14.03.2024, 10:46
Оқылды: 59

Зәйлім есімі қалай қойылды?

Әр ата-ана перзентіне ат қоярда талғап, таңдап, болашағы жарқын болсын деген ниетпен жүрегі қалаған есімді қояды. Ал кей нәресте жарық дүниеге көрінерде сол үйдің үлкендері аян түс көріп, түсінде көрген есімді нәрестеге қойып жатады. «Ерекше есім» айдарының бүгінгі қонағы – Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың атының қойылу тарихы ерекше.

b37b91e4-8223-472d-a2aa-5da3293621b1

  – Анам маған жүкті кезінде сол кезде жасы 65-тегі Нұрғаным әжем түс көріпті. Ол уақытта, яғни 1967 жылы қазіргідей құрсақтағы нәрестенің жынысын анықтайтын УДЗ жоқ. Сонда сырқаттанып жүрген әжем «Немерем қыз болады. Есімін Зәйлім деп қойыңдар. Түсімде аталарым аян берді» депті. Содан анам ол есімді қағазға жазып алыпты. Мен сол жылы 1 сәуірде жарық дүниеге көріндім. Зәйлім есімі жиі қойылмайды. Бұл күнге дейін аттасымды кездестірген жоқпын. Мектеп оқып жүргенде Айман, Шолпан деген есімдерге қызығып, анама «Неге Зәйлім деп қойғансыңдар?» деп ренжитін едім. Ол кезде бала болдық. Сонда анам «Сенің есімің ерекше, болашақта әжеңнің түсіне енгендей абыройлы қызмет атқарасың» деуші еді. «Осы қара қызым біздің атымызды шығарады. Мақтанатын боламыз» деп те жиі айтатын. Негізі, сәбиге ат қоюға зор мән беру қажет. Кино персонаждарының немесе тарихи оқиғалардың атауын есімге телу – үлкен қателік. Мәселен, бұрын үнді киноларындағы кейіпкерлердің, сол секілді Саммит, Олимпиада деген адам аттары қойылды. Қазір қыздарға Анэля деген ат қояды. «Эля»-мен аяқталатын қазақта сөз де, оның мән-мағынасы да жоқ. Бұрында ата-әжелеріміз сәбиге азан шақырып, есім қою үшін философиялық мәні бар атау іздеген. Болашақта есіміне лайық болады деп үміттенген. Мысалы, жоғарыда айтып кеткендей, қыздарына Айман, Шолпан деп қойса, бойжеткен  ата-анасының үмітін ақтауға, көптің алғысын алуға ұмтылады деп сенген. Есім таңдарда шаңырақтағы үлкендермен міндетті түрде ақылдасу қажет. Тағы бір айта кететін мәселе, туу туралы немесе жеке куәлікке адамның аты-жөнін жазғанда әріптердің дұрыс жазылғанын тексеру маңызды. Көп жағдайда әліпбидегі қазақтың төл таңбаларын  бұрмалап жазып жібереді. Соған зер салып, қате жазылса, уақытында түзеген абзал, – деді Зәйлім Исатайқызы.

Гүлсезім Ерболатқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале