13.03.2024, 17:00
Оқылды: 55

«Зенит» зауытында 55 жасқа жеткен 68 жұмысшы бар

Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Зенит» Орал зауыты» АҚ-ның ұжымымен кездесті.

ec26e6125c90f5e8c664b1a4596d27c7_1280x720

Фото: gov.kz

Министр Светлана Қабыкенқызы өндірісте зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қазақстандықтарға арналған арнаулы әлеуметтік төлем  жөнінде баяндады.

– Бұл атаулы әлеуметтік төлем Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолданысқа енгізілді. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге биылғы қаңтардың 1-інен бастап арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы төрт көзден, яғни республикалық бюджеттен, жұмыс берушінің қаражатынан, өмірді сақтандыру компаниясынан және міндетті жарналар есебінен беріледі. Орташа мөлшері – 208 мың теңге. Бұл төлемді алу үшін ел азаматының 55 жасқа толуы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымы болуы керек. АӘТ зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді. Оны алу үшін қызметкер денсаулығына зиянды жұмысты атқаруды тоқтатуы тиіс. Азамат жеңіл жұмысқа ауысып, жалақы мен төлем алады. Әлде болмаса, демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алуға құқы бар. Елімізде 37 мыңнан астам жұмысшы АӘТ алуға үміткер. Арнаулы әлеуметтік төлем БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты есептеледі. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына қарай өседі. Биылғы наурыздың 11-індегі жағдай бойынша республикада 1156 төлем алушыға 244,9 млн теңге көлемінде 2661 төлем берілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысында 10 азаматқа 2,3 млн теңге төленді. Ал «Зенит» зауытында үш адам осы төлемді алады. Кәсіпорынның өркендеп, табысы еселене беруіне тілектеспін, – деді Светлана Жақыпова.

Кездесуде министр зауыт жұмысшыларының сұрақтарына жауап берді.

«Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Қыдыржан Мұқанов министрді кәсіпорын жұмысымен таныстырды. Зауыт мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында катерлер мен кемелер жасайды, техникалық қызмет көрсетеді. Жөндеу жүргізіп, жаңартады. Өткен 30 жылдың ішінде «зенниттіктер» 34 кеме мен катер жасап шығарған. Қазір мұнда жоспарға сай екі кеме жасалып жатыр.

«Бүгінде зауытта айтарлықтай мәселе жоқ. Берілген тапсырыстар бойынша жұмыс жүйелі атқарылуда. Өндірісте зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер биылдан бастап 55 жастан зейнетке шыға алады. Бүгінде зауытта осы жасқа жеткен 68 жұмысшы бар. Олар тиісті әлеуметтік төлемдерді алады», – деді бас директор.

Қазір зауытта 780 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 280 000 теңге.  Былтыр мұндағы жалақы 20 пайызға өскен болса, биыл ақпаннан бастап 8 пайызға көтерілген.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале