15.03.2024, 10:45
Оқылды: 171

Батыс Қазақстанда республикалық «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі өтті

«Атамекен» өнер ордасында республикалық «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі әнші-термешілер фестивалі ҚР халық әртісі, Батыс дәстүрлі ән мектебінің негізін қалаушы, әнші, термеші, Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына орайластырылды.

фестиваль 2024 (9)

Дәстүрлі өнерді насихаттау арқылы ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан рухани байлығы дәстүрлі ән мен күйді келешек ұрпаққа жеткізу, кеңінен тарату, өнер адамдарына шығармашылық тұрғыда тәжірибе алмасуға мүмкін беру және Ғарифолла Құрманғалиевтің өмірі мен шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен фестивалдің ашылыуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

фестиваль 2024 (4)

– Қазақстанның Батыс, Сыр бойы, Жетісу, Арқа, Маңғыстау, Қаратау-Сарысу өңірлеріне тән мақамдармен орындалатын ән, күй мен жыр мектептері бар екенін білеміз. Аталмыш фестивалі ұлттық өнеріміздің қанатын кеңге жайюына, жастардың ұлт өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Жыл басы саналатын Амал мерекесі күні байтақ қазақ даласына ән айтқан дүлділдердің басы қосылды. Бұл да қазақ елінің бірлігінің көрінісі. Мұхит Мералыұлын Батыс ән мектебінің әкесі десек, Ғарифолла Құрманғалиев сал Мұхит салған әндердің орындаушысы ғана емес, өзі де талай әнді тудырған әйгілі тұлға. Биылғы «Жайық сазы» өнер фестивалі Ғарифолла әншінің 115 жылдығына арналуы дәстүрлі өнер көшінің үзілмеуінің көрінісі. Асау Жайықтан шыққан әсем саз барша қазақты әуеніне бөлесін, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Нариман Төреғалиұлы осындай фекстивальдер ұлт өнерінің одан әрі дамуына оң әсерін тигізетінін де ерекше атап өтті.

Соңғы жылдары дәстүрлі ән мектептерінің өрісі кеңейіп келеді. Алты Алашқа ортақ тұлғаның мерейтойына арналған фестивалге өзге өңірге тән ән-жыр мектебінің маңдайалды өкілдері арнайы шақырылып, үндестік пен үйлесім салтанат құрды. Рухани шарада атағы алысқа кеткен ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, «Құрмет» орденінің иегері Сарсенғали Жүзбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Армат Исламғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, Өнер қайраткері Жәкен Омаров, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, Республикалық байқаулардың бас жүлде иегері Нұрым Асқанов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, жыршы Фархат Оразов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жарас Сатыбалдиев, Республикалық байқаулардың лауреаты Кеңесары Болғанбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев, Халықаралық, Республикалық байқаулардың бас жүлде иегері үлгілі «Қыз Жібек» ансамблі, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты Тұрлыхан Абуханов, Республикалық байқаулардың лауреаты Жасұлан Зинеденов сынды дәстүрлі ән-күй өнерінің жүйріктері қатысты.

фестиваль 2024 (10)

Өмірінің соңына дейін қазақ өнеріне қалтқысыз қызмет жасаған Ғарифолла рухына арналған фестивал көпшіліктің көңілінен шықты. Көрерменнің қошеметін, әнсүйер қауымның ыстық ықыласын сезген өнерпаздар да залды лық толтыра жиналған қалың қазақтың құлақ құрышын қандыра жырлады.

Фестиваль соңында әр қатысушыға облыс әкімі атынан алғыс білдіріп, сый-сыяпат көрсетілді.

Түгелбай Бисен,

Фото zhaikpress.kz ақпарат агенттігінікі

фестиваль 2024 (9) фестиваль 2024 (11) фестиваль 2024 (12)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале