Бұл туралы ҚР әскери сотының баспасөз қызметі жазды.
Ақтөбе гарнизонының әскери сотымен аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша әскери қызметші С-ға қатысты ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қылмыстық іске үкім жарияланды.
Бірінші сатылы соттың үкімімен әскери қызметші әскери атағынан айырып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне процессуалдық шығындар мен жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлі төлем өндірілді.
Сотталушы С. қаржы қызметі бөлімінің бастығы лауазымында бола тұра, басқарманың бірінші басшысының ЭЦҚ кілтін ауыстырып қолдану арқылы, өзінің банктік есепшотына бюджет қаражатынан бірнеше рет заңсыз ақшалай аударым жасаған.
Заңсыз алынған бюджет қаражатын ұтыстар арқылы өтеу пиғылымен, аталған қаржыны "Olimp" платформасында ставкаға пайдаланған. Нәтижесінде мемлекетке 23 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
Сотталушы кінәсін толығымен мойындап, сотқа дейінгі тергеу барысында кінәсін мойындау түрінде процесуалдық келісім жасасып, қылмыстық істің сотқа түскенге дейін келтірілген залалды толығымен өтеген.
Сот үкімі заңды күшіне енді.