Міне, елімізге көптен күткен Наурыз айы да жетті. Наурыз мейрамы негізінен, сонау ежелден-ақ ата-бабамыз бізге мирас еткен, дәстүрлі мереке деп саналған. Қыстан шығып, бір-бірімен қауқылдасып көрісіп, бастарын қосатын ерекше күнді, Наурыз той деп атаған екен.
Аталған мереке біздің аудан орталығында 1998 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Жыл сайын мерекеге барлығымыз бірлесе ат салысып, көп болып өткізіп келеміз. Мерекелік шарада бірі ұйымдастырушы болса, енді біреулері қатысушы болып, әрбір шыңғырлаулық қал-қадірлерінше өз үлестерін тигізіп отырады. Мереке кезінде сахналық көріністер, ұлттық дәстүрлі насихаттайтын әдет-ғұрып кеңінен көрсетіледі. Әрине концерттік бағдарламалар мен спорттық шараларда осы күннің алғы шарттары болып келеді. Әйтсе де шара өткізуде мерекенің сәні мен мәні боларлықтай қатысушыларды да атап өткенді жөн көрдік. Солардың бірі-шыңғырлаулық әнші әжелер тобы десек артық айтқандық емес.
Әсіресе Наурыздың сәнін келтіретін, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауда және оны жас ұрпақ бойларына сіңіруде әжелеріміздің еңбектері ұшан-теңіз. Себебі көпшіліктің көзайымына айналған, ел алдына шығып, үнемі қазақи киіммен, ән-жырымен ортаны толтырып жүрген өнерлі де ұлағатты әжелеріміз барлық мерекенің сәні мен мәні болуда. Бұл халықтық «Елім-ай» әжелер тобы.
Баршаңызға таныс, мейрамдарда жұртты сүйсіндіріп, халықтық әндерді нақышына келтіріп орындап, ұмыт болып бара жатқан ұлтымыздың бірнеше салт-ғұрыпын жаңғыртып отырған әжелер аудан ғана емес облыс, республикаға танымал. Олар бірнеше дүркін республикалық жарыста жүлделі орындарды иеленіп, ауданның мерейін көтеріп жүр. Қазірдің өзінде сахна төрінің сәнін келтіріп жүрген «Елім-ай» әжелер тобы 1999 жылы құрылды. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі Күләш Әбдиева болды. Күләш Хайырқызы тумысынан қазақи ортада өсіп, ұлттық дәстүрдің мәйегімен қоректенген жан болатын. Өзінің білімін, білгенін осы топтың ілгерілеуіне салды. Күләш Хайырқызы аудан орталығында ең алғашқы рет салт-дәстүрлерді насихаттап халық арасына таратуда бірінші қарлығаштай іспетті еңбек сіңірді. Кейіннен бұл топты Жаңылсын Тұяқова басқарды. Жаңыл апа да бар білімін, өнерін осы топқа арнады. Қазіргі таңда халықтық «Елім-ай» әжелер ансамбіліне ардагер ана Талшын Тажкенова жеткешілік етіп келеді. Әжелер арасында сыйлы, ұйымдастыру қабілеті жоғары, жұмысына тиянақты жан. Әженің ақылы-теңіз, өнері-кеніш дегендей, аудан орталығындағы тәрбие, отбасы, өнер тақырыбындағы шараларға белсенді ат салысып, бар білгенін жастарға үйретуде.
Отан отбасынан басталады десек, ұрпақты бала кезінен отан сүйгіштікке, отбасы құндылықтарын сақтауға үйретуде отбасылардың үлгі алар орны ерекше. Еліміздің ертеңі, болашағы балаларымыз үшін әжелер таптырмас байлық, құнды жауһар. Жамандық атаулыдан қорғайтын, бейне бір ақылдың кеніші саналатын әжелердің қашан да ұрпақ тәрбиесінде ойып алардай орыны бар десек артық айтқандық емес. Халықтық «Елім-ай» әжелер ансамблінің әжелері әр уақытта өскелең ұрпаққа тәрбие беріп ауданның тірлігіне етене араласуда. Әжелер тобының құрамы аудандағы «Алтын», «Күміс» алқалы аналар мен зейнеткер әжелерден құралған.
Өнер тобының репертуарындағы әндердің дені Қазақстан композиторларының шығармалары және халық әндері. Халықтық «Елім-ай» әжелер тобы аудан өтетін барлық мәдени іс-шараларға жауапкершілікпен, үнемі ұйымшылдықпен қатысып келеді. Топ құрамындағы Ырысты Нұрсейітова, Жаңылсын Тұяқова, Алтын Жарманова, Айша Утенова, Гүлсара Бекениязова, Күнсұлу Қаспақова, Қойсын Мұханбетші, Қалампыр Жұбаниязова, Гүлжамал Жұмағазиева, Тұрсын Қарабалиева, Қалима Еслямова сынды әжелердің мақсаттары бір - отбасының амандығын тілеп, қолдан келгенше ұлттық салт-дәстүрді, мәдениетімізді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.
- Әжелер тобының құрылуының өзіндік бір тарихы менің де есімде. Осыдан көп жыл бұрын осындай топ құру қажеттігін айтып та, көмектесіп те жүретінмін. Әріптестеріме әлі талай биіктерден көріне беруіне тілектеспін және олар үшін қуанамын, - дейді мәдениет саласының үздігі Надежда Алиева.
Айсұлу Мұса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz