14.03.2024, 17:00
Оқылды: 58

Аудан әкімі үлкендерге сәлем берді

Ынтымақ пен берекенің, татулық пен бірліктің көрінісі болған Көрісу мерекесін Бөрлі ауданының жұрты кеңінен атап өтіп жатыр. Үлкен кіші демей құшақтаса көріскен жұрт бір біріне жақсы сөздер айтып, ел тыныштығын тілеуде. Ауданда бүгіннен бастап Наурыз мерекесіне арналған ауқымды іс-шаралар басталып жатыр. Айталық бүгінгі Амал мерекесіне орай іс-шаралар «Көрісу күні – Амал мерекесі» деп аталып, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтау бағытында көптеген мәдени-спорттық шаралар өтіп жатыр.

борли корису 2024 (2)

Алдымен аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» болып, орталыққа келіп жүрген қазыналы қарттарымызға сәлем беріп, көрісіп шықты. Ән-думанмен қарсы алған ата-әжелерді аудан басшысы жылдың басталуымен құттықтады.

- Сіздерді көтеріңкі көңіл-күйде жарқырап отырғандарыңызды көріп қуанып тұрмын. Бүгінде еліміздің барлық аймағында тойланатын жылымыздың бастауы саналатын Амал мерекесі құтты болсын! Жылымыз жақсылыққа, молшылыққа толы жыл болсын. Сіздер бізге қашанда ақыл-кеңестеріңізді айтып, қолдап отыра беріңіздер. Біздер қолымыздан келгенше жұмыс жасап, сіздердің көңілдеріңізден шығуға дайынбыз, - деді аудан басшысы.

Шараға аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшелері сонымен қатар, көп жыл бойы аталған кеңесті басқарған ауданның құрметті азаматы Садық Мырзағалиевте арнайы шақыртылған еді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әли Бектұрғанов сөз сөйлеп, Зарлық Мусин мен Әсима Шакеновалар бата берді. Ал кеңес мүшесі Қайырбай Нұрханов арнайы арнау айтып, шараның көрігін қыздырды. Ыстық бауырсақ пен наурыз көжеден ауыз тиген көпшілік, ел амандығын тілеп, ізгі тілектерін жаудырды.

борли корису 2024 (5)

Айта кетейік, аудандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» тұрақты 35 зейнеткер келіп, уақыттарын тиімді пайдаланып жүр. Олар компьютерде жұмыс істеп үйреніп, ағылшын тілін меңгеріп, домбыра үйреніп, спортпен шұғылданады. Мұнда келушілерге денсаулық, ойын-сауық, заңгер кеңесі және жанға пайдалы өзге де сала бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Ал орталықтың есігі аптасына бес күн бойы айқара ашық. Зейнеткерлердің денсаулықтарын тексерту үшін мұнда мейірбике қызмет етеді.

борли корису 2024 (6)

Қазыналы қарттарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мәдениет-демалыс, Орал, Сырым, Шыңғырлау аудандарына саяхатқа шығу, музейге бару сынды шараларды ұйымдастыру қарастырылған.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале