Сырым ауданы Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінде «Алтын оймақ» үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмені Анар Калиуллина жүргізіп келеді. Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиев келгенде, Анар Рахатқызының қолынан шыққан туындылары назарына ұсынылды.
Анар Рахатқызы Қоңыр ауылында дүниеге келіп, А.Жұмағалиев атындағы мектепті бітірді. Жастайынан әжесі Ұрқия Мәмбетқызы қолөнерге баулыды. Анардың да ісмерлікке қызығушылығы мен құлшынысы артты. Әжесінің алтын қолынан шыққан әдемі дүниелерден әсер алды. Түрлі киім тігіп, көркемдігіне көз тоймайтын құрақ көрпелеріне қызықты. «Мен де өскенде өнерлі болсам» деп армандады. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Ұрқия әжей бала Анардың шалалау жасаған жұмысын: «Алтын оймақтай екен» деп мақтап, жігерлендіріп қоятын.
Кейін Анар Калиуллина технология пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. 2013 жылы Бұлан ауылына қоныс аударып, тігін өнерін осы ауылда жалғастырды.
Сырым аудандық «Балалар-жасөспірімдер шығармашылығы орталығы» МКҚК-ның жанынан Бұлан мектебінде қосымша білім беру педагогі, қолөнер үйірме жетекшісі болып еңбек етуде. Алғаш үйірменің атауын қоюды ойлаған кезде, әжесінің сөзі ойға оралып, «Алтын оймақ» деп атады. Бүгінде Анар Рахатқызы 36 оқушыны тігін өнеріне баулуда.
– Ұлттық киімдерімізді дәріптеу, жаңғырту мақсатында шәкірттеріме пішу, тігу технологиясын үйретудемін. Қолымыздан шыққан бұйым бір тектес болмасын деп, даму үшін үнемі ізденіс үстінде жүремін. Жаңашылдықты жаным сүйеді. Өзіндік брендті қалыптастыру да – армандарымның бірі. Облыс әкімімен кездескенде, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен несие алуға ұсыныс жасады. Ер азаматым 2,5 пайызбен мал сатып алып, бағуда. Өзім тігін машиналарымды да несиеге алған болатынмын. Сондықтан несие алудан бас тарттым. Мен жұмысымды өркендету үшін қайтарымсыз грант алғым келеді. Тігін жұмысын ілгерілету үшін әлі де көп құрал-жабдық, балаларға арналған манекен, фурнитура керек. Өзімнің тігін шеберханам болғанын қалаймын,- дейді Анар ханым.
Анар Рахатқызына басқа аудан, облыстардан онлайн тапсырыстар түсіп, қалауларынша кәжекей, тақия, шапан, қазіргі сәндегі корсет тігіп, беріп жібереді.
А.Калиуллинаның шәкірттері қолөнер байқауларына қатысып, бақ сынап жүр. Жақында республикалық «Алтын қазына» байқауының аудандық кезеңінен Қарақат Рафих 1 орын иеленді. Енді облыстың кезеңнің қорытындысын күтуде. «Алтын оймақ» тәрбиеленушілері өздеріне үйірмеде жилет тігіп, үйреніп, Наурызнаманың «Ұлттық киім күні» киді. Анар Рахатқызы әріптес ұстаздарға Наурызға бірдей етіп, кәжекей тігіп берді.
Айтпақшы, тігін үйірмесіне ұл балалар да қатысады. Ұлдар өздеріне тақия тігіп, киіп жүр. «Алтын оймақта» 3-сынып оқушысы да өзіне ұлттық киім тігіп, кие алады. Алғашында қағаздар, қалдық материалдардан тігіп үйреніп, қол жаттықтырды. Қазір әрбір шәкірті – он саусағынан өнер тамған шебер.
- Балалар мектеп бітірген соң, басқа мамандықты таңдаса да, өнер жұтамайды, іс тігу күнделікті тұрмыста қажетті нәрсе болғандықтан, кәдесіне асады, - дейді балғын тігіншілердің ұстазы.
Біздің киіп жүрген кеудеше, шапандардың барлығы – Қырғызстандыкі. Айыр қалпақты ағайындар біздің нарықты жаулап алды. «Myrza Brands», «Tarbiya ulttuq kiim» сән үйі, «Elzhan Qazaq Brand» дүкенінің ұлттық киім брендтері болғанмен, олардың бағасы қарапайым халықтың қалтасын қағады, қолжетімсіз. Бір киімі 25 мың теңге тұрады. Ал Бішкектен келетін кеудеше, шапан, кәжекейді халықтың 5-8 мың теңге аралығында сатып алып, киіп жүр. Бір өкінішітісі, олардың бәріндегі оюы да қазақтың емес, қырғыздың өрнегі. Қырғызстанның қолжетімді бағадағы киімін киеміз деп, бір күні киіз айыр қалпақ жүрмесімізге кім кепіл? Сондықтан өзіміздің ауданда өндірілетін өнімді, ұлттық киімді қолдап, көтермелеп, дамытайық.
Шынар Молданияова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz