13.03.2024, 23:00
Оқылды: 92

«Ауылға келгенімізге өкінбейміз»

Өңірімізде «Қаладан ауылға» қанатқақты пилоттық жобасы басталған кезде облыс орталығынан Казталов ауданының Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылына алғашқы болып көшіп келген Аят Сисеновтың отбасы болатын. Бес баласының болашағын ойлаған азамат қабырғасымен кеңесіп, кіндік қаны тамған туған жеріне оралды.

IMG-20240313-WA0027

Жыл басында елге қоныс аударған отбасының бүгінгі жағдайын білу үшін Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденовке байланысқа шықтық. Артур Амантайұлының айтуынша, Аят пен Шынарайдың әулеті жәймен ауыл өміріне дағдыланып келе жатқан секілді. Отағасы Жаңатаң ауылындағы таза ауыз су қондырғысына оператор қызметіне кіріссе, отанасы ауылдағы мектептің шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс тұрған. Балаларының үлкендері мектепте білім алып, кішілері шағын орталықта тәрбеленуде. Ауылдастары көшіп келген отбасыны қолдап, бір сиыр мен он шақты ұсақ малды сыйға тартқан.
Біздің газет ұжымы бұл әулет ауылға көшіп келген кездегі сәттеріне куә болып, олардың ауылдағы алғашқы күнін жазған болатынбыз. Енді міне, бір ай өткен соң Аятпен тағы да хабарластық.
- Біз ауылға көшіп келгенімізге өкінбейміз. Ауылға келген соң баспанамен, жұмыспен қамтылдық. Балаларымыз мектеп пен балабақшаға орналасты. Жанұямызбен қаланың сапырылысқан, қым-қуат тірлігінен ауылдың бір қалыпты, тату-тәтті өміріне үйрене бастадық. «Алғашында бастаған қадамымыз дұрыс па?» деген сенімсіздік болғаны рас. Ауылға келіп атқамінер азаматтардың, ауылдастардың қолдауын сезініп, болашағымызға деген нық сенім пайда болды. Балалар да ауылға тез үйреніп кетті, жаңа достарын тапты. Ауыл азаматтары біздің отбасыға ірі қара мен ұсақ малдарды тарту етті. Ауылда отырғасын малсыз болмайды ғо. Міне, көктем шығып, малдарымыз төлдеп жатыр. Жағдайымыз жаман емес,- деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

IMG-20240313-WA0041
Ауыл туралы кең таралған әнде «Ауылдан алам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп жырланғандай, қазақтың тамыры ауылмен терең байланысқан. Сол үшін де ауылда тұрып жатқан ағайындар бақытты деп олаймыз.

Нұр Рахман,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале