20.03.2024, 11:30
Оқылды: 92

БҚО ауылында Ұлттық спорт күні спорт кешені ашылды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылында спорт кешені ашылды. Былтыр маусым айында құрылысы басталған нысан 100 көрермен орынға шақталған.

IMG_3862

200 миллион теңгеден астам қаражатқа тұрғызылған ғимаратта көпбейінді спортзал, би залы, жуынатын орны бар. Мыңға жуық тұрғыны бар Мерей ауылы үшін мұндай нысанның тұрғызылуы үлкен қуаныш. Енді ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп, алаңсыз спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ осы кезге дейін ескі ғимаратты паналап келген ауыл мәдениет үйінің ұжымы жаңа ғимаратқа орналасты.

IMG_3861

Жалпы облысымызға қарасты 12 аудан болса, 10 аудан орталығы жаңа заман талабына сай келетін спорт кешенімен қамтылды. Көп ұзамай Казталов және Тасқала ауылдарында заманауи сауықтыру кешені бой көтереді. Сонымен қатар әр ауданның ірі ауылдық округіне спорт кешенін тұрғызу жоспары да біртіндеп орындалуда. Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында былтыр жаңа спорт нысаны бой көтерді. Бәйтерек ауданына қарасты Дариян, Теректі ауданына қарасты Үлкен Еңбек ауылдарына жаңа мәдени-сауықтыру кешінін тұрғызу жоспарланды. Мемлекет басшысының жолдауында айтылған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыруға біздің өңір өзіндік үлесін қосып келеді.

IMG_3860

Ауылға ерекше сән беріп, әз-Наурыз мейрамы алдында елді қуанышқа, жастарды шаттықта бөлеген мәдени-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты.

– Салауатты өмір салтын қалыптастырып, елдің спортқа бет бұруына ел үкіметі ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, ауылдағы ағайынның, өмірін ауылмен байланыстырған жастардың спортпен алаңсыз шұғылдануына жағдай жасауға қашан да ниеттіміз. Бүгін Мерей ауылының қуанышына куә болдық. Жыл басы әз-Наурыз қарсаңында осындай тамаша жағдай болып тұр. Жаңа мәдени-спорт кешені Мерейдің ғана емес, қазақ елінің мерейін асырар азаматта шығар орын болсын, - деді Бақытжан Нарымбетов.

IMG_3859

Одан соң аудан әкімі Талғат Шәкіров сөз алып, ауыл тұрғындары атынан кешенді тұрғызған мердігер компания басшысы Қайнар Тілекқалиұлына алғыс білдірді.

- Осыдан 5-6 жыл бұрын барлық ауылда осындай спорт ғимараты бой көтереді деген сөзге сену мүмкін емес еді. Бүгін кешеннің ашылуы сәтінің куәсі болдық. Бұл елге, ауылдағы ағайынға көрсетілген қамқорлық. Еліміз аман болсын, - деді ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақал Сабыр Жанаев.

Салтанатты ашылудан соң ұлттық спорт түрлерінен өтетін аудандық спартакиаданың алауы тұтанды.

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген Замир Габдрахманов

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале