Ұлыстың ұлы күнінің бастауы саналатын ұлық мерекенің бірі - Көрісу. Қыстан шыққан ағайынның мал-жан амандығын сұрасып, құшақтаса қауышатын күні.
Осы орайда Теректі аудандық Достық үйі ғимаратында «Көктем басы - көрісу» атты көшелер сайысы өтті. Ауданда тұңғыш рет өткізілген сайыстың мақсаты да сол - бір көше тұрғындарын жақын араластырып, бірлікке шақыру.
Көрісу күнгі басқосуда аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев бастаған азаматтар ауыл үлкендеріне көрісіп, ақ дастархан басында амандық-саулық сұрасты.
Аудан әкімі Әлия Биғазықызы жұртты мерекемен құттықтап, «Жастан жасқа аман жетейік» деген тілегін айтты.
Одан соң Теректі ауылындағы үш көшенің тұрғындары арасындағы сайыс басталды.
«Ұлттық тағам - ұлт мақтанышы» кезеңімен басталған шара «Ұлттық ойын әлемінде» жалғасты. Асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс сынды ойындарда бірлігі жарасқан көршілер соңғы кезең - «Өнерлінің өрісі кең» деп, өнер көрсетті.
«Нарын» мен «Тәуелсіздік» көшелерінің тұрғындары ұлттық ойындарға шебер екен. Ұлттық дәмдері де тіл үйіреді. Өнер көрсетуде ән шырқаған «Тәуелсіздік» көшесінің жігіттері тамсантты. Нарындықтар ұмыт бола бастаған «Көтен ботқа» ырымын көпшілікке көрсетті.
Тату, бір топқа жұмылған көршілер ішінен ең үздігін анықтау әділқазыларға оңай болмады. Нәтижесінде жүлделі І орынды (70 мың теңге) «Нарын» көшесінің тұрғындары жеңіп алды. «Тәуелсіздік» көшесінің азаматтары ІІ орынға (50 мың теңге) ие болды.
Мерекелік көңілді басқосуда көрермен де шет қалмады. Салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтар қойылып, жауабын тапқандарға «AMANAT» партиясының аудандық филиалы атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Осындай қызықты шараны мәдениет үйі өнерпаздары Жеңіс Қайыров, Оралхан Темірғалиев, Айбек Дәулетқалиев, Зылиха Қалмағамбетова, Бақытгүл Қабашева ән-күймен әрледі. Ауыл ақсақалы Білікбай Қазиқанов дастархан басында бата берді.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz