14.03.2024, 10:00
Оқылды: 70

Жүйкесі жұқарып, жанары кеміген оқушылар неге көбейді?

Мектеп оқушылары арасында көздің алыстан көрмеуі (миопия),  жүйке  жүйесінің  сырқаты және сколиоз дерті  көбейген. Облыста  бір  жылда  2773 баланың  көз  жанары  кеміп, 1000 жасөспірім психиатриялық есепке  алынып,  136 оқушының сколиозға шалдығуы сала мамандары мен ата-аналарды алаңдатып отыр. Бұл сырқаттардың алғашқы белгілері қандай? Алдын алу үшін не істеу керек? Осы және өзге де сауалдардың жауабын мамандармен, дәрігерлермен, ата-аналармен бірге іздеп көрдік.

Teen Girl having chiropractic back adjustment. Osteopathy, Physiotherapy, Kinesiology. Bad posture correction

Фото: stockphoto

Жасөспірімдер арасында миопияға, сколиозға және психоневрологиялық ауруларға шалдыққандардың санын нақты білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. Басқарманың берген ресми жауабына сүйенсек, өңірімізде көз кемістігімен (0-17 жас аралығында) 2021 жылы 2773 бала, 2022 жылы 2613, ал былтыр 2448 бала диспансерлік есепке алынған. Биыл да сол 2448 бүлдіршін тіркелген.

Көз аурулары ішіндегі ең қауіптісі, яғни соқырлыққа душар ету ықтималдығы бойынша глаукома және қант диабеті салдарынан болған ретинопатия жатады. Бұл сырқаттарға негізінен ересек адамдар шалдығады. 0-18 жас аралығындағы балаларда ең көп кездесетін ақау (сырқат емес) – алыстан көрмеушілік. Сондай-ақ балалар туа біткен глаукома, туа біткен катаракта және мерзімінен бұрын туылған нәрестелер ретинопатиясына да жиі шалдығады екен.

Тағы бір айта кететін жайт, мерзімінен бұрын туылған нәрестелерде көз кемістігі жиі тіркелетіндігі. Оның негізгі себебі – ана құрсағындағы шарананың көру ағзасының дамып үлгермеуі. Өңірімізде балабақша жасындағы бүлдіршіндерден де көз кемістігі  анықталуда. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы төрт жасқа дейінгі 86 бүлдіршін, 2022 жылы 67, 2023 жылы 51 бала диспансерлік есепке алынған.

Жанарды жастан сақтаңыз!

 – Мектеп оқушылары арасында алыстан көрмеушілік, яғни миопия дерті жиі кездеседі. Сырқат туа бітеді немесе уақыт өте келе пайда болуы да мүмкін.  Көрудің нашарлауы – көзге шамадан тыс артық салмақтың түсуінен. Оның негізгі себептері – монитор алдында ұзақ отыру, телефонға телміру, бөлме жарығының дұрыс болмауы және жазғанда, оқығанда жарықты дұрыс қоймау. Дерттің белгілері байқалған сәтте бірден емделу керек. Одан бетер асқындырып алмас үшін көзілдірік немесе линза таққан дұрыс. Көзді жылына бірнеше рет тексеруден өткізіп отырған артық  етпейді.

Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін тағы бір аурудың түрі – астигматизм.

Ол – көздің анық көрмеуі. Яғни көз рефрекциясының бұзылуы. Астигматизмді емдеу үшін көзілдірік қолданылады. Кей жағдайларда лазерлік және микрохирургиялық түзету жүргізіледі. Астигматизмнің алдын алу көздің арнайы жаттығуларымен және физикалық белсенділігімен алмастырылады. Астигматизм мектеп жасындағы балаларда жиі көрініс табады. Оған шалдыққан балалар әріптерді шатастырады және көру қабілетінің нашарлағанын өзі де сезіп, шағымдануы мүмкін.

Үшіншісі, гиперметропия (алыстан көргіштік) – әдетте бұл ауру кезінде көздің қарашығының пішіні өзгереді.

Гиперметропия үш дәрежелі болады. Оны емдеудің түрлі тәсілдері бар. Қазіргі кезде гиперметропияны емдеуге хирургиялық оталар, термокератопластика, термокератокоагуляция қолданылады.

Ата-аналардың дені баласының көз кемістігін кеш байқайды. Тақтадағы жазуды көрмей, жақындап қарап, мұғалімдер дабыл қаққан кезде, яғни көз кемістігі -3, -4 болғанда дәрігерге көрсетеді. Окулистке дер кезінде қаралса, соғұрлым сырқаттың алдын алуға болады, – деді Орал қалалық №5 емхананың көз дәрігері Жазира Өмірзақ (суретте).

жазира омирзак

Маманның айтуынша, күнделікті денсаулықты сақтап, оны нығайтуда жеке бас гигиенасын сақтау маңызды болғанындай, адамның негізі мүшелерінің бірі – көзді де қорғай білу қажет. Ең алдымен көзді бөгде заттардың түсуінен сақтау керек.  Жарық тым көмескі, әлсіз немесе тым жарық болса, көздің нашарлауына душар етеді. Жұмыс үстеліндегі, партадағы шамның жарығы сол жақтан түскені абзал.

Сондай-ақ үш жасқа дейінгі балаларға заманауи электронды құрылғыларды ұстатуға болмайды. Тіпті, гаджеттермен мультфильм көру де ұсынылмайды. Басқа мүмкіндік болмаған жағдайда күніне 10-20 минут қана көруіне рұқсат беруге болады. 4-7 жас аралығындағы балаларға күніне 20-50 минут, 10 жасқа дейінгі балалар тәулігіне 60-80 минут телефон қарау көп болмаса аз емес. Жалпы жасөспірімдердің гаджетке телміруіне ата-ана тарапынан шектеу болуы тиіс.

Дәрігердің тағы бір кеңесі, жасөспірім күніне кемі екі сағат серуендеу керек. Өйткені табиғат аясында алысқа және жақынға қарау ғылыми түрде дәлелденген өте пайдалы  жаттығудың  түрі.

Телефонды сағаттап қарайтын жеткіншектің көз қарашығының қалпы (формасы) ең алдымен өзгеріске ұшырайды.

Психиатриялық есепте – 1000 жасөспірім Оқушылардың денсаулығы бойынша толғандыратын екінші мәселе – олардың жүйке-психикалық ауруларға душар болуының жиілеуі. Соңғы 3 жылдық дерек бойынша облыста 2755 бала психиатриялық есепке алынған. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы кәмелетке толмаған 832 бала, 2022 жылы 923, 2023 жылы 1000 бүлдіршін диспансерлік есепке алынған. Ал жүйке аурулары бойынша 2021 жылы 742, 2022 жылы 940, ал 2023 жылы 1044 бала тіркелген. Биылғы қаңтардағы статистикалық дерек бойынша 1044 бала есепте тұр. Яғни балалар мен жасөспірімдердің арасында бас ауруы,  күйзеліс, үрей синдромы  көбейген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы А. Аспандиярованың мәліметінше, мектеп оқушылары арасында жыл сайын жүйке-психикалық аурулардың өсуі тіркелуде. Бұл мектеп бағдарламасының жүктемесімен, қосымша сабақтармен, оқу материалдарына қойылатын талаптардың жоғары деңгейімен, сонымен қатар гаджеттерді бірнеше сағаттап пайдалану және әлеуметтік желілерде, соның ішінде түнгі уақытта жиі пайдалануымен байланысты. Ұйқысы тыныш, толыққанды болмаса, баланың психикасында  ақау  пайда  болып, басы  ауыра  бастайды.

– Бас ауруы – балаларда да, ересектерде де ауырсынуды тудыратын ең көп таралған сырқаттардың бірі. Жалпы бас аурудың бес түрі бар. Оның біріншісі, жедел бас ауруы. Жедел бас ауруы инфекция, жарақат, интракраниальды қан кету немесе менингит салдарынан болады. Екіншісі, эпизодтық бас аурулары, яғни қайталанатын үзік-үзік бас ауруы. Мигрень күйде кездеседі. Созылмалы, үдемелі бас аурулары бұл мидағы кеңістікті алып жатқан ми ісіктерінен болатын сырқат және оған дер кезінде назар аудару керек. Одан кейінгісі, психогендік созылмалы бас ауруы, бесіншісі, Міх типті бас аурулары. Олар созылмалы бас ауруларының сипатын өзгерту арқылы дамиды.

Ал балалардың бас ауруының себептерін қарастырсақ, дені электронды гаджеттерді көп пайдалану болып табылады. Сондай-ақ гормональды өзгерістердің, жедел инфекциялардың және тіс кариесінің, мұрын бітеліп, құлаққа инфекция түссе, мигрень, ми ісіктері, мида сұйықтықтың жиналуы, гидроцефалия, жарақаттар мен миға қан құйылу салдарынан болады. Дерттің алғашқы белгілері кезінде бастың бір жағы оқшауланып ауруы, көбіне маңдай, шеке және көз аймағы ауырады. Аурудың қарқындауы науқастың белсенділігін төмендетеді. Қимыл-қозғалыс кезінде, жаяу жүргенде күшейеді. Жүрек айну, құсу, жарық пен дыбыстан қорқу және әлсіздік басып, тәбеттің болмауы секілді белгілер кездеседі, – деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол сырқаттың алдын алу үшін бала түнде кем дегенде 8 сағат ұйықтауы қажеттігін айтты. Ата-ана ұл-қызының жеке гигиенасын сақтап, дұрыс тамақтануы, таза ауада серуендеп, гаджеттерді шектеуі және спортпен шұғылдануы керек.

Басы жиі ауыратын жасөспірімді дәрігерге көрсетіп, себебін анықтап, ем-домын қабылдағаны абзал. Өйткені дәрігердің кеңесінсіз жиі дәрі ішу басқа ағзаларға зиян.

       Өз көлеңкесінен өзі қорқады

Бірде қыз-келіншектердің басқосуында оралдық Айман Бақтығалиева есімді келіншек 13 жастағы ұлының бойын үрей билегенін, кез келген оқыс дауыстан қорқып, тіпті көпқабатты тұрғын үйде тұрса да ұлы әжетханаға өзі баруға қорқатынын айтқан еді. Психикасының бұзылғанын ол телефондағы қорқынышты ойындардан көріп, перзентінің интернет арқылы ойын ойнауына тыйым салған. Осы секілді жағдай Алматы қаласында орын алғандығы жөнінде былтыр БАҚ беттерінде жарияланған еді. Алты жасар бала «Майнкрафт» ойынының салдарынан психиатриялық ауруханаға түскен. Оны тексерген Ольга Александрова есімді балалар психиатрының айтуынша, балада ойыннан кейін қорқыныш пайда болған.

Тіпті ас-судан бас тартып, томаға тұйықталып кеткен. Психикасы нашарлай бастаған. Дәрігердің ем-домынан соң баланың жағдайы жақсарған. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта бүлдіршіндер арасында виртуалды өмір мен шынайы өмірді шатастырып алатындары көбейіпті. Яғни әжетханадан шығатын адам жегіш вампир («Майнкрафт» ойынындағы «Скибиди» туалет бөлімі), қозғалатын қуыршақ, жан алғыш көрші («Hello, Neighbor» ойыны) секілді ойындар олардың психикасына қатты әсер етеді екен. Алдымен бүлдір-шіндердің ұйқысы бұзылып, кейін агрессиялық мінез-құлық көрсетеді. Біресе күледі, біресе жылайды, бөлмеде жалғыз қалуға қорқып, өз көлеңкесінен өзі үрейленеді  екен.

Сала мамандары баланың психикалық жай-күйінде ауытқу барын бірқатар белгі арқылы анықтауға болатынын айтады. Мәселен, жеткіншек тым бұйығы, ызақор, шектен тыс қорқақ, бағынбастай бұзық және көңіл-күйі құбылмалы болуы мүмкін. Сондай-ақ сыныпта басқа балаларға қосылмай бөлек жүруі, түнде ұйықтай алмауы және жиі шошып оянуы, үнемі шаршап жүруі, өзін-өзі жек көріп, басқалар да оны жақтырмайды деп ойлауы, құлағына түрлі дыбыстардың естілуі сияқты факторлар бала психикасы өте қауіпті жағдайда екенінен хабар береді. Жасөспірімдер арасында кездесетін тамақсаулық, яғни есіл-дерті тамаққа ауып тұратын қомағайлық ауруы да психикалық жай-күйдің жақсы еместігін білдіреді екен. Мұндай жағдайда ата-ана бірден дабыл қағып, телефонға телміруін доғартып, нәтиже шықпаса, дәрігерге  көрсеткені  абзал.

Сколиоздың алғашқы белгілері қандай?

Мектеп оқушылары арасында жыл сайын динамикалық өсім байқалатын келесі сырқаттың түрі – сколиоз, яғни омыртқа жотасының қисаюы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген статистикалық дерекке сүйенсек, сколиозға 2021 жылы 121 оқушы шалдықса, 2022 жылы 128 бала, 2023 жылы 136 бала диспансерлік есепке алынған. Биыл 140-қа жуық жасөспірім тіркелген.

– Сколиоз, яғни омыртқа жотасының қисаюының себептеріне тоқталсақ, туа пайда болған және жүре пайда болған деп екіге бөлінеді. Омыртқа жотасының туа пайда болған қисаюы жүктілік кезінде шарананың омыртқа бағанасы мен қабырға түзілуінде ауытқу болған жағдайда, яғни құрсақта жатқан кезде нәрестенің ағзасының дұрыс қалыптаспауынан өршиді. Екі омыртқаның арасына қосымша омыртқа өссе, онда омыртқалардың барлығы дерлік қисаяды. Ал жүре пайда болған ақауға босану кезіндегі және жол-көлік оқиғасынан немесе омыртқаның сынуы секілді жарақаттардан, бұлшықет дистрофиясы, полиомиелит сырқатының салдарынан болады. Кей балалардың сүйек жүйесі тез жетіліп, ал сүйекті ұстап тұратын бұлшықет соған сай дамып үлгермей жатады. Сүйектегі ет өсіп үлгермегендіктен, бұлшықет сүйекті тартып, омыртқаны бір жағына қарай қисайта береді. Бұл – сколиоздың басты себепте-рінің бірі. Жасөспірімдер көбіне жүре пайда болған сколиозға шалдығады. Қыздар 12-13 жасында, ұлдар 15-16 жасқа толғанда бойлары тез өсе бастайды. Омыртқа жотасының қисаюы сол кезде көрінеді, – деді облыстың штаттан тыс бас травматолог-ортопеді, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Болат Әлібаев (суретте).

9dac6e3b-43f7-4d78-9e3c-f552271a31cd

Маманның айтуынша, омыртқа жотасының қисаюының бірнеше дәрежесі бар.

Біріншісі, омыртқа бағанасы 10 градустан аз ауытқыған жағдайда иықтың сәл иілуі немесе иықтың әр түрлі биіктікте орналасуы байқалады. Екінші сатысында омыртқа 10-25 градусқа дейін ауытқиды. Мұндай кезде иықта, жамбаста, бөкседе айқын асимметрия көрінеді. Егер нәресте алға қарай еңкейсе, омыртқалар біркелкі емес екені байқалып тұрады. Иықтың бірі екіншісінен сәл-пәл жоғары тұрады. Дерттің бірінші, екінші сатысында науқасқа жаттығулар мен массаж жасатып, қосымша карсеттер кигізу арқылы емдеуге болады. Ал үшінші дәрежесінде иықтың қисықтығы едәуір көрінеді. Бір аяғы да қысқа болып, жамбас сүйектері де қисаяды. Омыртқалар сына тәрізді болады, қабырға аймағында өркеш секілді шыға бастайды. Сыртқы белгілермен қатар, сколиоз кезінде ішкі ағзалар да қысылады.

Бала бас ауруы, ентігу, жиі шаршап қалатынын айтып шағымданады. Қозғалысы  шектеледі. Ағза құрылымдардың қысылуына байланысты ас қорыту жолдары мен зәр шығару жүйесінде мәселелер туындайды. Ал төртінші сатысы – дене мүшелерінің деформацияға душар болуының ең ауыр дәрежесі. Өкпе, жүрек, бауыр секілді өмірлік маңызды ағзалар қалыпты жұмыс істемейді. Жасөспірім мойын, жамбас, аяқ-қолдарда қатты ауырсынуды сезінеді. Жүрек соғуы әлсіреп, қан қысымы жоғарылайды. Иммунитет әлсіреп, жиі суық тиеді. Үшінші-төртінші дәрежедегі сколиоз ота арқылы  ғана  емделеді.

Мектеп сөмкесі сколиозға душар ете ме?

–  Қазір балалар физикалық тұрғыда әлсіз. Бұрынғыдай далада күн сайын жүгіріп ойнамайды. Ағаш жарып, қи оймайды. Бидонмен су тасымайды. Сабақтан үйге келген соң қолдарына телефон ұстап алып, бүкірейіп отырады. Жалпы бүкірейіп отырғаннан немесе жүргеннен омыртқажотасы қисайып кетпейді. Бірақ баланың дене бітімі өзгеріп, дене қалпы (осанкісі) қисаяды. Ол үшін оқушылардың партада дұрыс отыруын қадағалау керек. Атааналар тарапынан жиі қойылатын тағы бір сауал – оқушылардың мектеп сөмкесі сколиозға душар ете ме? «Ұлымның сөмкесі ауыр. Күнде алты-жеті кітаппен сабаққа барады» дейді. Оқушылардың сөмкесі (қанша келі болуы қажеттігі жөнінде) жасына сай немесе сай еместігі жөнінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудан өтеді. Айтарым, ауыр сөмке асынғаннан баланың омыртқа жотасы қисаймайды. Жасөспірімдер көбіне бір иыққа асынып алатын сөмке арқалайды. Бір иыққа ауыр сөмке күн сайын арқаласа, дене бітімінде (нарушение осанки) өзгеріс болады. Бірақ сколиозға шалдықпайды. Омыртқа жотасының қисаюының алдын алу үшін баланың жасөспірім шағында, яғни тез өсуі байқалған кезде дене шынықтыру жаттығуларын жасатып, спорттық үйірмелерге беріп, суда жүзіп үйреткен абзал. Таңертең 10-15 минут жаттығу жасаудан бастау қажет. Дене жаттығулары арқылы  бұлшықет  қатаяды.

Егер ата-ана ұл-қызының бір иығының екіншісінен аласа екенін, жауырындары қисық біткенін, бел аймағындағы сүйектердің айырмашылығын байқаса, сондай-ақ ол әдеттегідей тік отыра алмай, арқасының шаршайтынын, ауырсынатынын айтып шағымданса, дереу ортопед мамандарға көрсету керек. Уақтылы ем алатын болса, сколиоздың алдын алуға болады, – деді Болат Аманкелдіұлы.

Байқасаңыз, жасөспірімдердің сырқаттарының дені смартфондарға келіп тіреледі. Телефонға жиі телміретін баланың көз жанары кеміп, жүйкесі жұқарады, қимылсыз отыра берген соң белі бүкірейе береді. Бұл мақала арқылы аталмыш дерттердің туындау себебі мен алдын алу жолдары туралы жаздық. Қалай болғанда да балалардың ғұмыры алда. Оны сапалы сүруі үшін ең бірінші кезекте денсаулық керек екенін ұмытпайық!

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале