20.03.2024, 9:30
Оқылды: 68

Үлкен Шаған мектебінде салт-дәстүр насихатталып жатыр

Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақша кешені ұжымы Наурыз тойын сән-салтанаты келіскен бірқатар шара легімен атап өтуде.

IMG-20240320-WA0014

Мектеп фойесіне киіз үй жасақталып, білім ұясының директоры Дария Ғиылманова бастаған ұлттық киімдегі өнерлі ұстаздар қауымы келушілерді ақ ұсынып, әуезді әнмен қарсылауда. Білекті жігіттер ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп, мықтылығын байқатты. Қол күресі, арқан тартыс пен асық асық атудан жарыс өтті.

IMG-20240320-WA0015

Білім ұясында өткен іс-шараларда Наурыз тойы мен «Наурызнамаға» сәйкес белгіленген әрбір күннің мән-маңызы айтылуда. Ақ дастархан басында жиналған көпшілікке ауыл ақсақалы Талғат Мерғалиев ақ батасын берді.

- Көшім - Бәйтерек ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Рухани, мәдени, спорттық бағыттарда ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму жағынан да алдыңғы қатарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қомақты қаржыны талап етпейтін төл ойындарды түлетуді атаған болатын. Осы орайда Үлкен Шаған мектебінде ұлттық ойын - тоғызқұмалақ қарыштап дамуда. Шәкірттеріміз облыста жүлделі орындардан көрініп, республикалық деңгейде айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Биыл аудан әкімдігі, аудандық мәслихат және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен аудандағы білім ұялары тоғызқұмалақ ойынына қажетті ағаш тақталармен қамтамасыз етілді, - деді бізбен әңгімесінде аудандық мәслихат депутаты Думан Шанов.

Шырайлы шараларға ауылдағы өзге ұлт өкілдері де белсене атсалысуда. Мектеп ұжымы «Наурызнамада» әр күнге атау беріліп, игі іске бағытталуын қуана қабылдап отыр. Сабаққа ұстаздар мен шәкірттер ұлттық киім киіп келіп, салт-дәстүр насихатталып, қолдау білдіруде.

IMG-20240320-WA0016

- Биыл ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру мақсатында білім ұясында бірқатар шаралар өтіп жатыр. Наурыз айы туғанда өздеріңізге мәлім жанымызға, жүрегімізге жылулық сыйлайтын айрықша мереке Алғыс айту күні келеді. Ол күні осы ауылда тұратын өзге ұлт өкілдері келіп, елімізге ауылымызға деген ізгі ниет, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Енді міне, ауыл болып Әз-Наурыз мерекесін тойлап жатырмыз. Мектебіміз аралас бағытта. Бізде 391 оқушы білім алады. Соның ішінде өзге ұлт өкілі – 151. 102 мұғаліміміз бен өзге де қызметкерлер бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, осындай аядай ауылда жерлестеріміз жиналып, салт-дәстүрімізді, төл құндылықтарымызды насихаттап, Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқан жәйіміз бар. Біздің де тілегіміз көптің тілегінің ішінде. Еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай. Ұлыс оң болсын! - деді Үлкен Шаған мектеп-бөбекжай-балабақша кешені директоры Дария Ғиылманова.

IMG-20240320-WA0017

«Баталы ұлға бақ дариды» демекші, Үлкен Шаған ауылдық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен амал, салт-дәстүр, қайырылымдылық, ұлттық киім күндерін атап өтті. Дастархан басында бас қосқан аға буын өкілдері мейрамның жалпақ қазаққа тиесілі екендігіне тарихтан мысал келтіріп, жастарға бұл күннің мән-маңызын әңгімеледі. Ал балдырғандар Наурыз-жырдан үзінді арнап, ән шырқап, көпшіліктің алғыс, батасын алды.

IMG-20240320-WA0018

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале