7.03.2024, 9:45
Оқылды: 83

Эльмира Мақашева: «Кез келген актриса сахна төрін аңсайды»

Өткен айда Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, аудармашы Эльмира Мақашева мерейтойлық бенефисін өткізді. Ол «Нора» қойылымында бір өзі Нора, Торвальд Хельмер, досы Фру Линне және адвокат Крогстад рөлдерін ойнап, көрермен қошеметіне бөленген еді. Біз жақында өңірімізге танымал актриса Эльмира Мақашевамен кездесіп, әңгімелескен едік.

27681a20-cf77-4a10-b197-6db59d410c2c копия

– Эльмира Жұмажанқызы, әңгімемізді күні кеше өткен «Нора» моноспектаклінен бастасақ...

– «Нора» моноспектаклі әлемге әйгілі  норвег драматургі  Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пьесасының желісі бойынша жазылған. Былай қарасаңыз, 1879 жылы   жазылған пьеса әлі де өзекті.  Әйел тақырыбы, оның отбасындағы қарым-қатынасы мәңгілік тақырып қой. Отыз жылдан бері түрлі қойылымдарда әртүрлі образдарды сомдадым ғой. Бірақ мерейтой қарсаңында көрермендеріме шығармашылық тұрғыда ерекше дүние ұсынғым келді. Осы бағытта ҚР Мәдениет қайраткері, астаналық режиссер Баатырбек Шамбетовпен бірге «Нора» моноспектакліне дайындалдық. Әр қойылымға дайындалу үшін қанша жыл тәжірибең болса да, бәрін ақ парақтан қайта бастауға тура келеді. Біз уақытпен санаспай, бір ай бойы дайындалдық. Бұл қойылымда  бір өзім бірнеше рөлді сомдайтындықтан екі есе ауыр болды. Бірақ өз-өзіме, халқыма есеп беру үшін осы жолды таңдадым. «Нора» - әлеуметтік драма, әйел тақырыбы болғандықтан жаныма жақын. Негізінен, бұл пьеса ер-азамат жұбайына қорған бола алса деген бағытта жазылған болуы керек. Қанша ғасыр, қанша жыл өтсе де, әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынасы сол күйі өзекті. Ең бастысы, көрерменге ой салса, ұнаса содан артық бақыт жоқ. Астаналық режиссер Баатырбек Шамбетовпен жұмыс істеген ұнады.  Жұмыс істеу тактикасы бөлек, өз ісінің нағыз маманы екен. Жалпы актриса шығармашылық тұрғыда өсу үшін бірнеше режиссермен жұмыс істеу керек. Бұл қойылымнан көрермен өзінше ой түйеді. Бір ғана сөздің өзі адам өмірін өзгертуі мүмкін. Көңіл деген дүние бар. Өмірде ең ауыры  бар ғұмырыңды арнап, өмірдің мәні деп түсінген адамның көңіліңді қалдыруы болса керек. Қойылым соңында Нора «кеттім» деп кетіп қалады. Әрі қарай «Оны қалдыра ма, әлде Нораның өзін тапқанын қалай ма?» оны көрермен өзі шешеді.

b53158d9-38e9-4cba-99fb-9d4ebdff8529

– Эльмира Жұмажанқызы, сіз үнемі көңілді жүресіз? Күлкіңіздің өзі адамға күш-қуат беретіндей. Туып-өскен жеріңіз, сізді өсірген ата-анаңыз туралы да айта кетсеңіз?

– Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында Шалқар көліне түсіп, Сасай  тауының итжуасын жеп, қарына аунап өстім. Қазақтың көрнекті жазушысы Х. Есенжанов туған киелі жер деп мақтан етемін өскен елімді. Әкем Жұмажан ауылда көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Анам Ақжонас үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Мен отбасындағы сегіз баланың жетіншісімін. Олардың да өмірге деген құштарлықтары мықты еді. Өзінің бір бауыры қайтыс болып, сегіз баланың үстіне төрт баланы әкеліп бақты. Сонда әкем марқұм бір қабағын шытып, қатты сөйлемейтін. Былай қарасаңыз, ол балаларға жезде болып келеді ғой. Қазір жастардан «Қиналып кеттік, тамақ  таба алмай жатырмыз» дегенді жиі естиміз. Сондай сәтте қиын уақытта өз балаларына қоса, төрт баланы баққан әке-шешем еріксіз еске түседі. Ата-анам бар баланың білім алуына жағдай жасады. Менің алдымдағы аға-апаларымды әке-шешемнің бейнетпен оқытқанын көрдім ғой. Сондықтан мектеп бітірген бойда, жұмыс істеймін деп шешім қабылдап, аттестат алған күннің ертесіне ауылдағы аутоклубтың меңгерушісі болып қызметке орналастым. Жұмысқа орналасуыма ауылдағы көршім Нұрлан Байғалиев қолдау көрсетті. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Әлжан Нұрғалиев те «Бұл баланың білімі жоқ» демей, мені қызметке алды. Қазір ол кісілерді көрген сайын алғысымды жаудырамын.  Екі жарым жыл ауылда қызмет істеп, 1993 жылы Орал қаласында облыстық қазақ драма театрының ашылуына орай Дәулеткерей атындағы өнер институтының театр факультетіне 15 студент қабылдандық.

0ec759b5-5059-4ad6-90b4-d71bd0108f03

– Актриса болуды бала кезден армандадыңыз ба? Жалпы бала Эльмира қандай еді?

– Бала кезімде актриса дегенді түсініп, жарытпаған сияқтымын. Әйтеуір әртіс болсам деп армандайтынмын. Ән салатын да, би билеп, қойылым қоятын да әртіс деп ойласам керек. Ауылда кешкілік өрістен бұзау айдап келе жатып, айқайлап, рақаттанып тұрып ән шырқап, бізді бүкіл әлем тыңдап тұрғандай күй кешетінбіз. Ол кезде әр үйде, әр көшеде радио сөйлеп тұратын еді ғой. Біздің үйде де радио болды. Кешкілік Жұмбақбай атайдың хабарын асыға күтетінбіз.  Атай әр жерден келген хаттарды оқиды, сұрақтарға жауап береді, ертегі айтады. Радиодан өзіңнің атыңның аталғаны маған ғажайып арман секілді көрінетін. «Мен де сұрақ қойсам ғой» деп кәдімгідей қиялдап кетемін. Сол қиялмен  Жұмбақбай атайға «Қалай әртіс болуға болады?» деп бала арманымды айтып, хат жаздым. Бір күні радиодан «Орал облысынан Эльмира Мақашева» деп менің аты-жөнімді айтып жатқанын естігенде, жүрегім дүрсілдеп, шошып кеттім. Жұмбақбай атай: «Әртіс болу үшін көп ізденіп, оқу керек» деп айтып жатыр екен. Біздің бала кезімізде үйге газет-журнал көп келетін. Ол газетті жасы 100-ге келген Дәметкен әжем де оқып отыратын, жарықтық. Мен де үлкендермен бірге жарысып, сол кездегі үйге келетін «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарына қоса бірнеше газетті оқи беретін едім. Бала Эльмира арманшыл, қиялшыл қыз болды. Ол кезде ауылдағы клубта театрлық қойылымдар, концерт, кино дегендер жиі болатын. Ауылға келген әртістер неге екенін білмеймін, біздің үйге түсетін. Бала Эльмираға ауылға келіп жатқан әртістер өзге ғаламшардан келгендей көрінеді. Олардың боянғаны, жүріс-тұрысы, сөйлегеніне дейін маған қызық. Әртістерге қарап: «Мен де солардай болсам ғой» деп армандаймын. Сосын ауылдың балаларына: «Біздің үйге әртістер келіп жатыр» деп мақтанушы едім.  Қазір өзімнің шәкірттеріме «Бала  кезден армандай беріңдер. Армандаудан қорықпаңдар» деп жиі айтамын.

–  Шәкірттерім демекші, «Мақашева» театрында қанша бала бар? Балалардың театрға қызығушылығы қалай?

– Оқушылар сарайынан орын тепкен «Мақашева» театрында 60-тан астам бала бар. Олардың бәрі бірдей актер, актриса болмасы анық. Бірақ  бұл оқушылар  –  театрымыздың болашақ көрермендері деп зор сеніммен айта аламын. Театр үйірмесінде балалар сөздерді дұрыс айта білуге, ойын еркін жеткізуге, айналасындағы адамдармен тіл табыса білуге үйренеді. Кейбір ата-аналар «Балам тұйық еді, орысша сөйлейді» деген желеумен үйірмеге әкеліп жатады. Балалар қызық ғой. Арасында қиялмен аспанға секіріп келетін небір ерке оқушылар болады. Оларды асау үйреткендей, қылдан май суырғандай етіп, жайлап сөйлесіп, үйретесің. Мереке кезінде үлкен етіп дастарқан жаямыз. Жас ерекшелігі әртүрлі болғасын үлкендерін жоғары отырғызып, бір-бірімізге тілек айтамыз. Үйірмеге келгенде құшақтасып амандасамыз. Бұл біздің бұлжымас дағдымызға айналған. Солай, бала ортаға үйренеді. Актер болмаса да, көпшіл, өмірге құштар, кез келген адаммен тіл табыса білетін адам болып қалыптасады деген сенімдемін.

–  Өңірімізге танымал актер-режиссер Самал Абуов ағамызбен жұбы жарасқан жұбайлар екеніңізді білеміз. «Ата-енеңізге, әулетіңізге қандай келінсіз?» деген сұрақты қойғым келіп отыр... 

– Негізі, оны өзгелер айтқаны дұрыс болар еді. Бірақ мен үйде қарапайым келінмін. Ата-енем өмір бойы мал баққан қарапайым, мейірімді, өте жақсы адамдар болды. Атам ертерек қайтыс болды. Енем әдемі киінгенді, туфлиінің сыртын сүртіп жіберіп, қыдырғанды жақсы көруші еді марқұм. Екеуміз киім алуға бірге шығатынбыз. Ол кісі олпы-солпы киінбей, жастар сияқты киініп, жинақы жүретін. Ауылға барғанда қазан-ошақты аппақ етіп ақтап, шаруаға бірден кірісіп кетемін. Өйткені кішкентай кезімізден балшық майлап, шөп шауып, қой қырқып, сиыр сауып, қи ойып  өскен ауылдың қызымын ғой.  Сондықтан ауылға барғанда түк қиналмай, қора, сарай бәрін майлап шығамын. Енем қуанып қалатын. Өмірден өтер кезде батиқасын беріп кетті. Өз қолымызбен арулап, мәңгілік мекеніне шығарып салдық.  Қайын апа, қайын аға, абысын-ажындарыммен де жақсы қарым-қатынастамын. Әлі үйленбеген, бойдақ қайын ағам бар. Ол бар әңгімесін маған айтады. Қалаға келгенде бірден «Эльмира, киім алайық» дейді. Қым-қуыт тірлікте оған да уақыт тауып, дүкен аралап, бірге киім қараймыз, несиесін төлейміз. Қаңтар айында үлкен қайын ағам дүние салды. Ол кісі де аңқылдаған, ақжарқын адам еді. Ауылдан соғымның етін әуелі біздің үйге алып келетін. Сосын ағам екеуміз тұздаймыз. Ол да бір қызық кездер еді. Марқұм ағам өмірден өтерін білгендей, маған орамалын арнайы дайындап кетіпті. Осындай сыйластығы жарасқан өнегелі әулеттің келіні  болғаныма  қуанамын.

– Эльмира апай, кітап оқығанды жақсы көресіз бе? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай еді? 

– Бала кезімнен кітаптың иісін жақсы көремін. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде екі сом ақшаға «Мына ақшаға тамақ алсам, оны жеп қоямыз» деп «Алтын сақа» деген ертегі кітабын сатып алғаным есімде. Соңғы рет Бауыржан Ғұбайдуллин, Тамара Нәби, Жадыра Шамұратова, Аягүл Мантайдың кітаптарын оқыдым. Бір әдетім кітап оқыған соң, ұнаған туындыларымның әсерінен шыға алмай жүретінім бар.

–  Өмірлік ұстанымыңыз?..

– Адам нешеге келсе де, талпынып үйрену керек. «Болдым, толдым» дегеннен аулақ болған жөн. Білетінімізден білмейтініміз қаншама?!. Соңғы жылдары аудармамен айналысып жүрмін. Оған қоса, қаламыздағы БҚИТУ-дың филология факультетінің екінші курс студентімін. Елуге келгенде емтихан тапсырып жүрген де бір қызық дәурен екен. Ең бастысы, өзімді жан-жақты дамытып, жұмыстанғанды жөн көремін.

 – Естен кетпейтін ерекше сәттеріңіз...

– Актриса үшін өзің ойнаған әр қойылымның сәтті шығуы, көрерменнің қошеметі маңызды. Сахнадағы әр образды өз ойыңдағыдай сомдап, абыроймен алып шығу – үлкен жетістік. Құшағың гүлге толып, көрерменнің өзіңе деген ыстық ықыласы мен құрметін сезіну естен кетпейтін ерекше сәттер ғой...

– Ата-анаңызды көзі тірісінде қуанта алдыңыз ба?

– Кішкентай кезімнен әке-шешемнің көңіліне қарап өстім. Олар көп қиындық көргесін, қиналып қалмаса екен деп, ризашылықтарын алғым келетін. Атқа да мініп, шөп шауып, қой қырқып бәрін істейтінмін. Өзіммен тетелес апам екеуміз сиыр сауып, жарысамыз. Сонда апам: «Сиырдың емшегін жұлып алмашы» дейтін. Қой қырқып жатқанда әкем: «Айналайын» деп риза болушы еді. Бала кезімде оларға «Сіздерге 9-қабаттан үй алып беремін, сіздер содан қарап, төменге түкіріп тұрасыңдар» деп айтады екенмін. Өзімше бала көңілмен ата-анамды биікке көтергім келген болар. Күйеуге шыққан кезде де, әкемнің әкесінің аты аталып жүрсін деп Мақашева болып қалдым. Қолымнан келгенінше әке-шешемді қуантуға тырыстым деп ойлаймын.

– Өзіңізді екі-ақ сөзбен суреттеп бере аласыз ба?       

 –   Сахна төрі. Өйткені кез келген актриса сахна төрін аңсайды.

– Ендеше, сахна төрінен түспеуіңізге тілекшіміз! Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

 Сұхбаттасқан Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале