Расында, балалы үй базарға, қуаныш пен шаттыққа толы. «Бір қозы артық туылса, бір түп жусан артық шығады» деп ата-бабамыз бекер айтпаған шығар. Дүниеге сәби әкеліп бақытын баласынан тапқан аналар айналасын мейірім шуағы мен сүйіспеншілікке бөлейді.
Бүгінде Бөрлі ауданында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иеленген жас аналар көбейіп келеді. Бала туу көрсеткіші мен адам саны бойынша өзге аудандардан оқ бойы озық ауданда көпбалалы ана да көп.
Ақбұлақ ауылының тұрғыны, алты баланың анасы Ботагөз Көптілеуова берекелі тірлігіне ұйытқы болып отыр. Баланың үлкені 10-сынып оқушысы болса, кішілері балабақшаға барады. Мемлекетке қарап отырмай, өз бетінше жеке кәсіп ашып, оның нәсібін көруге тырысып жатқан бұл отбасы көпке үлгі. Шаңырақ көтергеннен кейін отағасы Дархан Кадырғалиев екеуі көпбалалы отбасы болуды армандаған.
Батыр ана Ботагөз Ізбасарқызы Ақжайық ауданы Өлеңті ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Көпбалалы ана өмірлік серігі Дархан Шамұратұлын 22 жасында кезіктіреді. Сөйтіп өсіп-өнген отбасына келін болып түседі. Жолдасы да көпбалалы отбасында дүниеге келген. Жас келін ата-ененің қолында тұрып, үлкен мектептен өтеді. Ақ босағаны аттаған сәттен бастап, жас келінді жатсынбай, ата-енесі де жақсы қабылдайды.
- Көпбалалы отбасымыз. Алғаш отау құрған кезімізде «балаларымыз көп болса» деген арманымыз орындалып, өмірге алты баланы әкелдім. Балаларды еңбекке, бірлікке, ауызбіршілікке, адалдыққа баулимыз. Бірінен соң бірі қатар дүниеге келген олардың қалай өсіп кеткенін білмей қалдық. Әйтеуір бірін-бірі сүйреп, ержетіп, бойжетіп келе жатыр. Балаларымыздың тәртібі де жақсы. Ұлдар әкесінің көмекшісі болса, қыздарым маған қолғабыс етеді. Біз тату-тәтті отбасымыз. Балалар – барымыз әрі байлығымыз. Алты перзентіміздің әрқайсысының өзіндік орны бар, мінезі, қызығушылығы әртүрлі, – дейді көпбалалы ана.
Әр отбасы – өзінше бір мемлекет. Осы мемлекеттің берекесі мен ынтымағы, өсіп-өркендеуі отбасына байланысты. Сонымен қатар ата-аналарымыздың, бауырларымыздың қолдауы әр жас отбасының аяқтан нық тұруына үлкен көмегін тигізеді.
Бұл отбасының өркендеуіне мемлекет те үлесін қосты. Сөйтіп, отбасы ата кәсіптің ізін жалғаушылардың қатарынан табылды. Шопан ата төлінен көл-көсір пайда табу мақсатында мемлекеттік грантқа қатысуға ниет білдірген Ботагөз Ізбасарқызының ойы іске асады. Бала тәрбиесімен үйде отырған анабизнес жоспарындағыдай 1 380 000 теңге грант алып, 30 қой сатып алады.
- Ауылда отырған соң мал шаруашылығын дамытып, сол арқылы өз кәсібіңді өркендеткен жөн. Рас, алдымен бұл істің барлық қыр-сырын үйрену керек. Малды да бабын жасасаң, көбейеді, азық болады, табыс та әкеледі. Мен ұсақ мал шаруашылығын дамытуды қолға алдым. Себебі қой тез көбейіп, мол табыс табуға болады. Қазіргі күні кәсібін ашқысы келетін адамның мүмкіндігі мол. Тек бизнеспен айналысу үшін үлкен ынта болу керек. Кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге грант та жақсы көмек. Қазіргі таңда кәсіпті жаңадан бастап, табыс табуға кірістік. Көпбалалы аналарға да кәсіп жасауына мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсеткен мемлекетке алғыс айтамын, - дейді Ботагөз.
Кәсіптің көзін тапқан Ботагөз алдағы уақытта мал басын көбейтіп, бизнесін дамытуға бар күшімді саламын деп отыр. Әрине көмекшілер алу да ойында бар. Демек, ауылда жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz