18.03.2024, 17:15
Оқылды: 89

Қошанкөлде тай жарысы өтті

Наурызнама онкүндігіндегі Ұлттық спорт күніне орай Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округі әкімшілігі мен аудандық «Айбын» спорт клубы тай, құнан жарысы, аударыспақ сынды ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. 

image-18-03-24-05-15-2

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған округ әкімі Ернар Аққалиұлы жұртты Наурыз меркесімен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шараның ашылу салтанатына қатысқан аудандық «Айбын» спорт клубының директоры Асхат Талғатұлы да мерекемен құттықтап, жарысты Қошанкөл ауылында өткізу ауылымыздағы ат спортының дамуымен байланысты екендігін атап өтті. Ауылдың ат спортының дамуына зор үлес қосқан, ауыл тұрғыны Ғайса Жұмағалиев жарысқа қатысушы балаларға ақ жол тілеп, батасын берді.

image-18-03-24-05-15-1

Даланы дүбірлеткен тай жарысында Нұрхат Омардың Мамайторысы бірінші болып мәре сызығын кессе, Армат Омардың Найман торысы ІІ орын, Арманбек Қамешовтың Ақ жал жирені ІІІ орынды иеленді. Ал құнан жарысында Жайлыбай Нұрғазының Елік жирені есе жібермей І орын иеленсе, Ердәулет Мәліктің Бала жирені ІІ орын, Ералы Тоғжанның Торқасы мәреге үшінші жетті.

Спортшының ептілігі мен күштілігін, төзімділігі мен батылдығын талап ететін аударыспақ ойынында 40 келіден төмен салмақ дәрежесінде Нұрхат Омар І орын, 40 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Жалғас Ихсан І орынды иеленді.

Айта кету керек, Ердәулет Мәлік бәйгеге қатысқан ең жас шабандоз. Ол қазіргі уақытта даярлық тобына барып жүр. Ал Айсана Меңдіғұлова ұл балалармен бірге ат құлағында бірге ойнап, «Аударыспақ» ойынын ойнап жүргені үшін ұйымдастырушылар тарапынан сыйлық берілді.

image-18-03-24-05-15

Ауыл тұрғыны Кенжебек Хамитов жиылған қауымға жылқыны қалу жығу керектігін әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Ауданнан келген қонақтар мен округ әкімі спорттық додаға қатысқан жеңімпаздарға ұйымдастыру алқасы дайындаған бағалы сыйлықтар мен медаль, дипломдарды табыс етті.

Ержан Сапаргалиев,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале