе, тәттілерге тапсырыс қабылдап, сонымен нәпақамды табамын. Негізі, ауылдағы наубайханада қызмет істеймін. Қазір үйде бала күтімімен отырмын.
– Елге деген тілегіңізді білдірсеңіз?
– Алдымен әрине, өмірге әкеліп, аялап өсірген атаанамызға, одан кейін кешегі қилы заманда барлық ұлтты бауырына басып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқына рақмет айтқанымыз жөн. Өйткені өздері қанша қиындықты бастан кешсе де, өзге ұлт өкілдеріне қамқор бола білді. Қалған уақытта еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан көпұлтты мемлекет екенін өзінің кеңпейілділігімен дәлелдеді. Мен Қазақ еліне ризамын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира Мұқанова,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz