Жарық дүниенің дидарын көрген жан баласы ес біліп, есейген шағында өз жолын іздейді, яғни өзінің жаны қалаған мамандықты таңдайды. Одан кейін сол саланың қыр-сырына үңіліп, тануға талпынатыны тағы бар. Сосын абыройлы еңбек етуге кіріседі. Наурыз айындағы шуақты мерекелердің бірі – Халықаралық әйелдер күніне орай бүгінгі кейіпкеріміз 30 жылға жуық уақыт бала жанының бағбаны болған Сәрия Ғұбашева.
Педагогикалық еңбек жолын 1982 жылы Чапаев ауданындағы Қарша орта мектебінде бастаған Сәрия Ғұбашқызының шаңырағына аяқтай барып, тілдесіп қайттық. «Таяуда ғана мектеп бітіргендеріне 35 жыл болған алғашқы шәкірттерім келіп, көңілімді бір марқайтып кеткен. Бұл – мұғалімнің мерейі, балам!», – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз. Әрі қарай өзі туып-өскен өлке жайлы, өміріндегі қызықты кезеңдері туралы баяндап берді. Ол 1957 жылдың 8 сәуірінде қазіргі Ақжайық ауданында дүниеге келіпті. Ал 1963-1973 жылдар аралығында Ақжайық ауданындағы Мерген орта мектебінде білім алған.
– Негізгі еңбек жолым 1973-1978 жылдары Чапаевтағы «Саяхат және экскурсия» бюросында ұйымдастырушылық қызметтен бастау алды. Ол уақыттарда жас едік. Жұмыстың қызығы мен шыжығын қатар көріп, өзімізден бірнеше жас үлкен, тәжірибелі азаматтардың қарым-қабілетіне қарап бой түзедік. Әрине, қиындықтары да болды. Бірақ соған төзе білу адамның қанатын қатайтып қана қоймай, алдағы күндерге жарқыратып жеткізетінін түсіндім. Кез келген тұйықтан жол табу, әр сынаққа төтеп беру – жігерлі жанға тән әрекет. Одан кейін 1977-1978 жылдар аралығында Чапаев ауданының «Куйбышев» атындағы совхозында комсомол комитетінің хатшысы болдым. Кезекті жұмыстың жүгін барынша көтеріп, қызметтегі әріптес аға-апайлардан тәжірибе алуға талпындық. Бұл талпынысымыз да нәтижесін берді, – деді ол.
Сәрия Ғұбашқызы бала күнінен білімге құштарлығын оятқан ұстаздарына қарап мұғалім болуды армандаған. Мектеп қабырғасында тарихқа деген қызығушылығы ерекше болып, осы пәнді бар ынта-ықыласымен оқыпты. Сөйтіп 1978 жылы сол кездегі Гурьев қаласындағы педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
– Мұғалім болу – мол міндет пен зор жауапкершілікті сезіну. Өзім көрген ұстаздардың тәлім-тәрбиесі осы қызметте пайдасын берді. Өйткені оқушының ойын ұғу, олардың әрқайсысының көзқарасынан көп дүниені аңғару немесе байқау – кез келген адамға берілмейтін қасиет. Барынша балаға мейірім шуағын төгіп, білім сапарында сүрінбеуіне себепші болуға тырыстым, – деп ақтарылды.
Кейіпкеріміз 1989-1991 жылдар арасында Чапаев аудандық білім бөлімінде мектеп білімінің инспекторы жұмысын атқарса, 1991 жылдан бастап Теректі ауданы Шағатай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған. Сол уақыттарда аталған мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған, бүгінде зейнеттегі Халима Тулақбаева әріптесінің еңбек еткенін айтты.
– Менің ол кездегі негізгі міндеттерімнің бірі – әр мұғалімнің шығармашылық жұмыстарымен жеке-жеке танысу еді. Байқағаным, Сәрия Ғұбашқызының ұйымдастырушылығы, іскерлігі мен еңбекқорлығы жоғары болатын. Оны бізбен бір кезеңде қызмет еткен адамдардың бәрі біледі. Сондай-ақ есте сақтау қабілетіне де таң қалатынбыз. Ол кісі сәл босай қалғанда газет-журналдардағы тарихи-танымдық мақалаларды оқитын. Бір тарихи дерек немесе оқиғаларды сұрай қалсаң, кеңінен қозғап, дәл уақытымен айтып беретін. Әрине, мұндай қабілет екінің біріне берілмеген шығар. Ал адамгершілігі жөнінде таңды таңға жалғап айта беруге болады. Оның кісілік келбеті мен жан баласына жүрегіндегі нұрын шашып жүретіні ерекше еді. Бүгінде бәріміз қалаға қоныс аударсақ та, мектептегі жарқын шақтарымызды сағынып, ара-тұра араласып тұрамыз, – деп тарқатты Халима Нәсіпқалиқызы.
1998 жылдан бастап Сәрия Ғұбашева Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжде еңбек етті. Колледждегі әріптесі Жанаргүл Сахипова кейіпкеріміздің ұқыптылық пен тазалықты жаны сүйетінін, уақыт ырғағына тез ілесіп, жаңа технологияны жетік қолданатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар «Балалардың жазғы демалысын ұйымдастырушыға әдістемелік нұсқау», «Мұғалімнің кәсіби әдебі мен шеберлігі», «Класс жетекшіге көмекші құрал», «Оқушылар ұжымын қалыптастыру жолдары», «Сынып жетекшісіне көмек» әдістемелік құралдарының және «Тәрбие жұмысының әдістемесі» оқулығының ауторы екенін жеткізді. Жанаргүл Меңдібайқызының айтуынша, қазіргі күні Сәрия апайдың әдістемелік құралдары студенттерге сабақ беруде жиі қолданылып жүр екен. Ретті жерінде айта кетейік, ол 2008 жылы еліміздегі білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғысхатымен марапатталған.
«Апайдың сабағын сүйсіне оқығанымыз сонша – бәріміз бір-бір тарихшы боп кете жаздадық» дейді шәкірттері. Әр мереке күндерде жан-жақтағы, яғни өңірлердегі шәкірттері бейнеқұттықтаулар жолдап, ұстаздарын қуантып тұрады екен. Олардың кейбірі дос-құрбысындай сырларын да ақтарып жататын көрінеді. Иә, мұның барлығын расымен де жақсы адамның, өнегелі ұстаздың мерейі мен ғұмыр жолындағы қайталанбас же-тістігі деуге болады...
Бүгінде Сәрия Ғұбашева жолдасы Артур Бимағанбетов екеуі – Нұрқанат пен Елдос есімді ұлдарынан 6 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Олар балаларына адал болуды, бар зейіндері мен күш-жігерлерін оқу-білімге сарп ету керектігін ерте жастан айтып өсіріпті.
Француз философы Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген салмақты сөзі жиі айтылып жүр. Бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолына әлі де тереңірек үңілер болсақ, осы сөздің рас еке-ніне көз жеткізеріміз анық. Мерекеңіз құтты болсын, бала бақытын аялаған аяулы жан!
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»