11.03.2024, 18:00
Оқылды: 58

«Қазақ тілі» қоғамын мемлекет тікелей қаржыландыра алмайды

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрған Qazaq Tili Endowment Qory-на Президент жеке қаражатынан 7 млн теңге аударғанын білеміз. Мемлекет басшысының бұл бастамасын іліп әкеткендер туралы естіп отырмыз. Қаражат қайда және қалай жұмсалады? Осы және өзге де сауалдарға «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жауап берді.

6a89f7b3-d6c3-4b30-9374-beda3a6359d5

Фото: «Қазақ тілі» қоғамы

«Эндаумент қоры – дүниежүзінде кеңінен қолданылып келе жатқан құрал. Әлемдегі ең үлкен эндаумент қоры – Жапонияның «Ғылым және технологиялар қоры». Ол қорға 80 млрд доллар жиналған. Гарвард университетінің эндаумент қорында 50 млрд доллар бар. Мұның бәрі – сол қордың мақсатына, миссиясына сенетін, оған өз үлесін қосқысы келетін кәсіпкерлердің, ұйымдардың, жеке адамдардың жасаған үлесінен құралған қаражат. Мысалы, Гарвардтың мықты түлегі көп. Солар университетті қолдауға қаражат аударады. Бірақ эндаумент қорының басқа қорлардан айырмашылығы – қорға түскен қаражат жұмсалмайды. Ол қаражат басқарылады. Басқарудың ең қарапайым мысалы – банк депозиті. Қаражат депозитке салынады да, содан түскен табыс қана жұмсалады. Осы тетікті «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қолданғымыз келеді», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Айтуынша, Қоғам жұмысын қабылдап алғанда шотындағы бар қаражат 29 мың теңге болған. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін мемлекет оны тікелей қаржыландыра алмайды.

«Сондықтан осындай қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар мақсатқа жұмыс істейтін ұйымдардың қаржыландыру тетіктерін зерттедік. Өткен жылдың қазанында Президент қабылдауында болдым. Сол кездесуде «Қазақ тілі» қоғамының даму жоспары егжей-тегжей талқыланды. Оның ішінде қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақ тілінің қолданысын жеңілдететін технологиялық шешімдерді көбейту жайы айтылды. Оның бәрі керек. Бірақ сол керектерді іске асыру үшін қаражат керек. Мемлекет барлық мақсатқа жеке-жеке, арнайы қаражат бөле алмайды. Соны шешу амалы ретінде эндаумент идеясын ұсындық. Мемлекет басшысы, әрине, мұндай тетікпен таныс. Ұсынысты қолдады. Бірінші болып өзінің жеке қаражатынан үлес қосу туралы шешім қабылдады. Эндаумент қоры тіркеуден өткеннен кейін бірден жеке қаражатынан 7 млн теңге аударды. Мемлекет басшысының бұл амалы бізге үлкен қолдау болды. Қаражаттан бұрын бұл жаңалықтың символикалық маңызы зор. Бұл ірі кәсіпкерлерге, мекемелерге, жанашыр ортаға жақсы белгі болды. Осыдан кейін, адамдар жеке хабарласып, бірі жария түрде, кейбірі үндемей-ақ қаражат аудара бастады», - дейді спикер.

Ал эндаумент қорына түскен қаражаттың қалай басқарылатынын, тетіктерін қамқоршылар кеңесі шешеді. Қамқоршылар кеңесіне түрлі саланың өкілдері, соның ішінде тіл мамандары кіреді.

«Біздің қордың әрі қарай қанатын кеңге жайып кетуіне қажет ең маңызды нәрсе – абырой. Қоғамның сенімі болмаса, қор тұрақты жұмыс істей алмайды. Ол қордың қамқоршылар кеңесіндегі адамдардың деңгейіне, тәжірибесіне байланысты», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Гүлнұр Ғазизқызы,

kaz.inform.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале