6.03.2024, 12:00
Оқылды: 64

Бөрлі ауданындағы қос колледж қызметкерлері музейді жаңғырту, экспозициялар жасақтау жұмысын қолға алды

Қазіргі заман қоғамы музейлердің тәрбиелік және білім беру мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалануға мүдделі. Сан алуан бағыттағы музейлер ішінде тарихи бағыттағы музейлерге ерекше роль беріледі, себебі тарихи-мәдени ескерткіштерді визуальді түсіну – дүниеге көзқарасты және мұралардың құндылығын сезіну, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін, тарихи біліктілігін және рухани-адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.

музей (3)

Осындай мақсатты көздеген өңірлік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары Бөрлі және Ақсай техникалық колледждерінде музейді жаңғырту, экспозициялар жасақтау жұмысы қолға алынды. Музейдің үш негізгі қызметін: тәрбиелік, білім беру, дамытушы негізге алып, «Колледж тарихы», «Отандық кәсіптік білім берудегі колледждің орны», «Болашақ өз қолымызда» тақырыбындағы экспозициялар ашылды. Жәдігерлер қорын жасақтау қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденісті қажет ететіні рас. Бүгінде ТжКББҰ-да музей қызметкері деген бірлік қарастырылмаған, сол себепті рухани тәрбие орталығының жұмысы, көбінесе, тарих пәнінің мұғалімдеріне жүктеліп отырады, содан шығар жұмыс бір сарында жүргізіледі. Қос оқу орны да көп жылғы тарихы бар, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына қажет мамандарды даярлап келе жатқан білім ордалары. Өз заманында жәдігерлер қорын тырнақтап жинаған, патриоттық тәрбиенің басты пәрменді құралы ретінде музейді шебер пайдаланған Бөрлі колледжінің ардагер ұстазы болған С. Ненин, Ақсай техникалық колледжінің директоры болған ардагер-ұстаз, қоғам қайраткері М. Боқаев оқу орнындағы музейлердің даму ісіне зор үлес қосқан-ды.

музей (2)

Мектеп, оқу орындары жанындағы музейлерді сөз жоқ рухани-материалдық мәдениет пен білім ордаларының жарасымды үйлесім тапқан орнына жатқызуға болады. Олай болса, білім алушы жастардың туған өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығушылығын арттыру, шығармашылық бейімділіктеріне қолдау көрсету, аға ұрпақ бойындағы адамгершілік құндылықтарына құрметпен қарауды, елін, жерін сүюге, ұлтжандылық пен отаншылдық сезімдерін қалыптастыру, рухани-мәдени құндылықтарды бойына сіңіру болашақ үшін маңызы зор жұмыс саналады.

музей (1)

- Біздің музей — қоғамдық бастама сипатындағы нысан. Келешек жас ұрпаққа оқу-білім, адамгершілік, эстетикалық тәрбие беретін, сонымен қатар қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тұрмысын, тағы да басқа ұлтымыздың мұраларынан айырылып қалмауға септігін тигізетін рухани-мәдени орынға айналды. Қорымызда 100-ден аса жәдігер бар. Соның ішінде оқу құралдары, құжаттар, қолданыстан шыққан бұйымдар. Студенттер үшін танымдық мәні зор. Осы жұмысты әлі де жалғастырып, жаңа әдістерді енгізу қажет деп ойлаймын, - дейді Ақсай техникалық колледжінің оқытушысы, музей жетекшісі Айнагүл Садықова.

   Айжарық Нұр,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале