4.03.2024, 16:30
Оқылды: 132

Желтоқсаншы Гүлзада Қалелова ақталды

Күні кеше Алматыдан жерлесіміз, Ілбішін ауылының тумасы Гүлзада Қалелованы Желтоқсан оқиғасының құрбаны деп танып, оны Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Заңы негізінде толық ақтағаны туралы ақжолтай хабар жетті.

8128e22c-6309-41b0-909e-4d46cd595f9c

Осыдан 2 жыл бұрын «AQJAIYQ» телеарнасындағы «Тарихтан тағылым» хабарында Гүлзада қызымыз хақында сұхбат берген болатынбыз. Осы сұхбатта жерлесіміздің осыған дейін нақақ жаламен, айуандықпен өлтірілгенін айтып, ақталуын сұрап, жар салдық. Шындықтың беті ашылмаса, келешек алдында кешірілмесін айтып, халыққа оның ерлігін таныстырдық.

Шынында, Алматыға арман қуып, үлкен мақсатпен аттанған жас ару сол кезгі буырқанған оқиғадан, қазақ ұлтының тағдырын шешетін көтерілістен тыс қала алмады. Алаңға барды. Сойылмен, сапер күрегімен қаруланған жазалаушы жендеттерден қаймықпады. Соңынан ұсталып, тергеу изоляторында айуандықпен өлтірілген. Жымысқы саясаттың құлы болған бәз-біреулер осы қылмысты жасырып келді. Жасырғандарымен қоймай, он жетіге жаңа толған жас қыздың құжаттарына «жезөкше, маскүнем, наркоман» деп, жазықсыз жала жауып жазыпты.

Немере ағасы Аянның естелігінен үзінді келтірсем:

«Сол бір естен кетпес қаралы күні мырыш табытты қара киім киген 4 ер адамның қарсылығына қарамай азар ашқызды. Гүлзаданың басын бинттеп орап тастапты. Марқұм анасы Қалампыр: «Ең болмаса, маңдайынан бір иіскейін, басын ыңғайлашы» деді. Басының астына қолымды салғанда, бас сүйекте қарақұсының жоқ екені саусақтарыма анық сезілді. Бойым дір етті. Бірақ қызының маңдайын сүйіп,  еңіреген анаға сездірген жоқпын».

Гүлзаданың ата-анасына: «Қыздарың бұзақыларға қосылған, жеңілтек болған. Мас болып баспалдақтан құлаған» деген сияқты небір өтірікті айтып, онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған қыздың әке-шешесінің жүрегін жаралады.

Бұзақы болса, жеңілтек болса, оның сүйегін үкіметтің темір сақшылары, комитеттің адамдары табытқа салып, алып келе ме?  Құрық бойламас сұмдық, жеті басты жауыздықтарының әшкере болуынан қорқып, қазақтың қаһарман қызын суық жердің қойнына туғандарымен жөнді қоштастырмай, көме салуды ойлады.

Расын айтсақ, біздің жерлесіміз, арманшыл ару қызымыз Алматыға барып, киномеханик білімін алып, еліне адал еңбек етуді мақсат тұтқан өжет жан еді. Гүлзаданың ерлігі Мәншүк, Әлия, Хиуаз апаларының һәм өзімен тең құрбы-құрдас, замандас Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбековтермен парапар. Гүлзаданың да атын осы боздақтармен қатар атап, жас ұрпаққа өнеге ету – бізге парыз бен борыш.

Г.Қалелованың ақталғаны туралы сүйінші хабарды маған Алматыдағы желтоқсаншылар хабарлады. Желтоқсанның қаһарманы туралы облыс мұрағатына сұрау салып, бірнеше жыл қатарынан іздеу жұмысын үзбедік. Ақтау үшін тарихи дерек, бұлтартпас айғақ таппай, әуре-сарсаңға түскен күндеріміз естен қалай кетсін?!

Абырой болғанда, Гүлзаданың ісіне желтоқсаншы азаматтар шындап кірісіп, Бисенбай Сайфолда сынды ерлеріміз істі ақырына жеткізді. Шүкір дейміз, батыр қыз, қаһарман ару толық ақталды. Осылайша 37 жылдан соң Ақжайық аспанында тағы бір жарық жұлдыз туды. Ол жұлдыздың аты – Гүлзада.

Алдаберген Сәрсеков,

ардагер-ұстаз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале