Таяуда дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында «Менің екінші мүмкіндігім» тақырыбында мектепішілік әкелер форумы өтті.
Әке мен ана – бала үшін көздің ағы мен қарасындай тең әрі қадірлі жандар. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар қызметі ортақ, қосар үлесі тең. Соны білген халық даналарының «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп кеткені бүгінде бәріне белгілі.
Мектептің ғасырлық мерейтойына арналған «100 жылдыққа – 100 шара» жобасы аясында ұйымдастырылған форумның мақсаты – ұлттық тәрбиені, отбасы мен қоғамдағы әке мәртебесін, беделін, бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеу. Жиынға келген әкелерді халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлде иегері – «Атамұра» үлгілі халық аспаптар оркестрі күймен қарсы алып, олар дарынды оқушылардың шығармашылық көрмесін тамашалады. Форумның ұйымдастырушысы әрі демеушісі, модераторы, ата-аналар қамқоршылық кеңесінің төрағасы Есей Умашев «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына сәйкес «Мен сенің өміріңнің жалғасымын» әкелер онкүндігі аясындағы спорттық спартакиаданың, оқушылар арасында «Әкем жайлы» тақырыбындағы эссе жазу және «Әкеммен көңілдімін», «Әке – асқар тау», «Менің әкем – ең жақсы адам» фотогалерея және бейнеролик түсіру байқауларының үздіктеріне дипломдар мен кубоктар табыстады.
Одан әрі түрлі тақырыпта ойлар айтылып, қонақтар арасында ойталқы болды. Есей Жолдығалиұлы қатысушыларға іс-шара тақырыбының төңірегінде сауалдар қойды. Облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат, көпбалалы әке Мәди Мырзағараев отбасындағы зорлық-зомбылық, демографиялық саясат, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігі жайлы айтса, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабек Жақсығалиев ұлттық иммунитет пен жаһандану текетіресі турасындағы ойларын ортаға салды. Ал облыстық дене шынықтыру және спорт ардагерлері қоғамдық бірлестігінің орынбасары, БҚО «Бәйге» федерациясының вице-президенті Бауыржан Бекайдаров ұлттық құндылықтар сабақтастығын «Қамшы» концепциясымен келтіре отырып ой қозғады. Мектеп басшысы Аякөз Хамзина іс-шараны қорытындылап, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Ұлболсын Молдағалиева,
дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы
№11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей
интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі