18.03.2024, 17:45
Оқылды: 122

БҚО-да 100 әже, 100 келін жиналып кимешекті дәріптеді

Ұлттық киім – әр ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын дәстүрлі құндылық. Ол халқымыздың ажырамас бір бөлшегі. Президентіміз бекіткен «Наурызнама» онкүндігінің аясында 18 наурыз – Ұлттық киім кию күні деп аталған болатын. Осыған орай Бөрлі ауданында әр түрлі шара ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Кимешек style» шарасы. Осы дәстүрді елімізге, әлемге көрсету үшін Бөрлі аудандық мәдениет үйіне 100 әже, 100 келін жиналды. «Кимешек style» шарасының авторы Арна Доспулаева. Ол бұл дәстүрді 2020 жылы көрсеткісі келген екен. Алайда әлемде орын алған карантинге байланысты тоқтатуға тура келген. Бүгін бұл дәстүр «Ұлттық киім кию» күніне байланысты жарық көрді.

бурли жп кимешек (1)

- «Кимешек style» кимешек кигізу дәстүрі елімізде алғаш рет өткізіліп жатқан жоба. Бұл дәстүр ата-бабамыздан келе жатқан, біздің жаңадан жаңғыртып жүрген дәстүріміз. Кимешек кигізудің түп-тамырына келетін болсақ, келін ұрпақ сыйлағаннан кейін, енесі басына кимешек кигізіп, маңдайынан сүйіп, 1 айға төркініне жіберген екен. Негізінен бұл салттың астары, тарихы осы жерде жатыр. Бұл дәстүр ене мен келін арасындағы сыйластықты көрсетеді. Үйдегі ананың, әженің, келіннің көңілі жайлы болса, қазаны майлы болады. Сондықтан шырақтың жануы, татулық барлығы әйел адамға байланысты. Біз кимешек кию дәстүріне арнайы 100 кимешек тіктірдік. Төрт жылдан кейін сандыққа салып қойған 100 кимешегімізді шығарып, дайын тұрған бағдарламамызды осы күнмен ұштастырдық. Қазір бұл дәстүрді жүзеге асыру үшін ауылдық мәдениет үйлері жанындағы әжелеріміз келіндерімен бірге жиналып отыр. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында біздің аудандық, әрбір ауылдық мәдениет үйлерінде ақ жаулықты әжелер мен ибалы келіндер бар. Мүмкін салт-дәстүрді қатты сақтайтын әулеттерге бұл дәстүр таныс та шығар. Бірақ бір уақытта 100 әженің 100 келінге кимешек кигізуі алғаш рет орын алып олтыр. Ұлттық киімді біз үйдегі ана мен әже арқылы дәріптейміз, - дейді дәстүрмейкер, Бөрлі аудандық демалу орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Арна Едекешқызы.

бурли жп кимешек (2)

Кимешек – тұрмысқа шыққан әйелдің қасиетті бас киімі. Оны киюдің де өз орны мен жоралғысы бар. Кимешекті құрсақ көтеріп, сәбиін аман-есен бауырына басқан кезде жас анаға «саналы ұрпақ тәрбиеле» деген тілекпен, кестелеп тігілген кимешекті кигізген екен.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

бурли жп кимешек (4) бурли жп кимешек (5) бурли жп кимешек (6) бурли жп кимешек (8) бурли жп кимешек (9)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале