Көрісу күні – әз Наурыздың бір тармағы, биылдан бастап жарияланған Наурызнама онкүндігінің бастауы, яғни, алғашқы мерекесі. Қыстан аман шығып, көктемге аяқ басқанына қуанған халықтың бұл ғұрпы бүгінде Қазақстанның барлық аймағында айрықша атап өтіліп жатыр.
Таңсәріде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өз өнерлерімен республикаға танымал, көпбалалы отбасы Биғалиевтерге көрісіп, шаңырақ иелерін Амал мерекелерімен құттықтады.
- Отбасылық құндылықтарды насихаттау, дәстүрлерімізді жаңғырту, ұлттық бірегейлігімізді нығайту – мемлекеттің ішкі саясатының негізі. Көрісу күні - қазақ халқында жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі күн. Адамдардың бір-біріне, отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейтін мереке. Бүгін ата дәстүрімізді жандандырып, өнегелі, рухани құндылықтарды терең ұстанған, шығармашылық қазыналы отбасыңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Біз сіздерді Ақжайық өнірдегі дәстүрімізді, мәдениетімізді қастерлеп, ұрпағына тағылымды тәрбие беріп келе жатқан шығармашылық отбасы деп білеміз. Наурыз мерекесі қарсаңыңда сіздерге егемен еліміздің ертеңі - саналы ұрпақ тәрбиелеп, қазақ руханиятының дамуына қосып келе жатқан үлесіңіз үшін алғыс айтамыз. Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, сәттілік тілеймін! Шаңырағыңызда әрдайым осындай береке-бірлік, ынтымақ пен жылулық болсын. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! - деп құттықтады өңір басшысы.
Айта кетейік, Биғалиевтер отбасы – Ақжайық өнірінің өнегелі, шығармашыл, ұлттық дәстүрді берік ұстанған, көпбалалы жанұя. Үш ұл мен үш қыз тәрбилеген өнерлі шаңырақтың иелері Марат Қалиұлы мен Нұржамал Сұраншиева 1986 жылы отбасылық Биғалиевтар халықтық ансамблін құрған. Ансамбль 38 жыл ұрпақтан ұрпаққа өнер жалғастырып, бірнеше республикалық, облыстық байқаудың жеңімпазы атанды.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz