Елімізде аталып өтіп жатқан Наурызнама он күндігіне сәйкес, 19 наурыз – Жаңару күні.
Бұл күні Батыс Қазақстан облысында ағаш отырғызу акциясы өтті.
Аталған іс-шараға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, қала тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.
- Мемлекет басшысының бастамасымен биыл елімізде Наурыз мейрам Наурызнама атауымен жаңа форматта тойланып жатыр. Наурызнаманың әр күні ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған. Бүгін 19 наурыз – Жаңару күні қала тұрғындарымен бірге ағаш отырғызу акциясын өткізіп жатырмыз.
«Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» дейді дана халқымыз. Қаламыздың келбеті мен сәні – жайқалған көк желек. Бүгін Наурыз мейрамы қарсаңында 10-шы шағынауданға 74 түп шырша көшетін егеміз, - деді Нариман Төреғалиев.
Аталған шараға қала тұрғындары, жастар, қоғам белсенділері, аға буын өкілдері қатысты.
Былтыр Оралда төрт мыңға жуық көшет отырғызылған.
Биыл да бұл жұмыс жалғасып, Орал қаласын көріктендіру мақсатында үш мыңдай ағаш отырғызу көзделген.
БҚО әкімдігінің
баспасөз қызметі