9 наурыз күні егіндікөлдік ағайындар ел азаматы Жарқын Серікұлының 60 жасын атап өтті. Жан-жақты азаматқа ризашылығын танытқан ауылдастары жылы лебіздерін арнап, мерейлі жасымен құттықтады.
Өсер елдің азаматтары ең алдымен өзі өсіп-өнген өлкенің өнері мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын қастерлеп, қал қадірінше киелі қазынаны ұрпағына үлгі етуді парыз деп біледі. Төгілген тердің, атқарған істің, танытқан табандылықтың, жасаған адамгершіліктің, адами адалдықтың өтеуі ретінде елі бағалап, көпшіліктің құрметіне бөленген, жерлесіміз, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Егіндікөл ауылының тумасы, ел жанашыры Тажғалиев Жарқын Серікұлының 60 жасқа толу мерейтойына орай ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен «Азаматқа құрмет – елге міндет» атты кездесу кеші өтті.
Өзінің елі мен туған жеріне демеуші болып алғаш көмек қолын созған арда азаматтардың бірі, туған жеріне осы отырған мәдениет үйін, ашық аспан астындағы мәдени шараларды өткізуге арналған жазғы сахна, ҰОС ардагерлері мен соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш айналасын абаттандырып, Егіндікөл ауылында салынған спорт алаңы мен лагерь айналасын қоршауға және оның сыртында балабақшадағы балаларға жыл сайын сйлықтар жасап, ауылдың игілігіне арнап шынжыр табанды трактор сыйлағаны елдің есінде.
Жиынға арнайы келген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, Жарқынның кластас досы Талғат Айтқалиев, класс жетекшісі, ұстазы Разия Жиенбетова, Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Екпін Тналиев, әріптес ағасы, Орал қаласындағы спорт-интернатының спорт әдіскері егіндікөлдік Берікқали Бекмұратов сөз алып, дойбы федерациясының президенті Жарқын бауырымыздың туған жерге деген еңбектері мен қазіргі таңда жасап жатырған жұмыстары туралы әңгімеледі.
Аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев Жарқынға шапан жапса, ауыл азаматтары Жарқынға ат мінгізді.
Жәкең жайлы мінезді, сан қырлы азамат. Осы маңызға ие іс-шараны ұйымдастырған жерлестеріне риза болған Жарқын Серікұлы ауылдастарына өзінің жүрек жарды сөзін арнады.
– Туған жеріме келіп, бүгін төбем көкке жеткендей болып отырмын. Туған жерім,киелі Егіндікөл аулына келіп жерлестерімізбен қауышқаныма ризамын. Отбасыларыңыз аман болсын. Ауылыма деген жақсылығымды әр кез жолдап отырамын. Аман сау болайық, деді ел ағасы Жарқын Тажғалиев.
Іс-шараға қатысушылар бейне таспадан Жарқын Серікұлының шет елде білім алып жатырған ұлының жүрек жарды лебізін тамашалады.
Мәдениет үйінде өткен іс-шарада Жарқын Серікұлына көптеген жылы лебіздер айтылды. Аудан басшысы Қадіржан Орынбасарұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Құмарұлы, құрдас-достары Амандық, Талғат, Жамбыл, Жәкеңнің қарындастары, бауырлары, ауылдас інісі Жантас Сафуллин керемет құттықтауын жеткізді.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы