14.03.2024, 17:39
Оқылды: 72

Ақжайықта Наурыз мейрамы қалай тойланып басталды?

Бүгін Ақжайық аудандық Сағынғали Сейітов атындағы кітапхананың есігі айқара ашылды. Фойеде жайылған дастарханға ұлттық дәміміз тартылып, осы күні рухани ордаға келген әр оқырман Наурыз көжеден ауыз тиіп, «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты шараның басты мейманы болды.

акжайык корису 2024 (1)

Кимешек орап, камзол киген әжелер, такиялы жігіттер мен қос етекті көйлек, шашбау сұлулығын одан бетер келістірген қыздар кітапхана қонақтарын төрге шығарып, қошемет көрсетті.

 Бұл мерекенің шырайын дастархан басына жиылған үлкендерге арнайы көрісуге келген балалар келтірді.

Жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов құттықтап, Наурыздың дүбірін бастаған көрісу күнінде жүрекжарды тілегін арнады. Еңбек ардагері Құрман Бисеғалиев көктемнің кереметі ретінде мерекеленетін көрісу айтының маңызына тоқталып, көпшілікке батасын берді.

акжайык корису 2024 (2)

Дастархан төрінен еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Бақтығали Қоспаев, Максим Үмбеталиев көрісудің тәрбиелік орны жайында толғады.

Көпке ортақ шарадан аудан көркемөнерпаздары да шет қалмады. №1 мектептің 2-сынып оқушылары жыл басы саналатын көрісу күні туралы өлең оқып, ән тарту етсе, мәдени-демалыс орталығының әншілері өнерімен көпшіліктің көңілін тіпті асқақтатты. Жайық ауылынан арнайы келген «Асыл әже» әжелер ансамблі де қарап қалмай, халық әндерінен шашу шашты.

акжайык корису 2024 (3)

Кітапхана қызметкерлері бұл күнге арнап, сахналық қойылым дайындап, қыз-жігіттердің бір-біріне ұйқыашар мен селт еткізер сый бергенін әдемі көрсете білді. Мейірман Шәкенов пен Әнуар Қайыржановтың достық әзілмен өрген айтысы да мерекенің сәнін асырып, көрерменін «әу» дегізіп, бір серпілтті.

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале